Бала тәрбиесі бейқамдықты кешірмейді
Жақында Ішкі істер министрлігі барша ата-аналарға үндеу жасады. Биылғы сегіз айда полиция қызметкерлері есірткі таратуға қатысқаны үшін 30 кәмелетке толмаған баланы ұстаған. Олардың қатарында 14 жастағы жасөспірімдер де бар. Мұндай дерек біздің облыста да тіркеліп отыр. Былтыр – сегіз, биыл алты кәмелетке толмаған жас есірткі таратқаны үшін ұсталған. Оның үшеуі – колледж студенті мен жоғары сыныптың екі оқушысы қазір кәмелеттік жасқа толмағандардың калониясында жазасын өтеп жатыр. Бірі – жеті жарым, екеуі бес жарым жылға бас бостандығынан айырылды.
Жалпы елде, Президент пәрменімен есірткі бизнесімен күрес күшейген. Есірткіге қатысты қылмыстың кез келген түрі үшін жауапкершілік те артқан. Үкімет Қаулысымен былтыр нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары бекітілді. Оның мәні – есірткіге қарсы күреске барлық мекемелерді жұмылдыру. Яғни, күштік құрылымдар ғана емес, барша мекеме, мемлекеттік органдар, үкіметтік емес ұйымдар ортақ мақсат аясында ұйымдасуы қажет. Кейін құжат негізінде аймақтың өз кешенді жоспары жасалып, қабылданды.
– Негізінен бірлескен жұмыс білім, денсауық сақтау және полиция департаменті арасында жүргізілуде. Былтыр жыл соңында мемлекеттік органдар және үкіметтік емес ұйымдармен меморандум жасалды. Жастарға түсіндіру, акция, рейдтер ұйымдастырып, парақшалар мен кітапшалар таратамыз. Сабақ басталды, мектептер мен колледждерді аралап, насихат жұмысы қайта жанданады. Мұндай кездесулерге денсаулық сақтау саласы мамандары қоса барып, есірткінің денсаулыққа қалай әсер ететінін айтады. Біз есірткіні сақтау, тарату, граффити үшін жазалар туралы ескертеміз, – дейді полиция департаментінің есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының аға жедел уәкілі Кирилл Корниенко.
Ол есірткі сайттарын жарнамалап, граффити жазғаны үшін Теміртау және Қарағандының екі тұрғыны ұсталғанын айтты. Үкіметтік емес ұйым, еріктілердің күшімен жыл басынан бері аулалардағы 10 мыңнан астам граффити өшірілгенін де тілге тиек етті. Десе де, жүргізіліп жатқан шараларға қарамастан, есірткімен күрес оң нәтиже берер емес. Мұны осы жолғы Жолдауында Президенттің өзі айтты.
«Тағы бір маңызды міндет – есірткі саудасына және нашақорлыққа қарсы күрес. Бұл – ұлттың генетикалық қорын аман сақтап қалу мәселесі деген сөз. Біз осыған дейін қажетті заңнамалық шараларды қабылдадық. Бірақ нақты нәтижеге қол жеткіздік деуге әлі ерте. Әрбір мемлекеттік құрылым, әсіресе, құқық қорғау органдары тиімді жұмыс істеп жатыр деп айта алмаймыз. Есірткі мәселесі ушығып барады», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Мәселенің күн санап ушығу себебін сала мамандары ақпараттық технологияның қарыштауымен байланыстырады.
– Бұл интернеттің дамуымен байланысты, – дейді полиция подполковнигі Кирилл Корниенко. – Есірткі бизнесі өрмекшінің торындай интернетте өршіп тұр. Есірткіге де қазір қол жеткізу жеңіл. Бұл тікелей емес байланыс түрі деп аталады. Бұрын нашақорлар нақты бір жерге жиналып, тікелей байланыс арқылы сатып алатын. Ондай жерлерді жабу оңай еді. Қазір қиындау. Дегенмен, сайттар бұғатталып жатыр. Есірткі саудасының сілтемелер мен интернет дүкендердің 150-ден астам сайты бұғатталды.
Бұл – әлеуметтік мәселе. Оны шешу үшін Мемлекет басшысы айтқандай, қоғам болып айналысу керек. Есірткі мәселесі тұтас қоғамға қатысты, ортақ проблема.
Кім баласының есірткіге әуес болып, өмірін өксіткенін қалайды дейсіз?! Ешкім. Алайда, мәселені ортақ дегенімізбен, көп жағдайда қоғам тарапынан бейқамдық бар. «Біреудің баласы, біреудің отбасы» деген. Ал, басына түскенде көп ата-ана өзінен емес, кінәні өзгеден іздейді, жауапкершілікті басқаға аудара салуға бейім тұрады. Кирилл Корниенко ата-аналармен де түсіндіру жұмыстары жүргізілетінін айтады. Бірінші кезекте баланың жүріс-тұрысына, мінезіне мән беретін – ата-анасы.
– Жеткіншектердің ұсталуына қоғам бізді кінәлайды, бұған кінәлі біз емес, – дейді ол. – Біз – бұл жерде соңғы инстанциямыз. Менің жеке ойымша, барлығы отбасынан шығады. Ненің жақсы, ненің жаман екені отбасында айтылуы тиіс. Қазір жастар бәрін түсінеді, бірақ, оның дұрыс емес екенін біле тұра, сол іске барадық. Біз ұсталған жастардан сұрағанымызда олардың 95%-ы қылмыстық жауапкершілік туралы білгенін айтады. Сонда қылмысқа бару себебі бәрінде бірдей – ақша. Айфон, тағы басқа нәрселер алуға ақша жинау, «Өзімнің жеке ақшамның болуын қаладым» дейді.
Есірткі жасырумен айналысатын жеткіншектер есірткі қылмысының жекелеген түрлері бойынша ересектермен бірдей қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын біле тұра, осы әрекетке барады екен. «Ұсталмаймын» десе керек. Алайда, жоғарыдай айтқанымыздай, былтыр – сегіз, биыл алты кәмелеттік жасқа толмаған жеткіншек ұсталды. Министрлік үндеуінің мәні осында. Әуелі ата-ана баласының күдік тудыратын әрекеттеріне, күмәнді ортасына назар аударғаны дұрыс. Оның ішінде, жасөспірімнің заттарындағы кез келген дәрі-дәрмек қаптамаларына, фольгаға, шыны түтіктерге мән берген абзал. Мұның бәрі синтетикалық есірткіні қолдануға арналған құрал бола алады. Жеткіншектің көңіл күйі жиі өзгеріп, ашуланшақтық, апатия белгілері байқалса, бұл есірткі қолданудың жанама белгілері болуы мүмкін. Оның есірткі таратумен айналысатынының тағы бір белгісі – көп ақша, қымбат заттарды сатып алуы. Егер баланың телефонында, мессенджерлерде геолокациялары бар белгілер, есірткі жасырылған жерлердің фотосуреттері, үй қабырғаларында, стендтеріндегі басқа да жазбалар болса, бұл да күдік туғызуы керек деп ескертеді мамандар. Есірткі қылмыстары үшін қылмыстық жауапкершілік 16 жастан, ал, қылмыстардың жекелеген құрамы бойынша 14 жастан басталатынын ұмытпаған жөн.
Президент: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе, жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан, біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек», – деді Жолдауында. Бұған әркімнің үлесі қажет.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz