Бала дәрігерінің халі нешік?
Жер-жаһанды мекен еткен адамзаттың қауымдасқан тірлігін қоғам деп атаса, ол қоғамды бір-бір қызыл кірпіш – сіз бен біз құраймыз. Ал, сіз бен бізде жұмыр басты пенде болған соң проблема дейтін таусылып бітпейді. Сол таусылмайтын мәселеміздің мәнісін табу-таппасы – қоғамның сапасын анықтайтын сараптаманың бір құрамы. Бұл құрамның «қаны бұзылғалы» біраз уақыт. Бас-басымыздағы мәселенің шешілмей, шиеленісе түсуі қоғамның қотырының көп екенін айғақтап жүр. Біз сол көп қотырдың біреуін қасымақпыз бүгін. Ол қотырдың атауы – медицина. Оның ішінде, бала дәрігерінің басындағы қатпар-қатпар қайғы мен асқынып бара жатқан ахуалы…
Бала дәрігері – қат
Деректер балалардың көп бөлігі педиатры жоқ ауылдарда тұрып жатқанын көрсетіп отыр. Статистика Қазақстан халқының 30 пайызын балалар құрайды дейді. Яғни, 18 жасқа дейінгі балалар 5 миллионнан астам болса керек. Бала дәрігері жоқ ауылдағы баланың денсаулығын сонда кімге тапсырдық?
Айталық, білдей бір аудан орталығында (ауданда жалпы 50 мың тұрғын бар) бір ғана бала дәрігері бар жағдайлар да кездеседі. Ол жар дегенде жалғыз дәрігер ауырып немесе басқа жағдаймен бір жаққа кеткенде, балаларды өзге терапевт дәрігерлер қарайды. Ғалымдар бұлай етуге әсте болмайтынын айтудан бір танған емес. Сонау бір жылы өткен ана мен бала денсаулығына қатысты халықаралық мәслихатта бала дәрігерінің тапшылығы осы бетінен танбаса, алдағы бір-екі жылда педиатрды шам алып іздейтіндей асқынуға ұшырайтынымызды мәлімдегені аян. Оның ақыры бала өлімінің артуына әкеліп соғады деген деректерді жария еткен-ді ғалымдар.
Педиатрлардың «дефицитке» ұшырауын еліміздегі медициналық оқу орындарында педиатрия факультетінің жабылуымен сабақтастырған еді. Бұйырса, бұл мәселе де мәнісін таппақ. Жаңа министрдің жүрек жылытқан бір ісі – сол педиатрия бөлімдерін қайта ашуға пәрмен беруі. Бұл – талай жыл шешімін таба алмай маңдай тасқа соғылғандай шаруа еді.
Бала дәрігерінің жетіспеушілігі салдарынан бүгінде балалар арасында ауру көбейген. Бүгінде мәліметтер балаларда жүйке жүйесіне қатысты, ас қорыту-ішек, бүйрек, бауыр ауруларының артқанын көрсетіпті. Олардың көбі созылмалы дертке айналады екен. Бұған қоса, «қолданыстағы» бала дәрігерлерінің шақыртқанға кешігіп келетін, тіпті, келмей қалатын, біліктілігі төмендігі және бар.
Бұл – бір мысал. Әлбетте, мұның субъективті жағы да бар.
Педиатрдың
пешенесіне көлік
жазылмаған ба?
Айталық, бала дәрігерінің аздығы. Одан соң ол дәрігердің учаскесін ауыр қобдишасын арқалап, жаяу-жалпы аралайтындығы – субъективтік себептердің бірқатары. Жаяудың шаңы шықпасы белгілі, бала дәрігері тап сол. Уақыты жетпейді. Көлігі жоқ. Күн ұзаққа кабинетте отыратын басшыларының астында қызметтік көлік. Халыққа нағыз керек дәрігер жаяу тозып жүреді. Кабинеттегі адам көлікпен «обедке» барады. Бұл қалай? Өзі шаршап-шалдығып, пәленбай ауруды жаяу аралаған дәрігер науқасты қарауға қайдан шамасы келсін? Келгенінен кетуі тез. Өйтпеске амал жоқ. Келесі науқас күтіп отыр – көзі төртеу болып… Шала-шарпы қарап, шашылып-төгіліп, әрі қарай жортады. Сосын учаскелік дәрігерді қалай жазғырарсыз? Жегені – жантақ, арқалағаны – алтын түйе секілді. Кінә кімде? Содан болар, учаскелерде бала дәрігері жиі ауысады. Бұл бір тұрақсыз, тұрлауы жоқ орын.
Сағыныш АРМАНҚЫЗЫ, педиатр:
– Бала дәрігерінің жұмысы өте күрделі, ауқымды. Әсіресе, қаланың бір бөлігін, өзіңе тиесілі учаскені жаяу аралап, балалардың шақыртуына үлгеру өте қиынға соғады. Бұл – рас. Оны мойындау керек. Көлігіміз жоқ.Осы уақытта, қыстың күнінде түрлі тұмау, суық тиюлер көбейген шақта шақырту 20-ға дейін жетіп жығылатын күндер болады. Сонда бала дәрігері бір мезгіл қабылдауда болып, бір мезгіл шақыртуға баруы тиіс. Соған үлгеруге тырысамыз. Бала денсаулығына немкетті қарауға әсте болмайды.
Материалдық тұрғыдан келсек, қолда бар ақпараттарға сенсек, кейінгі жылдары денсаулық саласына бөлінген қаржы жыл сайын 30 пайызға ұлғайып келеді. Министрлік мәліметінше, ішкі жалпы өнімнің 2,8 пайызы медицинаға жұмсалады. Солай бола тұрса да, учаскелік дәрігерлердің басындағы материалдық ахуал шешілмейді. Педиатрларға көлік тимесін деген заң олардың маңдайына жазылып қоймаған шығар. Өзі аз ғана педиатрдың арқа етін арша етіп қойып, олардан қайтіп жөн сұрайсыз? Бала дәрігері сәби денсаулығының бірінші күзетшісі емес пе?
Жалпы, еліміздегі мемлекеттік ауруханалар мен емханаларға он мыңдаған дәрігер жетіспейді екен. Қарағанды облысында да қаншама дәрігер маман керек. Мұның қатарында бала дәрігері де бар.
Бала дәрігерінің басындағы халді түземейінше, ұрпақтың денсаулығы түзелмек емес…
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА
Сурет ғаламтордан алынды.