Балқантаудың ақиығы
Ақын, журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Кәрім Жұмабекұлы Сауғабай 1941 жылы 9 қыркүйекте сол кездегі Қу ауданының Едірей тауының батысындағы Қитабан қыстауында дүниеге келген. Бұл – қазіргі Қарқаралы ауданына қарасты Мәди селолық округіндегі мекен. Әкесінен жастай жетім қалып, соғыстан кейінгі жоқшылық, тұрмыс ауыртпашылығын бастан өткереді. Алыс қыстақтан жаяулап-жалпылап жүріп мектепке барып, оқудан қол үзбеген. Өзінен 12-13 жастай үлкен ағасы Әбдуахит Жұмабеков деген елге қадірлі азамат болған еді. Оның оқыған-тоқығаны болмаса да көп жыл «Арқалық», «Айрық» совхоздарында жұмысшылар комитетінің, яғни кәсіподақ комитетінің төрағасы болып қызмет істеді. Міне, осы Әбекеңнің арқасында Кәрім жетімдік көрген жоқ. Оның алаңсыз мектеп бітіріп, жоғары білім алуына мүмкіндік жасады. Інісі отау құрып, үйлі-баранды болғанша оның туыстық міндетін, ағалық қамқорлығын аямағанын ауыл адамдары жыр ғып айтады.
Облысымызға аты әйгілі ақын, қарымды журналист Кәрім Сауғабайдың өмір жолы, шығармашылық ғұмыры тақтайдай болған жоқ. Ол 60-шы жылдардың басында Қарағанды педагогикалық институтының тарих-филология факультетіне оқуға түсіп, бала күнгі арманына жетеді. Онымен бірге кейін жазушы, журналист болып танылған Мақсым Омарбеков, Серікбай Алпысов оқыған еді. Алыс ауылдан білім іздеп келген талантты жастар жарыса жыр жазып, әдеби кештерге қатысады. Сондай басқосу кездерінде жастар өлең оқумен қатар, тіл тағдыры, ел тағдыры туралы да әңгіме қозғайтын еді. Ол уақытта қазақ мектептері жабылып, тіліміздің жағдайы ауырлай түскен кез. Сол жылдары елімізде, соның ішінде Қарағанды қаласында «ЕСЕП» партиясы жасырын жұмыс істегені белгілі. Кәрім бастаған студенттер оған мүше болады. Ақыры жастар тоталитарлық режимге қарсылық білдіріп, түрлі үнпарақ (листовка) жазып, таратады. Бұл іске КГБ араласып, тергеу жүргізеді. Бұл үндеулердің авторлары Мақсым Омарбеков пен Кәрім Сауғабаев деп табады. Институттың комсомол жиналысы болып, екеуін комсомолдан шығарып, оқудан да аластату мәселесі туындайды. Оларды жақтап сөйлеушілер де, даттағандар да болды. Біреулер үкіметке қарсыларды құрту керек деді. Әлі жас қой, қателіктерін кешірейік деушілер көп болды. Ақыры Мақсымның отбасылық, денсаулық жайын еске алып, оған қатаң сөгіс беріп, институтқа қалдырады. Кәрімді бір жылға ауылға мал бағуға жібереді. Осы сынақ кезінде саяси көзқарасын өзгертсе, қайта оқуға алып, институтты бітіруге мүмкіндік берілсін дейді. Себебі, олар соңғы курста оқып жүрген еді. Сөйтіп, Кәрім «Арқалық» совхозына барып, бір жыл қой бағады. «Үндеместер» келіп ай сайын тексеріп отырады. Сол жылы Хрущев биліктен кетіп, Брежнев келген еді. Саяси жағдайдың өзгергені де дұрыс болып, ақыры Кәкең 1965 жылы пединститутты бітіріп шығады.
Дәл сол жылы біраз уақыт жабылып қалған Қу ауданының орнына Егіндібұлақ ауданы құрылған еді. Жасынан ақындықты серік еткен, әдебиетке жаны құмар Кәрімпединститутты тәмамдағанмен, журналистік жолды таңдады. Жаңадан ашылған аудандық «Ленин туы» газетіне тілші болып орналасты. Қарқаралының аудандық «Коммунизм таңы» газетінде орын болмай Мақсым досы да осында келген еді. Сол жылдары «Ленин туы» газетінде бір топ ақын тілші болып қызмет істеді. Солардың ішінде ең үлкені әрі қарымдысы Айтқазы Нұрбеков марқұм болатын. Егіндібұлақтың тумасы Айтаға сонау 50-ші жылдары Алматыда оқып, әдеби ортаға ерте араласқан азамат. Кезінде өлеңді Тұманбай, Қадырлармен қатарласа жазып, жарық жұлдыздай көрінген-ді. Кезінде әртүрлі газеттерде қызмет істеп, ақыры табаны Балқантауға тиген екен. Өлеңдері өте шымыр, төгіліп тұрған ақын, талантты азамат еді. Тағы сол Алматыда оқыған Хасен Рақымбеков ағамыз да мықты журналист, қапысыз ақын болды. Олардың қатарына пединституттың әдеби үйірмесінен Кәрім мен Мақсым қосылды. Жергілікті ақындар да жетіп артылатын. Қояндыдан Дәкен Қабанбаев, Теректі ауылынан Еркін Шошаев, Ақтастыдан Нәзипа Асқарова, Абай ауылынан Қапай Ахметжанов құлаш-құлаш өлең жолдайды. Егіндібұлақтың басынан соғыс ардагері Нұртаза Бәкіжанов та көбіне сатиралық өлеңдерін редакцияға әкеліп тұрады. Аудандық газетте апта сайын бір бет өлең шығатын кез бұл. Сол заманда «бұл райкомның органы ма, әлде әдеби газет пе?» – деген шенеуніктер де болған. Осы ақындар шоғырында Кәрім Сауғабайдың орны ерекше болды. Оның лирикаға толы жырлары облыстық, республикалық баспасөзде жиі жарияланғанын оқырмандар біледі. Ол балалар ақыны ретінде танылып, көптеген жинақтар шығарды. Мысалы, оның «Мойындау», «Көктем келді, алақай!», «Үлкендерден үлгі аламыз» деген кітаптары балғындарға арналды. Бұдан басқа «Күдеріңді үзбе», «Ақшақар», «Үшқара оттары», «Балқантаудың басында» жыр жинақтарын көпшілік жылы қабылдады. Оның бірнеше публицистикалық шығармалары Мәди ақынның тағдырына арналды. Өзінің туған жері Едірейді, ата қонысы Қитабан тауын үнемі жырға қосып, өзінің кіндік қаны тамған өлкеге өлеңнен ескерткіш қойды десе де болады. Кәкең лирик ақын Жұмекен Нәжімиденовті рухани ұстаз тұтып, соған еліктеп, оның жырларын жатқа айтатын.
Ақын Кәрім Сауғабай саналы ғұмырын ауылда өткізсе де Алматы мен Қарағандының ақын-жазушыларымен тығыз әдеби байланыста болды. Өнер адамдарымен аралас-құралас, сыйластықта болуға тырысты. Олармен шығармашылық байланыс орнатып, әдеби дүниелерді, ән-жырларды өмірге әкеле білді. Оның айқын көрінісін Кәрім мен композитор, өнер зерттеушісі Ілия Жақановтың арасында болған достықтан көруге болады. Осы шынайы достықтың арқасында Ілия ағамыз Балқантауға арнап бірнеше ән шығарды. Осы циклді әндердің сөзін жазған Кәрім ақын болатын. І.Жақанов бірнеше рет Егіндібұлаққа келіп, қона жатып, талай мәрте Кәкеңнің қонағы болғанын өз көзімізбен көрдік. Ол жәй ғана қонақ емес, кішігірім концерт болатын. Ілекең келе жатқанда осы аймақтың әнші, күйші, сырнайшылары түгел жиналатын. Соларға ән салғызып, төрде Ілия мен Кәрім балқып-шалқып отыратын. Осындай ән мен жыр кештері Кәкеңнің үйіне Ақселеу Сейдімбек келгенде жалғасын тауып, сал-серілердің баяғы думанындай болатын. Егіндібұлаққа келген ақын-жазушылар тегіс Кәкеңнің үйіне түсетін еді. Қайсыбірін айтарсың.
Кәрім Сауғабай ақын ғана емес, қаламы жүйрік журналист еді. 1972 жылы ҚазМУ-дің журналистика факультетін сырттай оқып бітіріп, бүкіл ғұмырын газет қызметіне арнады. 1965-1972 жылдары өзі еңбек жолын бастаған «Ленин туы» газетінде тілші, бөлім меңгерушісі, жауапты хатшы, бас редактордың орынбасары болып істеді. Ал, 1972 жылдан бастап 1985 жылға дейін 13 жыл бойы осы газеттің редакторы болды. Бұдан кейін «Орталық Қазақстан» газетінің Қазыбек би, Қарқаралы аудандарындағы меншікті тілшісі қызметін атқарды. Өмірінің соңғы жылдары ҚарМУ-дің журналистика бөлімінде оқытушы болды. 2002 жылы 62 жасында өмірден өтті. Сөйтіп, Кәрім Жұмабекұлы облысымыздың журналистика саласында көп жыл қызмет істеп, газет шығарудың ауыр жүгін арқалады. Ол заманда аудандық газетті шығару өте қиын болатын. Үнемі кадр жетіспеушілігі, материалдық-техникалық жоқшылық редакторларды қажытатын. Міне, осы ауыр жүкті Кәкең бір кісідей көтерді.
Қорыта айтқанда, айтулы ақын, жалынды публицист Кәрім Сауғабай өзі бір кездері қалам тербеген облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің 90 жылдығы қарсаңында тірі болса 80 жасқа келер еді. Соңында оның мол мұрасы қалды. Талантты журналистің шыққан тегі де осал емес. Ол Қаздауысты Қазыбек бидің Қазымбет деген ұлынан тараған ұрпақ. Тегіне тартып туған текті ұл әдебиет саласында осындай өшпес із қалдырды.
Серік СЕКСЕНҰЛЫ, Қазақстанның Құрметті журналисі.