Бала әлемі бөлекше
Бүгінгі таңда білім беру жүйесінде оқушылардың тек білім алуына ғана емес, олардың психологиясына да ерекше мән берілуде. Әсіресе, жасөспірім кезеңінде тұлғаның эмоциялық әлемі сыртқы орта әсеріне сезімтал болады. Осыған байланысты эмоционалды тұрақтылықты қалыптастыру – мектеп психологының негізгі бағытының бірі.

Эмоционалды тұрақтылық дегеніміз – адамның түрлі жағдаяттарда өз сезімдерін бақылап, күйзеліс жағдайларына төтеп бере алу қабілеті. Бұл қасиет тұлғаның үйлесімді дамуына, әлеуметтік бейімделуіне және оқу жетістігіне тікелей ықпал етеді.
Эмоционалды тұрақтылығы қалыптасқан оқушы кез келген қиындықты сабырмен қабылдай алады, өз эмоциясын реттей отырып, дұрыс шешім қабылдауға бейім болады. Мұндай оқушылар, өзіне сенімді, қарым-қатынасқа ашық, оқу процесінде белсенді, қиындықтарға төзімді.
Ал, эмоционалды тұрақтылығы жеткіліксіз оқушыларда керісінше мазасыздық, қорқыныш, сенімсіздік сияқты жағымсыз күйзелістер жиі байқалады. Бұл олардың оқуына да, әлеуметтік ортаға бейімделуіне де кері әсер етеді.
Мектеп психологы оқушылардың эмоционалды жағдайын зерттеу мақсатында түрлі психодиагностикалық әдістерді қолданады. Солардың бірі – мектептік үрейді анықтауға арналған әдістемелер.
Диагностика нәтижелеріне сүйене отырып, оқушылармен арнайы түзету-дамыту жұмыстары ұйымдастырылады. Бұл жұмыстар топтық тренингтер, психологиялық жаттығулар, релаксациялық тәсілдер, ойын технологиялары арқылы жүзеге асырылады.
Эмоционалды тұрақтылықты дамыту барысында эмоцияларды тану және білдіру жаттығулары, тыныс алу және өзін-өзі реттеу техникасы, рөлдік және ситуациялық ойындар, арт-терапиялық әдістер, қарым-қатынас дағдыларын дамытуға бағытталған сабақтар нәтиже береді.
Аталған әдістер оқушыларға өз сезімдерін түсінуге, ішкі күйін басқаруға және әлеуметтік ортада өзін сенімді ұстауға мүмкіндік береді.
Эмоционалды тұрақтылық – тұлғаның толыққанды қалыптасуының негізгі көрсеткішінің бірі. Ол оқушының тек психологиялық жай-күйіне ғана емес, оның оқу жетістігі мен қоғамдағы орнын табуына да әсер етеді.
Алтынгүл ӘБІЛОВА,
Б.Момышұлы атындағы мектептің педагог-психологы



