Балаңызды тегін емдемесе, хабарласыңыз
Денсаулық сақтауда халық мүддесін әлеуметтік тұрғыдан қорғап отырған медициналық сақтандыру қорының шарапаты балаларға да тиюде. Атап айтқанда, медициналық сақтандыру қоры балаларға көрсетілетін медициналық көмек үшін аймақтағы емханалар мен ауруханаларға 14 млрд. теңгеден астам қаржы бөлді. Оның 6,5 млрд. теңгесі консультациялық-диагностикалық шығындарды өтеуге жұмсалған.
Елімізде түрлі сырқатқа шалдыққан балалар саны жыл сайын артып келе жатқаны жасырын емес. Ем-домынан бөлек дәрі-дәрмегіне жұмсалатын қаржы да қомақты. Қымбат ем алуды кез келген ата-ананың қалтасы көтере бермесі анық. Осы орайда, медициналық қордың көмегі сапалы медициналық көмек түрлерін алуға көп мүмкіндік береді. Мәселен, республика бойынша балаларға тоғыз айда 324 млрд. теңгеге медициналық қызмет түрі көрсетілді.
Медициналық сақтандыру қорында 18 жасқа дейінгі балалар автоматты түрде сақтандырылған болып есептеледі. Яғни, оларға көрсетілетін медициналық қызметтер қор қаражаты есебінен жүзеге асырылады. Мұндай қызмет түрлеріне мамандардың консультациялары, талдау және емделу төлемақылары кіреді. Аймақта тоғыз айдың қорытындысы бойынша 1,3 млрд. теңгеден астам қаражатқа 6347 бала оңалту орталықтарында ем алған. Амбулаториялық негізде консультациялық-диагностикалық қызметтерді көрсетуге 6,5 млрд. теңге, оның ішінде 1,268 млрд. теңге — балаларға тегін стоматологиялық көмек көрсетуге аударылды. Бұдан бөлек, 15 млн. теңге балаларға жоғары технологиялық операцияларды төлеуге бағытталды. Мемлекет тарапынан жасалатын қолдауды тиімді пайдаланғандардың бірі – көпбалалы ана Ләззат Қожахметова:
– Медициналық сақтандыру қоры арқылы «Ердос» стоматологиялық орталығында балаларымның тісін емдеттім. Сапалы қызмет көрсетті. Дәл осы медициналық қызмет түріне жүгінетіндер қарасы қалың. Жалпы, медициналық қызмет түрлерінің бағасы халық үшін қолжетімді деп айта алмаймын. Сондықтан, бұл қолдау, яғни тегін медициналық көмек түрін алу халыққа, оның ішінде көпбалалы отбасыларына өте тиімді. Дегенмен, ем-домды толық алмағандықтан, екінші мәрте хабарласқанымызда әрі қарай ақылы қызмет көрсетілетінін ескертті. Яғни, бөлінген қаражат жыл соңына дейін жетпей қалған. Бұл балалар арасында тіс ауруларының көп екендігін көрсетіп отыр. Алдағы уақытта жауапты мамандар ақшаның жыл соңына дейін жетуін ескеруі қажет, – дейді.
Жалпы тоғыз айдың қорытындысымен аймақтағы балаларға жылжымалы медициналық пункттерде 43 мың консультация мен тексеру жүргізілді. Балалар 30 мыңнан астам тері-венерологиялық консультация, 540 мыңнан астам стоматологиялық медициналық қызмет түрін тұтынған. Медициналық сақтандыру қоры қолдауы есебінен созылмалы ауруы бар балалар мен жасөспірімдер жылына екі-үш рет тұрақты медициналық оңалтудан өте алады. Мамандардың айтуынша, сақтандыру қоры арқылы тегін медициналық көмек педиатрдың нұсқауы негізінде жүзеге асырылады.
– Егер ата-аналар баласын ақылы қызметтерге жіберу дерегіне тап болса, медициналық ұйым жанындағы пациенттерді қолдау қызметіне немесе әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына жүгінуі қажет, – дейді медициналық сақтандыру қорының Қарағанды филиалының бөлім басшысы Светлана Щеткина.
Науқас өзі тіркелген емхананың пациенттерді қолдау қызметіне хабарласу арқылы қосымша сұрақтар қоя алады. Егер олар жергілікті жерде көмектесе алмаса, әлеуметтік медициналық сақтандыру қорына өтініш жібере алады. Яғни, fms.kz ресми сайты, 1406 байланыс орталығы, Qoldau 24/7 мобильді қосымшасы және Telegram-дағы SaqtandyryBot арқылы.
Сағыныш ӘБІЛ.