Біздің сұхбат

Бала мүддесі – маңызды мәселе

Қарағанды облысының Білім саласындағы бақылау департаменті 2019 жылдың желтоқсан айынан бастап Білім саласында сапаны қамтамасыз ету департаменті болып өзгеріп, қосымша функциялар жүктелген еді. Департамент баланың құқықтарын қорғау, асырап алу, қамқоршылық, балалардың қараусыз қалуы мен панасыздығына қарсы тұру, жетім балалардың санын азайту секілді мәселелерді қолға алып жатыр. Яғни, жүктелген жаңа міндеттерді мемлекеттік органдармен, үкіметтік емес және өзге де ұйымдармен өзара байланыс жасап, бірлесе жұмыстар атқаруда. Осы орайда аталған департамент басшысының орынбасары Шынар АҚПАРОВАНЫ әңгімеге тартқан едік.

– Шынар Қуанышқызы, сіздерге жүктелген ең басты міндет – жетім мен ата-ана қамқорлығынсыз қалған балалардың әлеуметтік жағдайы екенін білеміз. Осы міндеттің қандай да бір ауыртпалығы бар ма?

– Біз өзімізге жүктелген міндетке барынша жауапкершілікпен қарауға тырысамыз. Атқарар жұмыстардың маңызы артқан соң, балалардың құқығын қорғау жөніндегі функция әзірленіп, жұмысымыз енді басталып жатыр. Әрине, әр міндеттің өзіне тән салмағы бар. Адам өміріндегі ең басты мәселе – тұрғын үй. Жақында ведомствоаралық отырыста Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуiрдегi № 94 «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заңының 74-бабында жергілікті атқарушы орган жетім балаларға және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға жеке тұрғын үй немесе тұрғынжайлар бөлген кезде оның жалпы санының кемінде жиырма пайызы бөлінетіні белгіленсе, Қарағанды облысы бойынша 2016-2019 жылдары кезекте тұрған балалардың 2%-ы ғана тұрғын үймен қамтамасыз етілгенін айта кеткен жөн.

Сондықтан, мектеп бітіруші жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға айрықша көңіл бөліп, уақытылы тұрғын үй алуға кезекке тұруы мен олардың баспанамен қамтамасыз етілуін қадағалауды басты назарға алып отырмыз. Сонымен қатар 9-11 сынып бітірушілерінің жоғары оқу орындарына және колледждерге түсу мүмкіндіктерін қарастырамыз.

– Жақында бекітілген «Баланың құқықтарын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл және жасөспірімдер арасында суицидтің көбеюі мәселелерін шешу жөніндегі 2020–2023 жылдарға арналған «Жол картасы» туралы айта кетсеңіз…

– Иә, балалардың қауіпсіздігі біз үшін қашанда бірінші орында. «Жол картасы» Мемлекет басшысының 2019 жылғы 2 қыркүйектегі «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру жөніндегі жалпыұлттық іс-шаралар жоспарын орындау мақсатында бекітілді. Қазіргі уақытта балалар суициді, балалардың қазасы мен жарақаттануы туралы бірқатар проблемалар орын алып отыр. «Жол картасы» осы проблемаларды шешу үшін кәмелетке толмағандардың құқығын қорғауды күшейту, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу және жасөспірімдер арасындағы суицид мәселелерін шешу бойынша жасалды. Атап айтқанда, ата-аналардың жауапкершілігін және мектептегі психологиялық қызметтің жауапкершілігін арттыруды, әйелдер мен ба лаларға қатысты зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдатуды, білім беру мекемелері мен балалар жаппай баратын орындардың жанында жол қозғалысы ережелерін бұзушылықты фото және видеоға түсірудің стационарлық жүйелерін қамтамасыз етуді қарастырады.

– Төтенше жағдай кезінде балалардың құқықтарын қорғауға қатысты сіздердің тараптарыңыздан қандай ықпал болды?

– Иә, осы кезеңде туа біткен жұлын грыжасына шалдыққан балалар өмірлік маңызы бар урологиялық «Нелатон» катетеріне қолжетімділік болмауы себепті, қиын жағдайға душар болды. Осыған орай, «Spina Bifida қоғамы» қоғамдық қорының «қажеттілігі» бар категорияға жататын балалар үшін катетер сатып алу түрінде бір реттік көмек көрсету туралы Қазақстан Республикасы Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне жолдаған хаты негізінде «Милосердие» қорының негізін салушы, Қазақстандағы бала құқығы бойынша уәкіл Аружан Саинның араласуы және меценат-демеушінің көмегімен облыстың әр өңірінде тұратын 7 баланың әрқайсысына 180 данадан «Нелатон» катетерлері «СК Фармация» арқылы жеткізілді. Арнайы пакетке жинақталған катетерлердің тізімге сәйкес мекен-жайына жеткізілуі ұйымдастырылып, таратылды. Ата-аналардың қуанышында шек болмады. Осы қайырымды істі ұйымдастырушыларға ризашылықтарын білдірді. Сонымен қатар, көктемгі каникул кезінде басқа облыстардан туыстарына қыдырып келген балаларды, карантин уақытында үйлеріне аман-есен қайтаруға қатысты Қарағанды облысының төтенше жағдай жөніндегі жедел штабымен бірлесе отырып жұмыстар жүргізілді.

– 1 маусым – Балаларды қорғау күні және жазғы демалыс биыл қалай ұйымдастырылады?

– Әлемде болып жатқан жағдайға байланысты биыл Балаларды қорғау күні аясындағы іс-шаралар онлайн түрде өткізіледі. Жергілікті телеарналар арқылы құттықтаулар, балаларға арналған түрлі бағдарламалар өткізілетін болады. Ал, балалардың жазғы демалысы жергілікті жерлердегі мектеп жанындағы лагерьлер санитарлық дәрігерлердің тарапынан келісім берілген жағдайда ұйымдастырылатын болады.

– Мерекеге орай лебізіңіз…

– Елдің ертеңі – жастарымыз бен балаларымыз. Барша өскелең ұрпақты мерекелерімен шын жүректен құттықтаймын! Әр уақытта аспандары ашық, дендері сау болып, Отанымыздың мақтанышына айналуларына тілектеспіз!

Сұхбаттасқан Қасымхан ҒАЛЫМ.

Басқа материалдар

Back to top button