«Балқаш Жылу» ЖШС-нің басшылары 677 млн теңге жымқырды деген күдікпен қамауға алынды
«Балқаш Жылу» ЖШС-нің лауазымды тұлғалары жалпы сомасы 677 млн теңге бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі баспасөз қызметінің хабарлауынша, сотқа дейінгі тергеп-тексеруді агенттіктің Қарағанды облысы бойынша департаменті тіркеді.
«Балқаш Жылу» ЖШС-нің бұрынғы басшылығы 2020 жылдың маусымынан 2023 жылдың қаңтарына дейінгі аралықта Балқаш ЖЭО және Балқаш қаласының жылумен жабдықтау желілерін жөндеуге және ұстауға арналған 677 млн теңге көлемінде бюджет қаражатын жеке шоттары мен жалған кәсіпорындардың шоттарына жіберу арқылы жымқырған.
Аталған тұлғалар ұсталып, тергеу изоляторына қамалды. Тергеу судьясы екі ай мерзімге «қамау» шарасын санкциялады.
«Тергеу жалғасуда. ҚР ҚПК 201-бабына сәйкес өзге де мәліметтер жария етілуге жатпайды»,-делінген хабарламада.
ҚР Конституциясының 77-бабының 3-тармағының 1-тармақшасына және ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 19-бабының 1-бөлігіне сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылық жасаудағы кінәсі соттың заңды күшіне енген үкімімен белгіленгенге дейін әркім кінәсіз деп есептеледі.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
Ortalyq.kz