Балалар қауіпсіздігі – баршаға ортақ
Биыл өңірде оқу жылын 172 мыңнан астам оқушы аяқтайды. Барлық мектептерде 24 мамырда «Білімім – Отаныма!» жалпыреспубликалық сынып сағаты өтеді. 11 сынып түлектерінің қатысуымен «Мектебім, саған мың алғыс!» салтанатты шарасы 25 мамыр сағат 09:30-ға жоспарланған.
Бұл жайлы облыс әкімдігінде өткен аппараттық кеңесте облыстық білім басқармасының басшысы Гүлбақыт Жүнісова баяндады.
– Биылғы жыл жаңалығы 5-8 және 10 сынып оқушыларының қазақ тілінен емтихан тапсыруы. Емтихандар 27-31 мамыр аралығында өтеді. Қорытынды емтихандарға материалдар 25 мамырға дейін барлық білім бөлімдеріне жеткізіледі. Қорытынды аттестаттау мектеп базасында өтіп, 11 маусымға дейін аяқталмақ. 11 сынып түлектеріне аттестаттарды салтанатты түрде тапсыру 12-15 маусым аралығына жоспарланған, – деді Гүлбақыт Жүнісова.
Мектеп түлектерінің ҰБТ-ны бес рет, оның ішінде жазғы кезеңде екі рет тапсыруға мүмкіндігі бар. Жазғы кезең 16 мамырда басталғандықтан, тест нәтижелерін білім беру гранты конкурсына қатысу үшін пайдалануға болады. ҰБТ-ға биылғы және өткен жылдардағы түлектер, сондай-ақ колледж түлектері қатыса алады.
– Биыл 5 992 түлек тестілеуге қатысуды жоспарлап отыр. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 3%-ға көп. ҰБТ рәсімі заманауи прокторинг және бейнебақылау жүйесі арқылы электрондық форматта өтеді. Тестілеу Қарағанды мен Балқаштағы «U-FUTURE» ЖШС-нің екі өңірлік орталығы базасында өткізіледі, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Ал, колледждерде оқу жылы 30 маусымда аяқталады. 29 мамыр -29 маусым аралығында өтетін қорытынды аттестаттауды 10 мыңға жуық оқушы тапсырады. Аттестаттау комиссиясы 70% жұмыс берушілерден тұрады.
Биыл балалардың толыққанды және қауіпсіз демалуына жағдай жасау мақсатында балалардың сауықтыру демалысы, бос уақытын және еңбекпен қамтуы ұйымдастырылмақ.
1-10 сыныптардағы 160 мыңдай оқушыны жазғы демалыспен, бос уақытын еңбекпен қамту жоспарда. Сауықтыру шаралары 8 қала сыртындағы лагерьде сондай-ақ, 423 мектеп жанындағы лагерьде өтеді.
– Білім басқармасы балалар мен жасөспірімдердің сауықтыру демалысын, жұмыспен қамтылуын және бос уақытын ұйымдастыру бойынша тұрақты мониторингті жүзеге асыруы тиіс, – деп атап өтті облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Мектеп жанындағы лагерьлер 3 маусымда ашылады. Бұл күні «Қауіпсіз жаз», «Қауіпсіз аттракцион», «Қауіпсіз лагерь» алдын-алу акциялары өтеді.
– Биыл 2 мыңнан астам ерекше білім алу қажеттіліктері бар баланы жазғы демалыспен қамту жоспарланып отыр. Одан басқа 6 арнайы мектеп-интернатта 206 оқушыны қамтитын тамақтандыруы бар лагерь ұйымдастырылады. Барлық балалар үйлерінің тәрбиеленушілері жазғы демалыспен қамтылады. Ақтоғай ауданында бір маусымдық 210 баланы қамтитын 6 күндік киіз үй лагері жұмысын бастайды, – деп атап өтті Гүлбақыт Жүнісова.
Биыл сондай-ақ, кәсіптік бағдар беру жұмысында Теміртау жоғары политехникалық колледжінің базасында «Жазғы ІТ-лагерь» бейіндік алаңын ашу жоспарланған. Барлық 43 қосымша білім беру ұйымы жазғы уақытта бекітілген кесте бойынша жұмыс істейді.
Жазғы кезеңде төтенше жағдайлар департаменті мен жергілікті полиция қызметі балалар қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жүзеге асырады. Осы бағытта Ақтоғай ауданының «Факел» лагерінде 5-6 сынып оқушыларының «Өнерлі жас – өңір мақтанышы» облыстық слеті мен 9-10 сынып оқушыларының арасында облыс әкімінің кубогы үшін II «Сарыарқа – пікірталас аймағы» дебатерлер слеті өткен.
Маусым айында облыс бойынша «Бала еңбегін қанаумен күрестің 12 күні» ұлттық ақпараттық науқаны өтпек.
– ТЖ департаментіне ұйымдастырылған демалыс орындарында, оның ішінде тасымалдау, экскурсиялық іс-шараларды өткізу кезінде, сондай-ақ шомылу кезеңінде балалардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуді бақылауды күшейтуді тапсырамын. Облыстың білім басқармасы, ТЖД және ПД арасында нақты өзара іс-қимыл болуы тиіс. Жұмыс тобын құру керек. Барлық күш-жігер балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталуы тиіс. Балалардың жазғы маусымды ойдағыдай өткеруі тұрақты бақылауымда болады, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz