Бас тақырып

Балалардың жазғы лагерлеріндегі жағдайға ата-аналардың шағымы бар

Жадырап жаз келгенде оқушылар үшін ең қызығы – лагерьдегі көңілді демалыс. Сауықтыру лагерьлері балалар үшін жақсы көңіл-күй сыйлауды, жазғы демалысын тиімді өткізуді мақсат етсе, енді бірі балалардың көңілінен шықпай, алып-ұшып келген көңілін су сепкендей басты. Әр жердегі лагерьлерде түрлі мәселелер шыға бастады. Мәселен, Алматыдағы сауна ғимаратына орналастырылған лагерьді естіген жұрт жағасын ұстады. Мұндай сұмдық жайтқа жол беретіндер бала көңілін неге ескермейді? Әрине, оның соңында сыбайлас жемқорлық қылтиып тұр. Демалыстың лайықты да мазмұнды ұйымдастырылмағанына қоғам да наразылығын білдіріп жатыр. Ал, біздің өңірдегі лагерьлердің жай-күйі қалай?

Балалар мен жасөспірімдердің жазғы демалысын тиімді ұйымдастыру және өткізу – қай кезде де маңызды мәселенің бірі. Қарағанды облысында жазғы лагерьлер өз жұмысын 5 маусымда бастады. Биыл облыста 10 қала сыртындағы лагерь санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің қорытындысымен жұмысын бастап, балалар демалысын қамтамасыз етуде. Онда 7 мыңнан аса бала демалады деп жоспарланған.

Өңірдегі 1 және 10 сынып аралығындағы оқушылар алты мемлекеттік ұйымда демалып жатыр. Оның қатарында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды қолдау орталығының «Есіл» демалыс аймағы, «Таңшолпан» балалар үйінің «Жас дәурен» балалар сауықтыру лагері, Қарағанды қаласының № 2 өнер мектебінің «Салют» лагері және Ақтоғай ауданында орналасқан «Алау» лагері бар.

Сондай-ақ, Балқаш қаласындағы «Бригантина» және «Жас Қанат» балалар сауықтыру орталықтары жұмыс істейді. Одан бөлек, төрт жекеменшік лагерь бар. Олар «Орленок» балалар сауықтыру орталығы, «Жас Алаш», «Романтик» және «Алау» лагерьлері.

Білім басқармасының мәлі­ме­тіне сәйкес бүгінде 289 сауықтыру лагерінде 30 мыңға жуық бала демалуда. Бейіндік бағыттағы 293 лагерь 90 мыңнан аса баланың жазғы демалысын қамтамасыз етуде. Жалпы, өңірдегі 150 мың­нан аса оқушы лагерьлерде демалыста.

Көпке топырақ шашудан аулақпыз, әрине. Дегенмен, бір байқайтынымыз, ата-аналар әредік лагерьлердегі жағдайға шағымданып жатады.

Мәселен, шілде айының басында Бұқар жырау ауданының Новоузенка ауылында орналасқан «Березняки» демалыс орнында шу шыққан. Бұл балалар да, ересектер де сауықтырудан өтетін шипажай, әрі тынығу орны. Ата-аналары балаларының суық бөлмеде ұйықтап, аз мөлшерде тамақтанғанына наразы болып, балаларын түн ішінде лагерьден алып кеткен. Балалар тәрбиешілердің де дұрыс көңіл бөлмейтінін, ешқандай жағдай жасалмағанын айтып шағымданған. Аталған мекемеде спорт алаңы, бассейн болғанымен, балалар ата-­аналарына «оның бірде-біреуін көрмедік» депті. Сонымен қатар, тәрбиешілер балалардың телефонын алып қойып, ата-анасымен сөйлестірмей қойыпты.

Бұл лагерьге айдың басында 100-ге жуық оқушы мемлекеттік бюджеттен бөлінген қаржы есе­бінен демалуға жіберілген. Олар­дың ішінде көпбалалы, аз қам­тылған отбасылардың балалары да бар. Бұқар жырау аудандық бі­лім бөлімінің басшысы Қаламқас Оспанова осы мәселеден соң, жағдайды өз көзімен көріп, барлығы дұрыс екенін айтты. Бұл шу балалардың тәртіпке бағына алмағанынан шыққан болуы керек деп түсіндірген.

Лагерьде астан ұшынған балалар да болыпты. Балалар лагерьге қабылдау алдында медициналық тексеруден өткізілген. Сол кезден-ақ ауырған балалар анықталып, изоляторға жатқызылып, емделген көрінеді.

Аудандық білім бөлімінің хабарлауынша, бір балаға 90 мың теңгеден бөлінсе, аталған мекеме әр балаға 79 мың теңге жұмсаймыз деп мемлекеттік сатып алу конкурсында әлеуетті жеткізуші болып танылған. Енді кетіп қалған балалар үшін 10 күнге бөлінген ақшаны аталған мекеме мемлекет бюджетіне қайтарып береді екен.

Білім басқармасының мамандары: «Мемлекеттік сатып алу болғанымен, мекеме жекеменшік болып саналады. Сондықтан, бұл шипажай біздің қарауымызда емес», – деді.

Жазғы маусымда өңір оқушылары рес­публика деңгейіндегі ла­герьлерде жазғы демалысын тиімді өткізуде. Әсіресе, аз қам­тылған, көп балалы отбасылардан шыққан, қамқоршылық күтімдегі, ата-анасы жоқ балалар қамтылды.

«Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қаржыландыруымен облыста 400 бала Астанадағы Назарбаев университеті жанындағы «Айналайын» лагерінде, 100 бала «Салют» балаларды сауықтыру лагерінде демалады деп жоспарланған.

 

Балалардың жазғы қауіпсіздігі мәселесіне келгенде ескеретін дүниелер көп. Мәселен, республикалық лагерьлерге балалар жіберілгенде әрбір жергілікті полицияның алып жүруімен жеткізілетінін айтты білім басқармасының бас маманы Ақерке Рақымқызы.

– Сауықтыру лагерьлеріне балалар жыл бойы барады. Егер балалар автобуспен жеткізілетін болса, жетекші мұғалімдер бірге барады. Пойызбен барса, полиция қызметінің қадағалауы қажет. Аудандық білім бөлімдері Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне алдын ала хат жазып, лагерьге бара жатқан ба­лалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жөнінде тапсырыс жасайды. Жалпы, 15 балаға бір жетекшіден. 1-10 шілде аралығында Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Осакаровка аудандарынан 196 бала барды. Қарқаралы ауданының оқушылары пойызбен, басқа аудан балалары билет болмағандықтан, автобуспен жеткізілді. 11-20 шілде аралығында Ақтоғай, Нұра, Шет ауданынан барған 200 бала демалып жатыр. «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры облыс оқушылары үшін қаражат бөлгеннен кейін, балалардың жеткізілуін облыстың білім басқармасы мен аудандық білім бөлімдері келісілген түрде қамтамасыз етті, – дейді білім басқармасының бас маманы Ақерке Рақымқызы.

Қарқаралы ауданының Матақ ауылының тұрғыны Әсемгүл Жункобаева биыл 5-сыныпты үз­дік бітірген баласы «Қазақстан хал­қына» қоры бөлген Астанадағы «Айналайын» лагеріне барып демалып, жақсы көңіл күймен оралғанын жеткізді.

– Ауыл балалары үшін мұндай лагерьлердің ұйымдастырылғаны дұрыс болды. Өйткені, ауыл баласы күнде Астанаға барып жатқан жоқ. Менің балам өте жақсы көңіл күймен оралды. Лагерьдегі қызықтарын айтып, әлі күнге дейін тауыса алмай жүр. Балаларымыздың қауіпсіздігі үшін біз, ата-аналар, Қарағандыға өзіміз апарып, пойызға отырғыздық. Бұл аудандық білім бөлімімен келісілген түрде жасалды, – деді Әсемгүл Жун­кобаева.

Қарқаралы аудандық білім бө­лімінің басшысы Абылай Жәлелов аталған лагерьге ауданнан 56 бала жіберілгенін айтты. Балаларды облыс орталығына жеткізу жағын ата-аналар өз мойнына алған. Себебі, ауданның жол сапасының нашар болуына байланысты түнгі уақытта автобуспен жол жүрудің қауіптілігін ескеріп, осындай шешімге келгенін атады. Себебі, пойыз уақыты таңертең болған. Пойызда балалармен бірге әлеуметтік педагог пен білім бөлімінің маманы жіберілген.
Балалардың жаз кезіндегі қауіпсіздігі аса маңызды. Өйткені, бала қашан да қолдау мен қорғау­ға зәру.

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button