БАЛҚАШ ШЕЖІРЕСІ – КӨРМЕДЕ
Балқаш тарихи-өлкетану музейі «Туған жер» бағдарламасын іске асыру мақсатында «Балқаш өңірінің тастағы суреттері» тақырыбындағы көрмені ұсынуда. Аталған көрме облыстық тарихи-өлкетану музейінің 85 жылдығына орай «Қарағанды облысы музейлерінің апталығы» аясында ұйымдастырылуда.
Іс-шара 18-25 шілде аралығына жоспарланған. Көрме алаңында оңтүстік-батыс және солтүстік Балқаш өңірлерінің б.з.д. 12-1 мыңжылдықтарда – соңғы палеолиттен ерте темір дәуіріне дейін салынған тастағы суреттер қойылады. Петроглифтердің түпнұсқалық фрагменттерімен бірге суретші-зерттеуші, тарихшы А.Горбатовтың суреттері – көшірмелері қойылады.
Сондай-ақ, мұнда тастағы суреттерде бейнеленген артефактілердің К.Алтынбеков жасаған көшірмелерінің жиынтығы мен балқаштық қолөнер шебері А.Лучшев қалпына келтірген қазақ жауынгерлерінің қару-жарақтарын тамашалауға болады.
Сарыарқаның оңтүстік және оңтүстік-шығыс өңірлерінен табылған мұндай жәдігерлер Қарағанды тұрғындары назарына алғаш рет ұсынылып отыр. Көрме облыстық тарихи-өлкетану музейінде өтуде.
Нұрқанат ҚАНАФИН,
«Орталық Қазақстан»