Балқаш

Балқаш балқымасы

    Балқаштың бастапқы балқымасы – қара мыс 1938 жылы 24 қарашада алынды. Бұл Қазақстан ауыр өнеркәсібінің қарыштап алға басуына сүбелі септігін тигізді.

Ал, Балқаштың бастапқы шақпақ мысы тұтынушыға 1952 жылы

3 мамырда жөнелтілді. Осы өткен кезеңде 12 миллион тоннадан астам шақпақ мыс шығарылды.

Еселі еңбекпен екшелген жарқын жылнама! Қазақстанды ғана емес, әлемнің шартарабын шапағы шалған шақпақ мыс! Тұрақтылық пен сенімділік кепілі!

Өркендеу өрісі

Мол мыстың қоры анықталып, қарт Балқаштың бойында қуатты комбинат салу екпінді екінші бесжылдықтың  жоспарына жедел енгізіліп, қазығы 1934 жылы қағылды. Құрылыс түрен тимеген тың далада, қатал табиғат құрсауында, өндіріс орталығы мен теміржолдан жырақта жүргізілді. Негізгі тасымал күші – ат пен түйе. Сосын «Бөрлітөбе» айлағы мен «Бертіс» шығанағы арасындағы су жолы.

«Балқаш – Қарағанды» шойынжолының қатарға қосылуы құрылысқа қарқын берді. Өндіріс пен әлеуметтік-тұрмыстық нысан қанжығаласа қанат жайып, көгілдір көлдің жағалауы жайнай түсті. Қуатты «Қоңырат» кенішіне қырқыншы жылдың басында мырышты «Гүлшат» пен молибденді «Шығыс Қоңырат» қосылды.

Ел басына қатер төнген кезеңде Мәскеу түбіндегі Кольчугина түсті металл зауыты Балқашқа қоныс аударды.

Қырқыншы жылдардың аяғына қарай мысты электролиздеу цехының құрылысы басталды. Өйткені, одан әрі өңделетін қара мысты сыртқа тасымалдау тиімсіз еді. Ал, соғыстан шаруашылығы күйзеліп шыққан елге барынша тазартылған шақпақ мыс ауадай қажет болды. Цехтың бірінші кезегі 1952 жылы мамырда қатарға қосылды.

Сол жылы қаңтарда анод учаскесі пайдалануға берілген болатын. Қара мыстың құрамындағы әртүрлі қоспа оның физикалық-механикалық күйін төмендетіп, өнеркәсіптік мақсатқа пайдалануға жарамсыз етеді. Сондықтан, оны отпен тазартуға тура келеді. Мұның өзі өте күрделі үдеріс, қара мыс анод негізіне айналғанша сан сатыдан өтеді.

Мысты электролиздеу цехын жобалау мен құрылысын жүргізгенде отандық және шетелдік тәжірибедегі үздік жетістік ескерілді. Оның екінші кезегі – 1956 жылы, ал үшінші кезегі 1967 жылы пайдалануға берілді. Әлемдік технологияда анод негізіне барынша қатаң талап қойылады. Ал, жергілікті анодтан сапалы мыс алу тіпті мүмкін емес деп есептелді.

Соған қарамастан, балқаштық электролизшілер кез келген шикізаттан талабы темірдей тұтынушының көңілінен шығатын жоғары сапалы мыс алуды қамтамасыз етіп келеді. 1998 жылдан бері сапасы жағынан әлемдік стандартқа сай МООК маркалы мыс алынады. Мыс матрицаны титанды түріне алмастыру өнім сапасын одан әрі жақсартып, өндіріс мәдениетіне оң ықпал етті.

Зауыт өндірісі шихта дайындау цехынан басталып, дайын өнім қоймасымен аяқталады. 1971 жылы Саяқ кенін өңдеуге кірісу байыту фабрикасының қуатын арттырып, жаңадан екі желі және концентрат қоймасы қатарға қосылды. Кен өңдеу көлемінің ұлғаюына орай шихтаны мол дайындауға мүмкіндік туды.

Бұрын байыту фабрикасындағы кептіру-сүзу учаскесі мен мыс қорыту зауытындағы балқыту цехының ұнтақтау-шихта дайындау учаскесі негізінен бір шаруамен – металлургиялық агрегатты шикізатпен қам­тамасыз етумен шұғылданатын. 1974 жылы қаңтарда осы екі учаскенің базасында шихта дайындау цехы құрылды.

Өнімнің тауарлық бет-бейнесінің тартымды болуы да айырықша маңызды. Сондықтан, дайын өнім қоймасы қайта құрылып, жетілдірілген құрал-жабдықпен жарақтандырылған. Сапа беделді ғана арттырмайды, экономикалық тұрғыдан да тиімді. Ең бастысы, ол айна сияқты, мыңдаған металлургтің маңдай тері, сіңірген ерен еңбегі одан айқын көрінеді.

«Техникалық төңкеріс»

Өнеркәсіптік пайдаланылуы 1985 жылы маусымда басталып, сәтімен игерілген мысты сұйық ваннада балқыту үдерісін (оны ауыз-екі «Ванюков пеші» деп те айтады) өндірісшілер осылай бағалады. Оған балқаштық металлург, технолог, инженер-техникпен қатар Мәскеу мен Алматыдағы ғылыми-зерттеу және жобалау институтынан бірқатар көрнекті өкіл қатысты.

Екінші «Ванюков пеші» 1987 жылы қарашада қатарға қосылды. Осы шаруаның шырайын шығаруға мыңдаған адам орасан қажыр-қайрат жұмсады. Жалпы Балқаш кен-металлургия комбинатында мысты сұйық ваннада балқытуды бағындыруға үш рет ұмтылыс жасалды.

Бұдан бұрынғы екеуі сәтсіздікке ұшырап, үшіншісінде кесімді шешім айтуға ешкімнің көңілі дауаламады. Бірақ, балқаштық металлургтер дұрыс жолда екенін түйсінді, қолға алған істің келешегіне қапысыз сенді. Алғашқы сәтсіздіктің астарында пештегі физикалық-химиялық үдеріспен тығыз байланысты жұмыс режимін жедел тап баса алмау жатыр еді.

Мыс балқытудағы бұл тәсілдің тиімділігі – жоғары өнімділік, отын үнемдеу, күкірт қышқылы алынатын газдың қоюлығы, құнарсыз шикізаттан құрамында мысы мол штейн алу мүмкіндігі. Алайда, осы артықшылықты орынды пайдалануға технологтың даярлығы кемшін болып шықты.

Шихта дайындау мен оттегі беруден штейн мен шлак алуға дейінгі аралықтағы өн­дірістік үдеріс машықты шеберлік пен жоғары техникалық тапқырлықты талап етті. Балға мен сүйменді шыр айналдырған білекке саусақтың ұшымен бармақтың басындай тетікті басу сырт көзге ғана оңай екен.

Жаңа технология қара күшке салғанды көтермеді, белгіленген жұмыс режимін қатаң сақтағанда ғана тиісті нәтиже берді. Қалай десек те, мысты сұйық ваннада балқыту үде­рісін игерудің қиын кезеңі – босқа кеткен уақыт емес. Ең бастысы, сол бір қиын да күрделі жол мыс балқыту өндірісінде табысты аяқталды.

Негізі бұл тәсілді игеруді алпысыншы жылдары алғаш рет қолға алған сол кезде батыл талпынысымен танылып қалған норильскіліктер екенін айта кеткен артық емес. Алайда, олардың ұмтылысы сәтсіздікке ұшырады. Сосын аталмыш идеяны жүзеге асыруға 1973 жылы балқаштық металлургтер кірісті.

Мұндай таңдауға түрткі болған мәскеу­лік Болат және құйма институтының профессоры Андрей Владимирович Ванюков еді. Жаңа технология балқыту цехында жасақталған аумағы 4,5 шаршы метрлік шағын тәжірибелік-өнеркәсіптік пеште бес жылға жуық сынақтан өтті. Пештің құрылымдық ерекшелігі мен технологияның принципті негізі зерттелді.

1978 жылғы желтоқсанның соңы мен жаңа жылдың қаңтарында сынақ сәтті аяқталды. Балқытушылар табандылық танытты, жаңашылдыққа деген сенімге селкеу түсірмеді. Сәтсіздік сан рет сан соқтырғанымен, бейнелеп айтқанда – сүрінсе де құламады, бойын тіктеп бәрін қайтадан бас­тады. Ақыры көздегеніне жетті.

«Ванюков пеші» металлург мамандығына байланысты бұрынғы түсінік пен көзқарасты түбегейлі өзгертті. Шикізатты кешенді пайдалануды одан әрі дамытуға жол ашты. Қиын өңделетін өнеркәсіптік өнімді, өндірістік қалдықты, күрделі шикізатты балқыту мүмкіндігі туды. Газды кәдеге жаратып, күкірт қышқылын алуға, қоршаған ортаны таза ұстауға жеткізді.

Бедерлі үш белес

Балқаш мыс қорыту зауыты қатарға қосылғаннан бері  бірнеше мәрте қайта құрылды. Өткен ғасырдың соңғы жиырма жылының өзінде үш рет (1981 жылғы 3 наурыз, 1991 жылғы 26 маусым, 1997 жылғы 10 наурыз) елеулі өзгеріске түсті: іргелі цехтарды біріктірген дербес кәсіпорын ретінде қайта құрылып, кен-металлургия комбинатының, кейінен өндірістік бірлестіктің құрамына кірді. Ал, 2009 жылдың ақпанынан «Қазақмыс» компаниясының жеке металлургиялық кешеніне («Kazakhmys Smelting» ЖШС) қарайды.

Зауыттың мыс балқыту бағытындағы даму үдерісін үш кезеңмен қарастыру керек. Тоқетеріне тоқталсақ, біріншісі – Қоңыраттың аралас кенінен алынған концентрат қолданылған 1938-1946 жылдар. Бастапқыда концентратта – тотыққан, кейін күкіртті материал басым болды. Балқымадан құрамындағы мыстың үлесі 40%-ға жуықтайтын штейн мен 51-54% кремнеземі бар қышқыл шлак алынды. Штейіндегі мыс құрамы шихтаға пирит қосу арқылы реттелді.

Екіншісі – Қоңырат пен Жезқазған кенінің қоспасынан Балқаш байыту фабрикасында алынған күкіртті қышқыл тұзды концентрат пайдаланылған 1947-1953 жылдар. Бұл кезеңде металлургиялық цех негізінен Балқаш концентратымен жұмыс істеді, өңделген кеннің үштен бір бөлігіне жуығы Жезқазғаннан жеткізілді. Жезқазғанда байыту фабрикасы іске қосылғанда кен тасу тоқтатылып, мыс балқыту өндірісіне жезқазғандық концентрат келе бастады.

Балқыма Балқаш пен Жезқазғанның концентратынан алынған үшінші кезеңде (1954-1963ж.ж.) кейінгісінің үлесі қомақты бола түсті. Шарпу пешіне қатты шихтамен қоса құрамында 3%-ға дейін мыс бар конверторлық шлак құйылды. Өнерәсіптік тәжірибе нәтижесінде конвертерлеу үдерісін одан әрі жетілдіру жолы айқындалды. Конвертерден алынған құрамында 1,0-0,8% қоспасы бар қара мыс анод пешінде одан әрі тазартылды.

Кейінгі жылдары жүргізілген өндірісті жаң­ғырту, технологиялық үдерісті жетілдіру жөніндегі жүйелі жұмыс, ұжымда интеллектуалдық қуаттың өсуі балқаштық металлургтердің болашаққа селкеусіз сеніммен қарауына берік негіз қалады. Мыс қорыту зауытының «Қазақмыстың» металлургиялық кешеніне қарайтын кәсіпорын болып қайта құрылуының өзі оның тарихындағы жаңа жарқын бет жазуына жасалған игі қадам деп бағалаған орынды.

Алайда, атқарылған игі істің ұйытқысы, алдағы уақытта жүзеге асырылатын тың идеяның қозғаушы күші, жасампаздықтың жаршысы еңбек адамы екені анық. Металлургиялық кешенді былай қойғанда, бір мыс балқыту цехында еңбек ететін тоғыз жүзге тарта адамның арасынан да талай тарлан табылады.

Келешек көкжиегі

Былтыр маусымда Балқашта «Метал­лургия: технология, инновация, сапа» та­қы­­рыбымен отандық түсті металлургияны одан әрі жаңашылдықпен дамытуға арналған ғылыми-техникалық конференция өтті. Оны осы саланың елдегі көшбасшысы «Kazakhmys Smelting» ЖШС ұйымдастырды.

Форум ғылыми мүмкіндікті қазіргі металлургиялық кешен базасында қолдану мәселесін алдына негізгі мақсат етіп қойды. Соған сәйкес, техникалық шешім мәліметін талдау қорын қалыптастыру мен пайдалану, өндіріске әлемдік озық технология тарту, өндірістік активтің техникалық-экономикалық көрсеткішін талдау және мониторингі сияқты маңызды міндетті шешу жолы талқыға түсті.

Ғылыми-техникалық конференция жұмысына мәскеулік «МИСиС» ұлттық зерттеу технологиялық университеті мен «НОРД инжиниринг» АҚБ, алматылық Металлургия және байыту институты ғалымдары, «Kazakhmys Holding» ЖШС қызметкерлері, өндіріс ардагерлері мен техникалық оқу орны студенттері атсалысты.

Өндіріс пен ғылымның бірлескен әрекеті, технологиялық үдерісті жаңғырту және мыс өндірісінде минералдық шикізатты пайдалану, балқыту өндірісін дамыту беделді баяндамаға желі болып тартылды. Минералдық шикізатты флотациялық байытуды жетілдіру мен Жезқазған байыту фабрикасының өндірістік қалдығынан мыс концентратын алу да назардан тыс қалмады.

Бұл басқосу ғылым, өндіріс пен бизнес үшін таптырмайтын алаң болды. Оған қатысқандар өндірісті жаңғырту мен тиімділігін арттыру, өндіріс қуатын ұлғайту, түсті металлургияға қатысты тағы басқа мәйекті мәселе төңірегінде тәжірибе алмасуға мол мүмкіндік алды.

Өзекті мәселеге мән берген осындай тағылымды басқосу қазанда тағы болды. Жаздағы жиынның қисынды жалғасындай ол «дөңгелек үстел» аясында өтті. Бұл халықаралық ғылыми-техникалық конференция «Металлургия: келешек көкжиегі» тақырыбын қаузады: «Kazakhmys Smelting» ЖШС металлургиялық зауыттарын ұлғайту мен жаңғыртудағы ғылыми және инженерлік шешімнің қолданбалы сипатын безбендеді.

Халықаралық форумда ғалымдармен қатар, тәжірибесі әлемдік деңгейде мойындалған бірнеше өндірісші өз ойын ортаға салды. Олардың қатарында еуропалық «Outotec» компаниясы, ресейлік «Норильский никель» кен-металлургия комбинаты, өзбекстандық «ОртаАзТүстіметЭнерго» АҚ өкілі болды.

Форумда «Ванюков пешінде» балқытудың технологиялық тәртібін тұрақтандыру, Балқаш мыс қорыту зауытының күкірт қышқылы цехын жаңғырту, газ тазарту жүйесін қайта құру, Жезқазған мыс қорыту зауытының технологиялық газын кәдеге жарату мәселелеріне мән берілді. Барлық талқы аймақтың экологиялық жағдайын жақсартуға, елдегі түсті металлургия саласын тұрақты дамыту стратегиясын жүйелі жүзеге асыруға бағытталды.

Әлібек ӘБДІРАШ

БАЛҚАШ қаласы.

 

РЕДАКЦИЯДАН:

Қаңтар айынан белгілі журналист Әлібек ӘБДІРАШ облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің Балқаш, Приозерск қалалары мен Ақтоғай, Шет аудандарындағы меншікті тілшісі ретінде қызметке кірісті. Аталған өңірде осы уақытқа дейін меншікті тілші міндетін мінсіз орындап келген Оралбек ЖҮНІСҰЛЫ  құрметті зейнеткерлікке шыққан болатын.

Журналистика саласында қырық жылдан астам өтілі бар Әлібек Әбдіраш еңбек жолын 1975 жылы бұрынғы Жезді аудандық «Октябрь туы» газетінде тілші болып бастаған. Кейін республикалық «Егемен Қазақстан» газеті экономика бөлімінің меңгерушісі, республикалық «Қазақ Елі» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, аймақтық «Мысты өңір» газетінің бөлім меңгерушісі, бас редактордың орынбасары, «Жас Алаш» газетінің Қарағанды облысындағы меншікті тілшісі, Ұлытау аудандық «Ұлытау өңірі» газетінің меншікті тілшісі қызметтерін атқарды.

Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, Республикалық «Алтын қалам» байқауының жүлдегері, Ұлттық «Алтын Гефест» байқауының жеңімпазы, Қарағанды облысы әкімінің «Алтын сұңқар» сыйлығының иегері.

Газеттің бүгінгі санында Әлібек Әбдіраштың газеттің меншікті тілшісі ретіндегі алғашқы мақаласын назарларыңызға ұсынуды жөн көрдік.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button