Руханият

Байырғы мен бүгінгінің бабы

Құла түзде құлан құрықтатып, қуырдақ жегізген талай желжетпес хас тұлпарды түлеткен елміз. Бір «Құлагердің» сынының өзі – бір тарих. Мұның бәрі қазақтың атбегілік қырының ерекшелігінде болса керек. Атбегілікті еліміздің әр өңірінде әрқалай атайды. Мысалы, батыс жақта «сейіс», «атсейіс» десе, Шыңжаң қазақтары «сайыскер», «дадагер» дейді екен. Ал, бұған қысқаша түсінік берер болсақ, жылқының дене бітімі мен ішкі ағзалары және мінез-құлқына қарап таныр интелектуалды маман дегенге саяды.

Сурет ашық дереккөзден

Әр атбегінің бабы мен бағыты әр алуан. Оның бәрі ат тұқымы мен қабілетіне қарай көрінеді. Кешегі Қобыланды мініп, қол төңкерген «Тайбурыл» атты Құртқа қалай баптады? Ал, қазір сол байырғы атбегілік сақталған ба?

Түндіктен күн көрсетіп, түтікпен су берген «Тайбурылдың» 43 күндік бабы жетпей қазылған ордан сүрінер тұсы бар жырда. Сонда қазіргі атбегілердің бәйгеге 2-3 ай қалғанда жарататын аттары қандай ат болғаны? Бұл турасында Арқаның белгілі атбегісі Мейіржан Сексеновтің пікірін тыңдасақ.

– Жалпы, жылқы жанын түсіну, оны өз ықтиярыңа көндіру – қызкөңіл нәзіктікті талап етер өнер. Екінің бірі атбегі бола бермейді және ат ұстағанның бәрі атбегі емес. Тұрпаты көз тұқыртып, тұрманы алтын жалатылған тұлпардың бабын таба алмай, бағын байлағандар бар. Ал, жоқтан бар жасап, қан қуып, қотыр тайдан күлік шығарып аламан алдырған бар. «Бап шаба ма, бақ шаба ма?» деген тәмсіл тегін айтылмаса керек. Енді баптауға келсек, жылқының әр түрі бар. Сойысқа, шабысқа, мініске жүретін. Сол шабысқа, яғни, жүгіртуге арналған аттардың өзі бірнеше топқа бөлінеді. Мысалы, қазіргі көптің баптағаны – арғы тегі ағылшын жылқысынан шыққан қолтумалар. Қолтума – шетел жылқысын елімізде құлындатып, құлынды қазақы бапқа келтіру. Қолтуманың өзі бізге жетістік болды. Себебі, бұдан біршама жыл бұрын көп атбегі аттарды шетелден әкеліп қосатын бәйгеге. Сол қолтумалардың бірі жақын, ал, бірі ұзақ қашықтықтың аты болады. Осыны аңғаратын атбегі, міне, сол жанның атағашында қадір бар, босағасына бәйге байланған, – дейді атбегі.

Расында, бап – ол ат тұқымына қарап қылар әрекет. Атақты «Мамайқараның» иесі Секенай Бөбекбайдың айтуынша, ұзақ қашықтыққа шабар аттың бабы мүлде бөлек. Ат егер 100 шақырымға шапса, ол аттың алдымен жілігін толтырады. Жілік толтыру – семірту. Содан әбден ақжілік болғанда ұстап, бір күн «таң асырып» мінеді. Алғашқы күннен бастап, аттың уытын шайып, қансорпа қылып, терлетіп тастамай аяңмен жүрген абзал. Сосын келесі күні демалту керек. Осылай арасына бір күн салып, күнәралап мінген ат «салбөксе» болмайды. Бабы келгенше жалғастыру керек. Тіпті, кейде аттың жілік май аз болса, 2-3 күн қатар демалтса да болады. Тек 4 күннен асырып демалтар болсақ, ол аттың бабы үзіледі. Әбден машығына жеткен ат болса, оны бәйгеге 1 немесе 2 күн қалғанда 80-90 шақырымға жүргізіп әкелген жөн. Бұл оның бойындағы қанды сұйылтып, тезегін тастатып, ширатуға арналады.

– Ат жарату – бір үрдіс. Соның жаңарған түрі, яғни, Еуропалық үрдістегі ат баптау бөлектеу болады. Таңертең ерте тұрып, жем-шөбін беріп, мінерге 1 сағат қалғанда атты қаңтарып, шылбырын жоғары байлап қояды. Сосын мінер алдында суарып мінеді. Бір күн аяңмен шектеліп, келесі міністе желе шоқытып, одан кейінгі күндері орғытып жүгіртеді. Дәл осы дайындық 2-3 апта жүреді. Күнделікті жем-шөп мөлшері бәйге уақыты таянған сайын шегеріліп, аз беріледі. Өйткені, ағылшын аттары жұқа болғандықтан артық жемі аяғына тез түседі де ақсап қалуы мұң-ақ. Ал, бабы келген тұлпар көлеңкесінен үркіп, құйрық шығыршықтап, иек қағып, белгі береді. Көбір жүні тіріліп, сырты майланып, құндыздай құлпырады. Қос жанары жайнап, сергек, елпелек күйге түседі. Аузынан сілекейі шұбырып, ұйқы басып, қалғығыш күйге енеді. Аппақ болып шығады. Жиі аунағыш келеді. Оттыққа салған шөпті жемей, күнұзақ күнбағысқа ұқсап, күнді бағумен болады. «Нағыз бабына келген жүйрік таңертең шығысқа, түсте оңтүстікке, кешке батысқа қарап тұрады» дейді үлкендер. Атының осы сырына қанық атбегі мұны аңғаруы керек, – деп түйді атбегі Толсын Бергенов.

Десек те, байырғы баппен қазіргі ат баптаудың ұқсастығы да көп. Көбі көненің ізімен жүріп, байырғы бапқа салады бәйге атын. Оған дәлел – Құлагердің бабы. Сері Ақан Көкше бауырындағы тойларға үнемі атпен қатынаған. Сол қашықтықтарда ол атының бабын да келістіріп үлгерген. Қорамсадай бақуатты әкеден туған соң Ақанның жемі де, шөбі де жанына табылатын еді. Сондығынан болар, Құлагер қосқан бәйгесінен бірінші болмай қайтпайтын. Күндік жерге жүргізіп ат баптау бүгін де кенжелеу болса да, қайта қолға алынды.

Жоғарыда айтылғандай, бап байырғы болсын, бүгінгі болсын, жылқының өзіне тікелей байланысты. Бәйге аттарының біразы тоқтай шапқанды ұнатады (бәйге алдында тойып, шөп жейді). Кейбір күліктер ашқұрсақ жүгіргенде озады. Тағы біреулер атты, не тоқайтпай, не ашықтырмай қосып жатады. Сол секілді еттері аса алынбай (арықтатылмай) қосылатын да аттар бар. Алайда, қазіргі атбегілер мен байырғыларды байланыстырар бір үрдіс бұл «таң асыру» әдісі. «Таң асыру» – жарауда тұрған атты ақшам намазы кезінде ауыздықтап, тізгінге қаңтарып байлап қойып, таң атқанша ұстау. «Таң намазы кірді-ау» дегенде, атты отқа босатып, түске дейін оттатып, түсте тағы кермеге байлайды. Қазақтың «Ат жақсысы кермеде» деген тәмсілі осыдан қалған.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button