Балалар әдебиетіне базарлық
Абай атындағы Қарағанды облыстық балалар кітапханасында Жұпар Жақанның «Чипсы мен шибауырсақ» атты жинағының тұсаукесері өтті.
Кітапхананың басшысы Баян Қуанышқызы «Бүгінгі шараның негізгі қонағы – балалар. Жазу – талантты, үлкен еңбекті, дарындылық пен эмоцияларды талап етеді. Сол себепті Жұпар ханым балаларға жазар әңгімелеріңіз бен шабытыңыз таусылмасын», – деп атап өтті.
– Бір адамды құрметтеу қажет болса, оқырмандарымды құрмет тұтар едім. Себебі, әңгімелеріңіздің басын қосып, жинақтап кітап шығарыңыз деп ұсыныс тастаған да оқырмандар. Соңғы жылдары балаларға арналған мысал әңгімелер жазуды қолға алдым. Ара-тұра ертегілер де бой көрсетіп қалады. «Әлеуметтік желіге жазған туындыларымды көрермен қалай қабыл алады, мені қаламгер ретінде көре ала ма?» – деп пікірлерін білу үшін жариялаған едім, – деп пікір білдірді Жұпар Жақан.
Кітаптың тұсаукесеріне Білім беру ісінің құрметті қызметкері, ұстаз Ғазиза Смағұлова, кітапхана басшысы Баян Қуанышқызы қатысты.
– Тағылымы әрі тәлімі мол, тәрбиелік нәрі бар кітабыңыздың жарыққа шығуы құтты болсын. Кішкентай оқырмандарымызға осындай қызықты, сапалы туындылар қажет, – деді Ғазиза Сайлауқызы.
Жиында оқырмандар тарапынан сауалдар жиі қойылды. «Ұлыңыз шығармаларыңызға ой қосып, ұсыныс айта ма?» деген сұраққа кітап авторы толқыныспен жауап берді.
– Кітабымның екінші авторы ұлым десем де болады. Жиі-жиі жазбаларымды оқытып, пікірін біліп отырамын. «Тақта мен сүрткіш» әңгімем ұлымның басынан өткен оқиғаға негізделіп жазылған. Көпшілігіңізді қызықтырған тырнақалды туындым, алғашқы жинағымның «Чипсы мен шибауырсақ» аталу себебі, кітап ішінде осы тақырыпта бір мысал әңгіме бар, – дейді автор.
«Екінің бірі жаза бермейтін мысал жанрында кітап шығару ойыңызға қалай келді?» деген сұраққа жазушы, «Мен мектеп мұғалімі болған соң бала психологиясын зерттедім. Бүлдіршіндер мысал әңгімелерге көп қызығады» – деп жауап берді.
Шарада ұйымдастырушылар кітаптағы шығармалар бойынша сұрақтар қойып, ойын ойнатты. Жеңімпаздарға авторлық кітаптың үш данасын сыйға тартты.
Жұпар Рысқұлқызы кітап жасауға атсалысқан дизайнер-суретшілер Наргиза Амангелдина мен Асылбек Шариповке алғысын білдірді. Сондай-ақ, келген қонақтарға қолтаңбасын қойып, кітабын сыйлады.
Баян Қуанышқызы Бердібек Соқпақбаевтың 100 жылдығына орай авторға күнтізбе тарту етті.
Ақнұр МАРАТ,
Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университеті журналистика бөлімінің ІІ курс студенті.