Бала дамуында тың бағыт
ХХІ ғасыр – жаңа технологиялардың, әлемнің жаңа мүмкіндіктерге қол жеткізген дәуірі. Әр сала даму процесінде өзгеріске түсіп, жаңа бағыттарға бет бұруда. Соның бірі – инклюзивті білім беру. Ол мүмкіндігі шектеулі, ерекше жағдайдағы балаларды дамытуда қатарынан қалдырмай жетілдірудің жаңаша бағыты. Бүгінде әлемде ерекше жағдайдағы балалар санының артуы алаңдатарлық жайт. Біздің еліміздің өзінде шамамен 188 мыңнан астам бала осындай көмекке мұқтаж.

Осы мәселе төңірегінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінде «Қазақстанда ерекше білім беруді қажет ететін балалар көбейіп барады. Балалар тиісті реабилитация қабылдау үшін жарты жыл уақыт күтеді. Балалар сапалы қызмет алып, оларға мемлекет тарапынан арнайы психолог мамандарды даярлап, осы мәселеге баса назар аудару қажет», деген еді.
Нұра ауданындағы ата-аналар бұл мәселенің шешімін жақын арада тапқан сыңайлы. Әлеуметтік грант көмегінің арқасында логопед Эльмира Әбілдина есімді азаматша өзінің «Neuro damu» орталығын ашты. Бүгінде балаларды дамытып, сауықтырумен айналысып жүр. Алғашқыда көпбалалы аналарға берілетін «Бизнестің жол картасы-2025» бағдарламасы бойынша 5 млн теңге көлемінде қаражатқа орталық ашты. Одан әрмен оны дамыту бойынша аудан әкімінің 400 АЕК мөлшерінде грантын жеңіп алып, оған тағы да қосымша қажет жабдықтар алған.
– Орталықтың ашылғанына жақында бір жыл толады. Өзім көпбалалы анамын. Алты балам бар. Осы жолға келуіме себеп – өз балаларым. Оларды өз қатарынан қалдырмай дамыту үшін кез келген ана бар күш-жігерін салады. Көбіне үйімізге інімнің, сіңілімнің балалары келіп, барлығы асыр салып ойнайды. Сол ойнап жүрген сәттерде байқап қаламыз, оқшауланып, кейбіреуі шеткері қалып қояды. Бір қарағанда ешнәрсені аңдамай қалуың мүмкін. Алайда, ана болған соң ет бауырың елжіреп, еміреніп сезесің. Өз қызым «л,б» секілді әріптерді айта алмайды. Және сүрініп, құлай берді. Бастапқыда Астана, Қарағанды секілді ірі қалаларға апарып, емдете бастадым. Оған күнде қатынап тұру қолайсыз әрі тиімсіз болды. Содан «Неге өзім баланы үйде отырып та дамытып көрмеске?», деп ойладым. «Ой жеткен жерге қол да жетеді» демекші, үйде отырып-ақ, баланы дамытудың жолдарын іздестіріп, әртүрлі курстарға жазылдым. Санап көрсем, осы уақытқа дейін сегіз курсқа жазылып, тәлім алыппын. Бағыма орай соның жемісін татып, бүгінде өзім де орталық ашып, балаларды сауықтыруға бар құлшынысымды салып жүрмін, – дейді орталықтың басшысы.
Заман талабына сай «Neuro damu» орталығы балалардың баяу дамуын жеделдетіп, шама-шарқы жеткенше барын салып жатыр. Орталық орналасқан ғимарат мемлекет тарапынан бөлінген қаражат есебінде күрделі жөндеуден өткізілді. Қазір толықтай заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз етілген. Әр жабдықтың өзінің атқаратын қызметі бар. Әртүрлі диагноздағы балалар келетіндіктен әр аппараттың да міндеті әр қилы. Тілі кеш шығатын балаларға артикуляциялық аппарат арқылы жаттығу жасап, ми қатпарларын оятып, даму қарқынын үдетіп, әрекет ете бастайды.
– Байқасаңыздар, баланың даму кезеңдері өте баяу күйде жүріп жатыр. Жасынан біз соның алдын алып, кірпіштерді дұрыстап қаламасақ, бала өскенде оны емдеу қиынға соғады. Орталықтың өзінің жұмыс тәртібі бар. Көп баламен бір уақытта топырлап, жұмыс істей алмайсың. Әр баланың диагнозына қарай уақытты да бөліп, жүйелі түрде жұмыс істейміз. Жаңадан келіп, жаттығуды енді бастап жатқан балаларды сауығып кеткен балалармен де араластырып, бірге жаттығу жасатамыз. Себебі, ем алуды енді бастаған бала сауыққан баламен байланыс жасап, ойнау арқылы оның да сана-сезімі біртіндеп жетіле бастайды. Бұл да – әдістің түрі. Маған әртүрлі диагноздағы балалар келіп, емделеді. Тіпті, аутизмге ұшыраған балаларды да емдеп, қатарына қосқан кездеріміз болды. Мұның бәрі де тынымсыз еңбектің және өз жұмысыңа махаббатпен, шынайылықпен қарап, әр баланы өз балаңдай көріп, емдегеннің арқасы деп білемін, – деді Эльмира Амангелдіқызы.
«Neuro damu» орталығының ашылғанына бір жылдан ғана асты. Осы уақыт аралығында жиырма шақты бала емделіп, сауығып шықты. Мұнымен қоса, Гүлім Ысқақова есімді дефектолог маманның қызметі аса жауапты. Мұнда емделуге тек нұралықтар ғана емес, сонымен қатар, Қарағанды, Теміртау қалаларынан да ата-аналар балаларын әкеледі. Ем алған балалардың ата-аналары тарапынан тек оңды пікірлер ғана айтылып жүр.
«Жәния қызымыздың бұл орталыққа келіп жүргеніне бір жыл толып қалды. Біртіндеп өзгеріс жүріп жатқаны сезіледі. Бастапқыда тек «әкел, бер, мама» деген сөздерді ғана айтатын. Қазір сөздердің басын қосып, сөйлем құрап, өз ойын жеткізіп жүр. Тілі көп нәрсеге келмесе де, барынша сөйлеуге талпынып, ойындағысын түсіндіріп беруге тырысады. 1-ден 10-ға дейінгі сандарды да санауды біртіндеп үйренді. Арасында сандарды шатастырып алатыны болмаса, түзетіп еркелетіп қоямыз. Жан-жануарлардың да түр-түсін ажыратып, айыра алады. Жануарлардың атын атай алмаса да, дауысын салып, бірден таниды. Ал, Ажар қызымыздың бойынан да төрт ай ішінде әжептәуір өзгерістер байқадық. Ойын кезінде ұзақ отыра алмайтын. Дыбыстау жағынан да Жәнияның тілі «р,к» әріптеріне келмесе, Ажар оны нық айтып жүр. Әкесі екеуміз қыздарымыздың оңалғанына өте қуаныштымыз! Ерекше жағдайдағы балалармен жұмыс істеудің оңай емесін, көп уақыт алатынын білеміз, – дейді орталыққа келіп жүрген апалы-сіңілі Жәния мен Ажардың анасы Ботакөз Жақыпқызы.
Әлеуметтік кәсіпкерліктің әлеуетін сезінген Эльмира Әбілдинаның алдағы жоспары да ауқымды. «Әлі де орталыққа қажетті заманауи жабдықтар алып, мүмкіндіктерді молайтсақ», дейді.
Мағжан Құдайберген,
Қарағанды зерттеу университетінің
ІІ курс студенті
Нұра ауданы