Бала қиялының әлемі
«Sketch Academy» көркемсурет студиясының жұмыс істеп келе жатқанына бес жылдам астам уақыт болған. Бұл студияның тек Қарағандыда ғана емес, Теміртау, Шахтинск қаласында да кеңселері бар. Одан бөлек, Павлодар мен Көкшетау қаласында да қанатын кеңге жайып келеді. Жақында аталған студияның есеп беру кеші өтті. Өңірдегі кеңселерден шыққан үздік жас суретшілердің 150-ден астам туындысы облыстық бейнелеу өнері музейінің төріне қойылды. Көрмеге белгілі суретші және халықаралық антиядролық қозғалыстың белсендісі Кәріпбек Күйіков қатысып, жас суретшілерге тілегін жолдады.
Көрмеге қойылған суреттер түрлі тақырыпта түрлі техникамен салынған. Акрил және гуашпен салынған, тіпті, пластиктен жасалған көлемді әрі шағын туындыларды осы арадан көре аласыз. Бұның бәрі – аталған студияның бес жастан 16 жас аралығындағы тәрбиеленушілерінің еңбегі. Бір айта кететіні – көркемсурет студиясының негізін қалаушы Дәурен Көшен жас суретшілерге еркіндік бергендігі. Яғни, әрбір жас суретші көкейіндегісін немесе сүйікті персонажын бейнелеген.
– Жас суретшілердің ойы – ұшқыр. Жас суретшілерге еркіндік беру қажет. Сонда ойын шеберлікпен әрі сүйіспеншілікпен бейнелейді. Өз еркімен жұмыс істей білген суретші жетістікке жетеді. Былтыр да көрме өткізіп, балалардың жұмысын көпшілік назарына ұсынған едік. Биыл да дәстүрден жаңылмадық, – деді Дәурен Көшен.
Белгілі суретші Кәріпбек Күйіков те жас суретшілердің туындыларына бағасын берді.
– Мен мына жарық дүниеге қолсыз келдім. Бірақ, аяқпен сурет салуды үйрендім. Дәрігерлерім тыйым салған еді. Оған да қарамадым. Мектепте сабақ берген ұстаздарымның дәрісінің арқасында осындай дәрежеге жеттім. Әрбір салынған сурет – автордың жан дүниесі. Жан дүниеңіз нені қалайды, соны салыңыз. Сонда ғана керемет туынды шығады. Біздің мүмкіндігіміз – шексіз, – деді суретші.
14 жастағы Дана Игисинова «Лило и Стич» мультфильміндегі Стичтің бейнесін балшықтан жасапты.
– Балшықтан мүсін жасау – оңай емес. Стичтің бейнесін жасауға бірнеше күнім кетті. Әуелі фольганы дөңгелетіп алып, сыртына балшық жабыстырдым. Әбден кептіріп, көзін, құлағын ойып, қолы мен аяғын жасайсыз. Мен көздерін дүкеннен сатып алып, жабыстырдым. Бәрі біткеннен кейін бояп шықтым, – деді жас суретші.
Зейнеткер Станислав Тен болса, немересі үшін көрмеге отбасымен арнайы келген. 14 жастағы София есімді немересінің көрмеге екі туындысы қойылыпты.
– Немеремнің сурет үйірмесіне қатысып жүргеніне екі жылдан асты. Былтыр да көрмеге туындылары қойылған. Биыл ата-әжесі, анасы болып, немеремізді қолдауға келдік. Көрмеге қойылған туындысының бірі балшықтан жасалған. Әр сабақтан кейін «Ата, мен бүгін мынандай дүние жасадым» деп мақтанып келеді. Сурет десе, ішкен асын жерге қояды. Ал, біз қызымызға қашан да қолдау білдіреміз, – деді Станислав Алексеевич.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Суретті түсірген автор