Руханият

Байтаққа баян етер байғазы жыр

Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Төлеубай Ермекбаев пен Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Айгүл Түсіпбекованы респуб­лика шеңберінде білмейтін жан кемде-кем. Кейінде әлеуметтік желі бетінде құда мен құдағидың жазба айтысы – көзіқарақты оқырманға ғанибет сыйлаған зерлі жыр айтысы.

Жазбаша айтыс ерте заманда Шығыс әдебиетінде бол­ған үрдіс. Көне заманнан келе жатқан айтыс дәстүрі қазақ арасына кең тарады. Бұл құбылыс ХХ ғасырдың бас ке­зінен бастап шықты, оның өзін­дік өрнектері бар еді. Жазбаша айтыс ауызша айтыстың қорынан пайда болды, яғни соның заңды жалғасы, бір тарауы сияқты. Жазба айтыс сауаттылыққа, отырықшылыққа орай өріс тапқан болуы керек. Сауатты ақындар жұрт алдына шықпай, хат арқылы сөз сайысына түсті. Хатқа түскен айтыс­та ақын әр жайды өлең етпей, бір желіні өзек етеді. Мұндайда кейде мәдени, тарихи тақырыптар көтеріледі. Сөз сайысында әр ақын асықпай, айтпақ ойын белгілі бір қазыққа байлап айтады.

Біз сөз еткен құда мен құ­дағи айтысының көркемдік деңгейі өте жоғары. Сахнадағы көп айтысқа қарағанда жазба айтыстың артықшылығы да осы көркемдік деңгейімен өлшенсе керек. Екеуара сөз жарысынан болмысынан ажырағысыз таза қазақы таным мен астарлы әзіл-қалжыңды мол ұшыратасыз. Өнер ізсіз қалмайды. Жаңғырған дәстүрдің жаңғырығы «Жырға ғашық жүректер» атты кітапқа айналыпты. Кітаптың жарық көруіне атсалысқан жаны аяулы атпал азамат Әбілқайыр Ошақбаев болса, аты мәшһүр Моншақбай палуанның немересі.

Кітап «Жаңғырған дәстүр», «Құ­дағи бір партия», «Оңаша қалып өлең­мен», «Айгүл құдағидың жыр дәп­терінен», «Төлеубай құданың жыр дәптерінен» деген тарауларға бө­­лінген.

Бір мұқабаның астарына жасырынған айтыс, жыр жинағынан бүгінгі адам мен қоғам, өмір мен өнер тынысы, жастықтың жалын қызуы мен елжіреген жүректің ерке сылқым лүпілі аңғарылады.

Ортамызға олжа болып оралған, өлең өлкесінде ерек қолтаңбасы менмұндалап тұрған қос қаламдас-замандастың әр туындысы ізгілік пен іңкәрлік, асқақ азаматтық ұстанымын паш етеді.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button