Балаңыз қандай мультфильм көріп жүр?
Психологтар ресейлік «Маша мен аю», америкалық «Монстр Хай», «Губка Боб» мультсериалдарының баланың қалыптасуына кері әсер ететін өнімдер екендігін жиі айтып жүр. Балалар үшін зиянды деп танылған басқа да мультфильмдерді экраннан алып тастауға қауқарымыз жетпей отыр. Тіпті, мультфильмдердегі кейіпкерлерді құдды отбасымыздың бір мүшесіндей қабылдап кеткеніміз де рас. Содан болар, теледидарға еніп кетердей телмірген балаға да «қой» демейміз… Балаларымыз шетелдік кейіпкерлерге еліктеп, өз болмысынан ажырап бара жатқаны жасырын емес. Тілі шықпаған сәбиіміз Маша сияқты бет-аузын қисайтып, ернін шүршитсе, немесе «Монстр Хайдың» кейіпкерлеріндей былапыт сөздерді қайталап айтып жатса, бетінен қақпай, керісінше, қылығына мәз боламыз.
Бұл жерде сәбидің кінәсі бар ма? Мамандар сәбилердің экранда көрсетілгеннің бәріне сенетінін, өзіне ұнаған кейіпкердің қылығын қайталап, солардың сөзімен сөйлеуін әдетке айналдырып алатынын айтады. Ата-анасы көңіл бөлмейтін балалар көп уақытын теледидар алдында өткізетінін кімнен жасырамыз?
Теледидар алдында отырған баланың белсенділігі азаяды. Ал, сюжетті үзіп-жарып, жиі қайталанатын жарнама оның әлі жетілмеген психикасына кері әсер етеді. Яғни, мінез-құлқы өзгеріп, ұйқысы бұзылады. Баланың шығармашылық бастаулары дамымай, талпынысы кемиді.
Теледидарға телмірген баланың тілі кеш шығып, қатарымен ойнап өскен баладан гөрі тілі қарабайыр, мінезі бұйығы келеді. Мұны ескеруіміз керек.
Міне, мамандардың пікірі осындай. Бірақ, төріміздің бір бұрышын иемденіп алып, күн ұзақ сарнап тұратын теледидарды өмірімізден алып тастай алмасымыз анық. Ендеше, тым болмаса, шектеу шараларын қолға алсақ.
Адам жаратылысы туралы хакім Абай жетінші қара сөзінде айтады. «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады. Біреуі – ішсем, жесем, ұйықтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары. Бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демеклік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі – жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен деген» дейді данышпан.
Қазір біз балаларымыздың бойына ұлттық рухты сіңіріп жатырмыз ба? Ана тіліміздің уызына жарыта алдық па? Бізді осы сұрақтар мазалауы тиіс.
Қазақ «сынықтан өзгенің бәрі жұғады» дейді. Жас бала теледидардан көргенін қағып алып, соны қайталап жатса, бұл оның өскендігінің де, алғырлығының да белгісі емес. Кейін ол ата-анасы күткен үмітті де ақтамауы мүмкін. Өйткені, оның тәрбиесімен мультфильм айналысып жатыр…
Саягүл ТҰРАРҚЫЗЫ,
Балқаш қалалық №16 орта
мектебінің директоры