Басты тақырыпРуханият

Бала неге безбүйрек?

    Әлемде «Колыбельная смерть» деген атының өзінен денең түршігетін қорқынышты диагноз бар екен. Қазақша айтсақ, «бесікте жатып шетінеу». Бүкіл әлемнің ғалымдары бастарын қатырып, себебін таппай отырған бұл зұлматтың себебі – ата-анасынан мейірім көрмеген баланың өз-өзінен жүрегі тоқтап қалатындығында екен. Кем дегенде күніне бір рет анасы құшағына алмаған қызылшақа бала өзін-өзі керексіз сезініп, өмірін қиып кете береді. Орны толмас дүние деген сол. Бала кезде алмаған махаббаттың кейін орнын толтырамын деген – бос далбаса. Кеудедегі қараңғы бос қуыс сол қуыс қалпында қала бермек. Мұны неге айтып отырмыз?

Мемлекет басындағылар да осы мәселеге ерекше мән беріп, дабыл қағуда. Шығармашылықпен ойлай алатын ұрпақ тәрбиелеу керек дейді. Ол да дұрыс. Дегенмен, сол шығармашылықты дамыту үшін көркем әдебиеттерді оқу үшін арнайы уақыт бөлінсе болар еді. Ең бастысы – баланы қызықтыра білу. Баламен айналысатын, кітап оқытып отыратын уақыт жоқ деушілер де көбейер. Расы керек, қай заманда болсын, ешкім баласын етегіне байлап жүріп өсірмеген болар.

Заман қиын, тіршілік ету үшін жанталасамыз деп ақталсақ та, тұрмыс мәселесі қай кезде де болған. Қазіргі бар ауыз ол кезде де болды. Тек, заманына қарай түрленгені болмаса, түбі – сол дүние. Сылтау ғана көбейді. Кітап оқуға уақыт жоқ… Жан-жаққа мойын бұрғызбай, жанталастырған ақпарат заманында кітап оқымайтын, оқығысы да келмейтін ұрпақ өсіп келе жатқаны анық! Кейіпкерімен де, оқиғасымен де еліктіріп әкететін кітап өзгерген жоқ, тек соны оқығысы келмейтін ұрпақ қана бар…

Бұл – ескіні көксеу емес, ойлана алатын, ойын қағаз бетіне түсіре алатын ұрпақ үшін алаңдаушылық…

Мектеп қабырғасында «Менің атым – Қожа» кітабы қазіргі тілмен айтқанда, «Бестселлердің» бірі болды. Ренжісек, көңілді орнына түсіретін – Қожа, қуансақ – тағы сол Қожа. Тығырықтан шығар жолды да сол Қожадан іздедік. Естеріңізде болар, дүниенің бәрі теріс айналғандай болғанда, қараңғы бөлмеде қалып, айнадағы өз бейнесімен сөйлесу арқылы тығырықтан шыға білген Қожаның сол кездегі іс-әрекеті бүгінгі күнгі оқушыларға үлгі ету керек сияқты. Тағы сол кітап оқымады дегеннен шығады. Көркем әдебиет кейіпкерлерімен аспанға да ұшып, жерге де түсіп жүрген кезде басқа дүние де ойлауға мұрша болмаған екен. Қазіргі кезде жиі айтылып, қоғамдағы өзекті мәселелердің біріне айналып отырған суицид – өзіне-өзі қол жұмсау да осы кітап оқымағаннан ба деген ой туындады. Кітап оқумен уақытын өткізген кешегі бала мен бүгінгі баланың айырмашылығы жер мен көктей. Кешегі бала кітап кейіпкерімен бірлесе елін құтқару үшін қиян-кескі шайқаста жүрсе, қазіргі бала компьютердегі «зомбиларды» өлтіріп әлек. Өліп қалдым деп, үстел соққылаған баланы да көрдік. Естір құлаққа ерсі болса-дағы, бүгінгі ұрпақ «өлім» атына әбден еті өліп кеткен. Өле салу да, тіріле салу да тез оларға. Санасына екінші өмір бар-ау дегенді сіңіріп алып, Алланың берген ең қымбат сыйы – өмірін қиып кете беретіні содан болар…

Кітап арқылы жақсы көруді, мейірлене білуді де үйрендік.

Тағы да сол ғаламтор желісінен мектепке барған баласының сабағын оқыта алмай, діңкесі құрып жүрген ата-аналар туралы әзіл әңгімелерді көп оқитын болдық. Назарын сабақ оқуға дендеп қоймаған бала сабақты қалай оқысын?! Есте сақтау қабілеті де нашар. Тағы сол керегін ғаламтордан тауып алып отыратындығында. Жасыратыны жоқ, керек дүниемізді ойланып, бас қатырып жатуға ерініп, ғаламтор не деді екен деп, ақтарып отыратынымыз да рас. Сол ақпарат жоқ емес, бар-ау. Дегенмен, бір сәтке ғана проблемаңды шешіп бергеннен ертеңгі күні тағы сол мәселе алдыңнан шықпасына кім кепіл? Ал, іздегеніңді таппасаң – дағдарыстың көкесі сол. Ересек бірдеме қылар-ау, ал бала ше? Ол Қожаға ұқсас қараңғы бөлмеде өзімен-өзі сөйлеспейтіні анық. Басқалары жындыға баласын. Содан-ақ, мүмкін өліп көрсем қайтеді, деген ой туындайды. «Өлсем» емес, «өліп көрсем» деген… Оның ойынша ол да қызық. Баланың білетіні – өлтірген зомбиларының қайта тірілетіні ғана. Қайдан білсін, келмеске кететінін.

Кітап – көп дүниенің емі. Жаныңның дауасы. Қазіргі тілмен айтқанда, психикалық жағдайыңды бір қалыпты ұстауға, жан күйзелісінен шығуға көмектесер бірден-бір дүние. Өзіміздің емес, көршінің баласы мінсіз болып көрінетін ата-ана өмірде жолы болмаған балаға қарап, кінәні кімнен табарын білмей, дүниенің ақысын, дәрігер мен психологқа сүйреп жүргендері. Балаға өсуінің де, өшуінің де өз қолында болатынын үйретіп, кітап оқуға баулығанымыз өзіміз үшін де, бала үшін де пайдалы болары анық.

Салтанат ИЛЬЯШОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button