АймақБалқаш

Балқаш музейіндегі жеті домбыра

Балқаш қалалық тарихи-өлкетану музейі – тек өлкенің өткені мен мәдениетін танытатын орын ғана емес, сонымен қатар, қазақтың киелі аспабы – домбыраның сырлы тарихына үңілуге мүмкіндік беретін рухани орда. Мұнда бүгінде жеті бірдей домбыра сақтаулы тұр. Әрқайсысы – өзіндік тарихы, иесі мен ерекшелігі бар ұлттық мұрамыздың баға жетпес бөлшегіне айналған.

Суреттер автордан

Солардың бірі – Ортеке домбыра. Бұл аспапты белгілі шебер Нұрғали Жиенханов жасап шығарған. Домбыраның басты ерекшелігі – оның көмегімен «Ортеке» биін сүйемелдеп тартуға болады. Сәндік әрі сахналық мақсатта жасалған бұл домбыра қазақ халқының дәстүрлі өнерінен сыр шертіп тұр.

Музей төрінен орын алған тағы бір қастерлі домбыра – академик Әлкей Марғұланға тиесілі. Бұл аспапты ғалымға  – Ақтоғай ауданының халқы арнайы жасатып, сыйға тартқан екен. Қазақ археологиясының атасы атанған Марғұлан үшін бұл домбыра – тек аспап қана емес, ақтоғайлықтармен  рухани байланысының нышаны болғандай.

Мұнда ерекше құрылымымен көзге түсетін қос домбыра да бар. Бұл домбыралардың бірегейлігі – құлақ күйінің екі түрлі болуында. Соның арқасында әнші екі түрлі дауыста, яғни, екі диапазонда ән орындай алады. Бұл шеберліктің шыңы іспеттес өнер туындысын дәстүрлі әнші әрі домбыра шебері Мәден Ноғайбек жасаған. Сол сияқты Сарыарқа үлгісінде, яғни, дәстүрлі қалыппен жасалған тағы бір домбыра да – Мәден ағамыздың қолынан шыққан. Айтулы домбыра қазақтың кең тынысты ән өнеріне лайықталып жасалған көрінеді.

Музейдегі тағы бір ерекше айта кетер домбыра – арша ағашынан жасалған. Бұл туынды – белгілі өнерпаз әрі ағаш шебері Аман Сәдуақасовтың қолынан шыққан. Тағы да бір сақтаулы тұрған екі домбыраға көзіміз түсті. Бірі , – кең корпусты, тіктөртбұрышты және  екіншісі Абайдың домбырасына ұқсас үлгіде жасалған көне аспап. Тапсырған адамның есімі беймәлім. Дегенмен, бұл домбыралардың өзі қазақтың ағартушылық дәуірінің рухын еске салып, Абай заманына жетелейді.

Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Балқаш

Басқа материалдар

Back to top button