Бас тақырып

Баланы қолдау арқылы болашақты қорғаймыз

Әр бала дүние есігін ашқан сәттен бастап, оның өз құқығы заңмен қорғалады. Айталық, баланың өмір сүруге, қорғалуға құқығы, денсаулығын сақтауға, баспанаға, білім алуға құқығы, жеке даралыққа және оны сақтауға, мемлекеттік көмек алуға құқығы бар. Қазақстанда 1994 жылы 8 маусымда ратификацияланған Бала құқықтары туралы Конвенцияның 4-бабында: «Мемлекет баланың Конвенцияда көрсетілген барлық құқықтарын жүзеге асыру үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға тиіс» деп жазылған. Бала құқығын қорғау мәселесі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың айрықша назарында. Президент «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауында бала құқығын қорғау мәселесіне тоқталып, тиісті органға тапсырма берген болатын. Біз саладағы өзгерістерге шолу жасауды жөн көрдік.

Балаларды қолдау орталықтары қайта өзгереді

«Мен Мемлекет басшысы ретінде кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етемін. …Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажет. Бірыңғай сенім телефонын ұйымдастырған жөн. Зорлық-зомбылыққа және қысымға, яғни буллингке тап болғандарға көмек көрсетуге арналған бағдарлама әзірлеу керек», – деді Президент биылғы Жолдауында.

Мемлекет басшысының 2022 жылдың жазында өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмасы аясында Оқу-ағарту министрлігі балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын әзірледі. Балаларға қатысты зорлық-зомбылық пен суицидтің алдын алу үшін құжатта 53 шара қарастырылған. Кешенді жоспар шеңберінде өткізілетін негізгі іс-шаралары да айқындалды. Оның қатарында балалардың құқықтарын қорғау мәселелері бойынша тәуекелдердің интерактивті картасын жасау, осы ақпарат негізінде балаларға шұғыл көмек көрсету үшін нүктелік бағдарлама әзірлеу; халықаралық тәжірибеге негізделген бірыңғай буллингке қарсы бағдарламаны енгізу; мектепішілік есеп жүргізу шеңберінде кейс-менеджмент технологиясын енгізу және мектептерде балаларға арналған жеке қауіпсіздік сабақтарын енгізу. Сондай-ақ, кешенді жоспар аясында мектеп педагог-психологтарының жұмысын қайта форматтау жоспарда.

Кейінгі кездері өңірде де бала құқығын қорғау жүйесінде өзгерістер орын алды. Мәселен, балалар үйі балаларды қолдау орталықтары болып қайта құрылып, қамқорлықсыз қалған балалардың санын кемітуге сеп болды.

– Қазіргі уақытта Оқу-ағарту министрлігі комиссиялардың қызметін күшейтуді трансформациялау жұмысын жалғастыруда. Барлық өзекті ақпараттар, жалпы стандартты хаттамалар бір базаға жинақталатын Ұлттық білім беру деректер қоры негізінде бірыңғай портал құрылады. Сонымен қатар, отбасын әлеуметтік есепке алу тетігін енгізе отырып, комиссияның жұмысына өзгеріс енгізу жоспарлануда. Бұл мақсатты көмек бере отырып, әл-ауқаты төмен отбасылардың санын азайтуға көмектеседі және жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың арнайы мекемеде тәрбиеленуіне жол бермейді. Әлеуметтік жетімдіктің алдын алу үшін министрлік арнайы әлеуметтік қызметтерге мұқтаж балаларды асырап алушыларға қатысты қазір білім беру ұйымдарының номенклатурасы бойынша бұйрыққа өзгерістер енгізуде, – деді облыстың білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова.

Білім басқармасы басшысының айтуынша, «Балаларды қолдау орталықтары» атауы «Арнайы қызметтерге мұқтаж балаларды қолдау орталығы» болып өзгертіледі. Бұл орталықтар қайта форматталып, әлеуметтік жетімдіктің алдын алуға, балаларды отбасына орналастыруға, оның ішінде патронаттық тәрбиені ұйымдастыруға ден қояды. Орталықтарды трансформациялау жанұяға кешенді көмек көрсетуге және балаларды мекемелерде ұстаудан, күтіп-бағудан бас тартуды көздейді. Өйткені, әр бала отбасында өсуі керек.

Қарағанды облысы Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыруды қолға алды. Бұл – барлық баланың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған жоба.

– Кәсіби патронаттық отбасы институтын енгізу балаларды қолдау орталығында тұратын балалар санының азаюына, оның өмір сүру сапасын жақсартуға, панасыз қалған және арнайы қызметтерге мұқтаж балаларды әлеуметтендіруге ықпал етеді. Балаларды күтіп-бағуға ай сайын материалдық қолдау және жәрдемақы беріледі. Біздің өңірде де бұл үшін жергілікті бюджеттен қаржы бөлінген. Биыл Оқу-ағарту министрлігі әзірлеген балаларды зорлық-зомбылықтан, суицидтен қорғау және олардың құқықтары мен әл-ауқатын қамтамасыз етудің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарын іске асыруды бастаймыз. Бұл – негізгі бастамалардың бірі. Бұл жоба қолайсыз отбасылардан шыққан балаларды әлеуметтік қызметтермен қолдауға бағытталған, – деді басқарма басшысы Гүлсім Шабданқызы.

Қиын жағдайда қалған балаларға көмек көрсету мәселесі – басты назарда. Былтыр облыс аумағында «Қамқор» рейді жүргізілген. Нәтижесінде 35 отбасы анықталып, онда тәрбиеленіп жатқан 71 балаға көмек көрсетіліпті. Полиция департаментімен бірлесіп, учаскелік инспекторлар бекітілген. Бұл мәселе үнемі әкімдіктің және кәмелетке толмағандар істері жөніндегі комиссияның бақылауында болмақ.

Құқығы бұзылған балалардан 292 шағым түскен

Былтыр еліміздің барлық өңірін де Бала құқығын қорғау жөніндегі уәкіл лауазымы енгізілген еді. Қарағанды облысында бұл лауазымға көпжылдық еңбек өтілі бар Ирина Киселева бекітілді. Бала құқықтары жөніндегі уәкіл көмегіне ата-аналар да, балалар да жүгінеді. Бүгінде уәкілге 292 шағым түскен.

– Буллинг бойынша шағымдар да түседі. Барлық сұрақ заң аясында шешіліп, консультативтік көмек көрсетілді. Балаларға зорлық-зомбылық жасау фактісі бойынша 12 өтініш түсті. Бірақ оның көбісі расталған жоқ. Түрлі фактімен шағым түседі. Әдетте, көпшілігі полиция органдарына жүгінеді, білім бөлімдері, мектеп әкімшілігімен шешеді, – дейді Ирина Болеславовна.

Бала қауіпсіздігін сақтау мемлекет үшін қашанда маңызды.

– Балаларға жасалған неше түрлі зорлық-зомбылық, қатыгездік туралы естиміз. Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында осы мәселеге қатысты арнайы бағдарлама дайындалу керегін айтты. Біз осы бағытта жұмысымызды жалғастырамыз. Біздің міндетіміз – еліміздің әрбір азаматы үшін нөлдік төзімділікті қалыптастыруға ықпал ету, – деді уәкіл.

Жоғарыда аталған кешенді жоспарда халықаралық тәжірибеге негізделген бірыңғай буллингке қарсы бағдарлама енгізілетіндігі туралы айтылды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев сұхбаттарында бұл бағыттағы жұмыс фин елінің тәжірибесіне негізделіп жасалатынын тілге тиек етті. Бала қорғау жөніндегі жергілікті уәкіл Финляндия сала бойынша әлемдік рейтингте алдыңғы орында екенін, озық тәжірибесін Қазақстанға енгізудің қандай артықшылығы бар екенін айтты.

– Финляндия – біз секілді БҰҰның Бала құқықтары жөніндегі Конвенциясын ратификациялаған ел. Балалардың құқықтарын қорғау туралы заңдары бар. Бұл мемлекетте білім сапасы жоғары, инклюзивті білім беруге ден қойылған, балалар өлімі аз. Әлемдік рейтингте алдыңғы орында. Беларусь мемлекетінің балалардың құқығын қорғау жүйесі де заңмен мықтап бекітілген. Тіпті, мектепте де құқық бұзуға жол берілмейді. Олар да фин елінің тәжірибесіне жүгінген. Балалардың құқығын қорғауда халықаралық тәжірибеге сүйенген де дұрыс, дегенмен, менің ойымша, әр мемлекеттің өз жолы бар. Себебі, оның өз аумағы, өзіне тән менталитеті бар. Қазақстанда балалар үйі азайып, отбасын қолдау орталықтары, дағдарыс орталықтары дамуда. Халықаралық тәжірибеде балаларды интернат түріндегі кез келген мекемеде қалдырмау мәселесі бізде бұрыннан келе жатыр. Қазақстанның балаға қатысты барлық заңында оның қорғалуын ата-анасы қамтамасыз етуі керек. Тәрбиесіне де ата-анасы жауапты. Ал отбасының құқығына араласуға ешкімнің қақысы жоқ. Әл-ауқатының төмен болуы, баладан бас тарту, балалар қылмысы, агрессия, т.б. болып жатқан жағдайлар саладағы жаңа бастамаларды жасауға, заңға өзгеріс енгізуге әкеледі, – дейді уәкіл.

«Балаларға қолдау көрсетуде кәсібилік жетіспей жататын шығар. Бірақ біздің Қарағанды облысының психологтары нағыз кәсіби мамандар. Оған білім басқармасының Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу зертханасын атауға болады», – дейді Ирина Киселева.

Психологиялық қолдау қызметінің үлесі

Педагог-психологтар баланың эмоционалды жағдайын қолдауда ерекше рөл атқарады. Қазіргі балалардың қажеттіліктерін қанағаттандыру және оларға уақытылы, әрі жан-жақты көмек көрсету үшін психологиялық қызметтерді бейімдеу, күшейту қажет. Білім беру мекемелеріндегі психологиялық қолдау қызметін институционалды түрде күшейту қажеттігін Мемлекет басшысы кешегі Жолдауында да айтқан еді. Қарағанды облысының Әлеуметтік-психологиялық сүйемелдеу зертханасының басшысы Татьяна Любчанская жоғарыда аталған кешенді жоспар аясында қиын жағдайға тап болған балаларға сапалы әрі тиімді көмек көрсету үшін әлеуметтік педагогтер мен психологтар штатын кеңейтуді құп көретінін айтады.

– Қиын жағдайға тап болған балаларды өмірге бейімдеу маңызды. Осы тұста әлеуметтік педагогтер мен психологтардың елеулі еңбегі көрінеді. Олардың үлесін арттыру – уақытылы көмек көрсету үшін әлеуметтенуді қабылдауды жүзеге асыру үшін қажет. Әрине, мұндай іс-шараларды өткізу үшін уақыт керек. Сондықтан оқу үдерісіне сағаттарды енгізу дұрыс мәселе. Біліктілігін арттыру да маңызды. Бұл өз кезегінде қиын жағдайға тап болған балаларға сапалы әрі тиімді көмек беруге сеп болады, – дейді ол.

Зертхана басшысының айтуынша, өңірлік орталықтар білім беру ұйымдарында жұмыс істейтін психологтар мәселесін шешуге көмектеседі. Мектеп ішінде туындаған проблемалар психологтардың көмегімен шешіледі.

– Біздің міндетіміз – суицид пен буллингке ұшыраған балаларды анықтау ғана емес, тәрбие процесімен де айналысу, профилактикалық алдын алу және балалардағы соңғы көріністі қайта қайталамауға сеп болу, – деді Татьяна Любчанская.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button