Бас тақырып

«Суға кеткен тал қармайды»

Елімізде суға кетіп, қайтыс болу дерегі жиілеп тұр. Облыстың төтенше жағдайлар департаменті жыл сайын мамыр туғалы тұрғындармен ауқымды профилактикалық жұмыстарды жүргізудей-ақ жүргізгенімен, нәтижесі болмай тұр. Мәселен, өткен жылы облыстың су қоймаларында 16 адам суға кетсе, оның алтауы – бала. Биылғы жағдай да жаға ұстатарлық. Шомылу маусымы енді басталса да, айналдырған он шақты күннің ішінде облыста үш төтенше жағдай тіркелді. Күні кеше ғана өткен Үкімет отырысында да бұл мәселе назардан тыс қалған жоқ. Премьер-Министр Әлихан Смайылов жаз мезгілінде су қоймаларындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселесін қарап, суға түсу маусымына дайындық деңгейін сынға алған болатын.

Облыста дайындық сақадай сай

«Қазгидрометтің» болжауынша, биылғы жаз жылдағыдан ыстық болады. Құзырлы мекеме аптап ыстық әсіресе еліміздің батысы мен шығысында және оңтүстігінде көпке дейін сақталады деп болжам айтқанымен, Қарағанды облысында да ауа температурасы алдағы жылмен салыстырғанда едәуір жоғары. Сәйкесінше, ыстықтан қорғанып, суға барып демалушылардың саны да артты.

– Жаз енді басталды, ал еліміздің су айдындарында қаза тапқандардың саны ұлғайып барады. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жаздың бірінші күні ғана 4 адам суға кетіп, қайтыс болды. Қайғылы жағдайлардың барлығы шомылуға рұқсат етілмеген жерлерде болған. Бұл – шынымен де алаңдатарлық жағдай, – деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Бүгінде облыстық төтенше жағдайлар департаменті шомылу маусымына дайындық жұмыстарын бастап та кеткен. Өңірде шомылуға қажетті арнайы орындар жабдықталып, қауіпсіздік шараларын сақтауға қатысты профилактикалық жұмыстар жүргізілуде.

Бірақ, соған қарамастан, суға кетіп қайтыс болғандар саны азаяр емес. Үкімет басшысы республикада жыл сайын 300-ге жуық адам суға кетіп, қайтыс болатынын, олардың 100-ге жуығы балалар екенін айтып, қабылданып жатқан шаралардың жеткіліксіз екенін айтты.

Жалпы, Қарағанды облысында барлығы 76 ресми демалыс орны бар. Одан бөлек, шомылуға тыйым салынған 240 орын анықталған. Олардың дені – Осакаров, Абай және Шет аудандарында. Бұлар ірі өзендер мен су қоймаларының жағалаулары.

Тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін шомылу маусымында облыстың су қоймаларында төтенше жағдайлар департаменті 96 адам, 20 техника мен 25 жүзу құралынан құралған 10 мобильдік топ құрған. Одан бөлек, департаменттің жедел-құтқару жасағының базасында халықпен профилактикалық жұмыс жүргізу үшін 19 ерікті құтқарушыны оқудан өткізген.

– Судағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін Федоров, Самарқанд, Шерубай-Нұра су қоймаларының жағалауларында, сондай-ақ Балқаш көлінде 5 құтқару бөлімшесі дайын, – дейді облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.

 

Жауапсыздықтың салдарынан өлім құшты

Бірақ, сақадай сай дайындыққа қарамастан, маусым енді басталса да күн сайын суға кеткендер жайлы ақпарат та толастар емес. Сабақ аяқталып, соңғы қоңыраудың соғылғаны сол еді, үш күн өтпей Нұра ауданының Нұра өзенінде, Егінді ауылынан 3 шақырым жерде он бес жасар жасөспірім суға кетіп, қайтыс болды.

Соңғы он күнде орын алған мәліметтер бойынша екінші жағдай да дәл осы Нұра өзенінде болды. Күннің ыстығында өзеннің салқын суына түсіп, демаламыз деп барғандар 1997 жылы туған достарының мүрдесін алып қайтты. Аталған жағдай облыс орталығынан 30 шақырым жерде, «Қызылорда-Павлодар» автожол көпірінің астында орын алды.

Ал, үшінші қайғылы жағдай Федоров су қоймасында болды. Суға батқан жігітпен келген достары жедел түрде құтқарушыларға хабар бергенімен, сүңгуірлер суға батқан адамның денесін жағадан 8 метр қашықтықта 3 метр тереңдіктен тапқан.

Төтенше жағдайлар департаменті мамандары аталған үш жағдайдың барлығы суға түсуге тыйым салынған орындарда болғанын айтып отыр. Демек, суға кеткен адамды құтқаруға еш мүмкіндік жоқ. Қасындағылар құтқарушыларға уақытылы хабар бергенімен де, олар келіп үлгергенше кеш болып кететіні айдан анық.

– Жыл сайын су айдындарындағы оқиғаларға жүргізілген талдау адам өлімінің негізгі себептері тыйым салынған жерлерде шомылғаннан болып отыр. Одан бөлек, өз күштерін жете бағаламау, балаларды су айдындарының жанында қараусыз қалдыру, жүзе алмау және жүзу дағдыларының жеткіліксіздігі, балық аулау кезінде қауіпсіздік ережелерін сақтамау, мас күйінде шомылу да қайғылы оқиғаларға алып келуде, – дейді Марат Қатпанов.

Демек, суға батқандардың дені шомылуға жабдықталмаған жерлерде, табиғи жағажайларда, жасанды су қоймаларында суға түскеннен қыршынынан қиылып кете барған. Ал, ішімдік ішіп, суға түсудің өзі өзін-өзі өлімге айдағанмен бірдей.

Бала ата-анаға сенеді

Облыстың төтенше жағдайлар департаменті алдымен балалардың қауіпсіздігін ерекше назарға алатынын айтады. Мәселен, қызметкерлер облыс бойынша 90 мыңнан астам оқушыны қамтыған жиын өткізіп, суда жүзу ережелерін түсіндірген. Одан бөлек, WhatsApp-чаттары арқылы 171 000 оқушының ата-анасына су айдындарындағы қауіпсіздік ережелері мен балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмау туралы алпыстан астам хабарлама жіберген. Ал, балаларды барынша қамту үшін 6000-ға жуық оқушыны қамтитын онлайн форматта 66 интерактивті сабақ өткізген.

– Біз балалардың қауіпсіздігіне ерекше назар аударамыз. Себебі, демалыс кезінде балалар негізінен ересектердің қарауынсыз қалады. Белсенді профилактикалық жұмыс білім беру нысандарында да жүргізілді, – дейді облыстың төтенше жағдайлар департаментінің басшысы Мұрат Қатпанов.

Әлбетте, баланың аты – бала. Ол алдымен ата-анасына сенеді. Бірақ, сөйткен баланың сенімін ақтар деген үлкендердің өздері де су айдындарында шомылу ережелерін сақтамағандықтан, қайғылы жағдайларға ұрынады.

Мұрат Қасенұлы төтенше жағдайлар департаментінің бөлімшелері мамырдан облыстың су қоймаларында ішкі істер органдарымен бірлескен 100-ге жуық рейд, 250-ден астам патрульдік шаралар өткізгендерін айтады. Қала берді, интернет-ресурстар мен әлеуметтік желілерде суға түсуге және демалуға тыйым салынған қауіпті орындардың тізімін де жариялаған. Соған қарамастан, биылғы орын алған жағдайдың үшеуі де шомылуға сай жабдықталмаған жерде болып отыр.

– Шомылу маусымы қайғылы жағдайсыз өтуі үшін облыс тұрғындарын, қонақтарды, балалар лагерьлерінің, демалыс аймақтарының қызметкерлерін, су қоймалары бар басшыларды шомылу маусымына ерекше назар аударуға шақырамын. Балалардың ересектер қарауынсыз шомылуына жол бермеңіздер, – деп ескертеді Мұрат Қатпанов.

 

Түйін

Қазақ кез келген дүниені жазмышқа балайды. Тағдыры солай деп, қандай жағдай болмасын өз-өзін жұбатуға тырысады. Бірақ, «Сақтансаң – сақтаймын» деген тағы бар. Жүргізілген зерттеулер суға кеткендердің дені шомылуға тыйым салынған су айдындарында суға түскенін, ішімдік ішкеннен кейін болғанын көрсетуде. Ал, балаларды тіпті, көзден таса етпеген абзал. Тумақ бар да, өлмек бар. Дегенмен, әркім өмірі үшін өзі жауапты болғанда ғана өкінішті өртейтін қайғылы оқиғалардың алдын алуға болатын шығар. Алдымен өзімізге, содан кейін балаларымызға жауапты болайық… Төтенше жағдайлар департаментінің айтатыны да – осы.

Салтанат ІЛИЯШ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button