Бас тақырып

Ерекше балаға ерекше қамқор орталық айына – 50, жылына – 600 бала қабылдайды

Алты жастағы Кирилл былтыр вирусты энцефалит салдарынан инсульт алып, не сөйлей алмай, не қозғала алмай қалған. Анасы Лидия Сеннің айтуынша, реабилитацияның, яғни, оңалтудың арқасында қазір өзі жүріп-тұратын халге жетті. Сөйлейді де. Кирилл реабилитацияны осымен төртінші рет өтіп отыр. Бұл биылдыққа. Оған әр үш ай сайын оңалту курсынан өту керек. Осыдан кейін тағы бір рет келеді. Бұған дейін облыстық клиникалық балалар ауруханасында жатқан екен.

Облыстық клиникалық балалар ауруханасының жаңа ғимаратының бір бөлігінде «Қамқорлық» оңалту орталығы ашылғанына екі айға жуықтады. Мұнда балалар Кирилл сияқты қандай да бір аурудан кейін қалпына келеді. Сонымен қатар, үнемі қамқорлықты қажет ететін ерекше балалар да осында.

Ол балалар үшін оңалту шараларының әсері зор. Сол себепті де оңалту орталықтары жайлы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» Жолдауында атап айтқан болатын. «Балаларға қолжетімді болуы үшін шағын және орташа оңалту орталықтарының желісін кеңейту қажет. Біз ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін бірдей мүмкіндік жасауға міндеттіміз» деген сөзі реабилитация ісіне назар аударып, оны дамыта түсуге негіз болды. Қазір мұнда неврология бойынша патологиясы бар балалар келуде. Алдағы уақыта көрсетілімдер қатары көбеймек. Қандай да бір нақты ауруы болмаса да, жиі суық тиетін, иммунитеті әлсіз балаларға дейін келе алады.

– Облыс деңгейіндегі оңалту орталығын ашу идеясы бұрыннан болғанымен ол үшін сәйкес келетін ғимарат жоқ еді, – дейді облыстық оңалту орталығының басшысы Нина Деркач. – Жаңа ғимаратқа көшкеннен кейін ғана мүмкіндік туды. Облыстық балалар оңалту орталығы 60 балаға арналған. Мұнда күндізгі және тәуліктік стационар бар.

Нина Григорьевна барлығын өзі аралатып, көрсетті. Әйтпесе, сырттан келген адам үшін аурухана ішінде адасып кету оңай. Әуелі физио ем шараларын алатын кабинетке бардық.

– Физиопроцедуралар ең заманауи деген аппараттарда жүргізіледі. BTL фирмасының аппараты электр стимуляциясымен емдеуге арналған. Лазерлі жəне магнитті терапия, парафинді жылытуға арналған құралдар, басқа да аппараттар бар, – деді физиокабинеттің медбикесі Светлана Клейменова.

– Күндізгі стационардың өзінде де арнайы палаталар бар. Бірнеше сағат болса да, баламен келген ата-аналар үшін ыңғайлы етіп жасалды. Екі адамдық палата, жеке əжетханасы бар, – деп көрсетті Нина Григорьевна.

Оңалту орталығының жеке тіркеу бөлімі жұмыс істеп тұр. Невропатолог пен реабилитолог мамандар баланы қарап, қандай ем алуға болатынын айқындап береді.

– Мұнда қатты ауырып тұрған балалар келмейді. Жүйке жүйесі ауруларына шалдыққан балалар көбірек. Балалардың сал ауруы, энцефалопатия, неврологиялық паталогияның басқа да түрлерімен келеді. Алдағы уақытта «Березка» шипажайының балаларын қабылдаймыз. Онда балалар суық тию, анемия сынды аурулармен жататын. Тура осындай екінші орталық ашылады. Орын жеткілікті болады, – дейді дəрігер.

Екінші орталықтың да жөндеу жұмыстары аяқталып, дайын тұр екен. Тек құрал-жабдықтардың келуін күтіп отыр.

– Шунгит бөлмесінде сыртқы ортаның əсері жоқ. Онда анасы мен баласы бір өздері ғана. Жүйке жүйесіне əсер ететін сыртқы рефлекторлық тітіркендіргіштерді алып тастау керек болғанда ұсынылады. Сенсор бөлмесі балаға қуаныш сыйлайды. Əр өзгерген түс оларға қызық. Оның қалай өзгеріп жатқанын білгісі келеді. Ұстап көріп, қызықтауына кедергі келтірмейміз, – дейді дəрігер.

Нина Григорьевнаның айтуынша, мұндай тұтас шунгит бөлмесі облыстағы қымбат деген СПА орталықтарда жоқ. Мұнда тегін.

Одан кейін дефектологтың кабинетіндегі интерактивті үстелді көрдік. Дефектолог пен логопед тұрақты түрде жұмыс жасайды.

Бақытжамал Əбдірахманова 5 жастағы немересімен логопедтің кабинетінен шықты.

– Келгенімізге екінші күн. Тіл дамуында кемістік бар. Бізге №3 емхана жолдама берді. Алғашқы аптада осында жатып, баланы үйретіп алайын дедім. Келесі аптадан бастап, күндізгі стационарға ауысамыз, – дейді ол.

Логопед Қымбат Алимованың айтуынша, ол күніне 20 шақты бала қабылдайды.

– Бізге əртүрлі бала келеді. Аутизм, Даун синдромы, сал ауруы бар балалар келеді. Əрқайсының жағдайына қарай сөз айтуға, дыбыстауға көмектесеміз. Тілге, ұртқа, ауыз қуысына логомассаж міндетті түрде жасалады, – дейді.

 

Одан бөлек эрготерапевт бар. Бізше, еңбекке баулу. Мұнда ерекше балаларды күнделікті өмірдегі əрекеттерге үйретеді. Мəселен, түйме тағу-шешу, үтіктеу, ас үй заттарын қолданып үйрену сияқты. Қарапайым əрекеттер. Бірақ ерекше балалар үшін əжептеуір жұмыс екенін айтады дəрігер.

Орталық басшысы көрсеткен иммерсионды ванна да облыста жалғыз.

– Бұны «Посейдон» ваннасы деп те атайды. Арнайы бағдарламасын қойып, балаларды жатқызамыз. Ішіндегі аппарат оларды төмен қарай түсіреді. Беткі қабаты балаға су өткізбейді. Бала онда жатқанда ғарышта қалықтап жүргендей сезімде болады. Бұл баланың жүйке жүйесін тыныштандыруға ықпал етеді, – дейді Нина Деркач.

Мұнда тұздан жасалған бөлме де бар. «Қыста нағыз керегі осы», – деп қояды Нина Григорьевна.

Емдік шынықтыру кабинетінен үшеу. Əрқайсысы баланың жасы мен денсаулығының жағдайына байланысты.

– Мұндай орталықтың ашылуы мүгедектігі бар балалардың көбеюімен тікелей байланысты. Ашылған кезде біз бұл балалар туралы ақпарат жинадық. Бізге кімдер келетінін, қандай ем жасауымыз керектігін алдын ала бағдарладық. Баламен жалпылама емес, жекелей жұмыс істеу үшін жасалды. Барлық облыс тық, қалалық емханалар біледі. Жолдамамен жібере алады. Бірінші орталық 3 айдан 3 жасқа дейін, екіншісі 3 жастан 17 жасқа дейінгі балаларды қабылдайды. Қазір оңалту шараларына айырықша көңіл бөлуде. Ата-аналар да бұл тұрғыдан сауатты, белсенді. Бүгінде 35 бала келіп жүр. Бірақ, бұл сөзсіз көбейеді, – дейді Нина Деркач.

Орталық басшысы бір орталық айына – 50, жылына 600 баланы қабылдайды деп жоспар қойып отыр. Екінші орталық іске қосылғанда бұл екі еселенеді.

Жансая ОМАРБЕК,
Суретті түсірген Жангелді ƏБДІҒАЛЫМ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button