«Бақыттың жолын білім ашар»
Мемлекет білім беру саласына көп көңіл бөледі. Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында табысты ұлтты қалыптастырудың маңызды факторы білім беру сапасы екенін атап өтті.
Жаңа оқу жылында Қарағанды облысында бірнеше білім нысандары бой көтерді. Өңірдің білім беру жүйесін жаңғырту мақсатында ауқымды жұмыстар атқарылып, инновациялық әдістер қолданысқа енді. Ұстаздардың кәсібилігі мен мол тәжірибесі – өңірдің білім беру саласын жаңа белестерге көтеруге басты негіз болды.
Жыл тартуына айналған жағымды жаңалықтың басы Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне «Зерттеу университеті» мәртебесінің берілгені. Сондай-ақ, оқушылар игілігіне бұйырған «Жайлы мектептер» мен «Кәусар» сарайы көптің көңілінен шықты.
Заманауи зерттеу университеті
Иә, биыл Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне зерттеу университеті мәртебесі беріліп, оқу орнының 2024-2028 жылдарға арналған даму бағдарламасы бекітілді.
Алдағы бес жылға арналған университетті дамыту бағдарламасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім берудің барлық деңгейлерінде ғылыми қызмет пен оқу үдерісі жаңармақ. Университет алдағы уақытта сапалы білімнің теңдігі мен қолжетімділігін қамтамасыз етіп, дарынды жастарды тарту, елдің интеллектуалдық әлеуетін көтеруге атсалысатын болады. Қазақстандағы ғылыми мектептердің халықаралық беделін арттыруға мүмкіндік беретін іргелі және қолданбалы ғылым саласындағы жобаларды іске асырады. Сондай-ақ, бағдарлама аясында университет ғалымдары патенттерін, лицензияларын сату, стартап жобаларды әзірлеу түріндегі қолданбалы зерттеулері арқылы облыс экономикасына үлес қоспақ.
– Buketov University көптеген жылдар бойы еліміздің университеттерінің үздік бестігіндегі өз орнын сенімді ұстай отырып, отандық білім берудің флагманы болып келеді. QS Asia рейтингінде университет халықаралық деңгейде өзінің бәсекеге қабілеттілігін көрсете отырып, 206-шы орында тұр, – деп хабарлады Ғылым және жоғары білім министрлігінің баспасөз қызметі.
Бүгінде университеттің ғылыми инфрақұрылымында 13 факультет, 20 ғылыми-зерттеу институты, ғылыми орталықтар мен ғылыми зертханалар жұмыс істейді. Жоғары оқу орнында жалпы сомасы 2 миллиард теңгеге жуық 112 ғылыми жоба іске асырылуда. Бұл жобалар «жасыл» технологияларды дамытудан бастап, цифрлық әлемде әлеуметтік бейімделуге дейінгі көптеген салаларды қамтиды.
Білім берудің халықаралық стандарттарына сәйкес ғылыми-зерттеу құзыреттіліктерінің кешенін меңгерген жас ғалымдар магистратура мен докторантурада білім алып, экономика секторларын алға жылжытуда. Жастар өндірісті бақылау және басқару жүйелерін оңтайландырып, ҚарУ профессорлық-оқытушылық құрамын кеңейтуде.
Осылайша, Қарағанды зерттеу университеті серпінді ғылыми зерттеулер мен білім беру инновациялары арқылы аймақ пен елдің жоғары технологиялық дамуына ықпал етуде. Даму бағдарламасында көзделген жоба-жоспарларды қаржыландыру университеттің жеке есебінен және тартылған бюджеттік инвестиция есебінен жүзеге асырылады.
Жанға жайлы мектептер
Бүгінде Қарағанды облысында барлығы 420 мектеп бар. Онда 172 548 бала мен жасөспірім оқиды. Биыл 15 931 бірінші сынып оқушысы партаға отырды.
Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асқан «Жайлы мектеп» жобасы аясында Қарағандыда төрт мектеп ашылды. Оның бірі – №19 мектеп болса, екіншісі Күнгей шағын ауданында көптен күткен 600 орындық жаңа мектеп есігін айқара ашты. Бүгінде білім ошақтары оқушылар арасындағы орын тапшылығын жойып, сапалы білім беруде. «Жайлы мектеп» жаңа пилоттық ұлттық жобасы осыған бағытталған.
Мәселен, Күнгей шағын ауданы құрылғаннан бері осы ауданда оқу орны болмаған. Оқушылар үйлерінен алшақта орналасқан мектептерге баруға мәжбүр болған. Қадамдық қолжетімділікте сапалы білім беру мен балаларды дамыту үшін қажетті барлық нәрсе қарастырылған заманауи мектеп облыстық бюджеттен қаржыландырылды.
Осылайша жаңа мектепте бірінші сыныптың 100 оқушысы партаға отырды. Оқыту қазақ және орыс тілді сыныптарда қатар жүреді. Жоғарғы сыныпта мектеп бітіретін бір ғана сынып бар. Мұғалімдер байқау бойынша іріктеліп, жинақталды. Ғимарат кең, ауданы 10 мың шаршы метрден асады. Бастауыш және жоғарғы сыныптар үшін бөлек блоктар қарастырылғанымен, ерекше қажеттіліктері бар оқушылар үшін қолжетімді орта құрылған.
Еңбек кабинеттерінде ұлдар ағаш ұстасын игере алады, қыздар тігуді және тамақ дайындауды үйренеді. Сонымен қатар, керамика шеберханасы бар. Дене шынықтыру сабақтарын тек спорт залда ғана емес, далада да өткізуге болады. Мектеп ауласы үлкен және абаттандырылған, спорт және ойын алаңдары бар. Әр оқушы өз қалауы бойынша дәріс табады. Робототехника кабинеті, бейнелеу студиясы, телестудия жабдықталған. Коворкинг аймағы да бар.
– Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Мектеп тез салынды. Отбасым мұнда сегіз жыл тұрады. Осында көшіп келгенімізде су, жол жоқ еді. Шағын ауданымыз көз алдымызда дамып келеді, – деді Күнгей шағын ауданының тұрғыны Аманжол Махамбетшин.
Президенттің тікелей тапсырмасы бойынша жүзеге асқан «Жайлы мектептің» бірі – №19 мектеп. Бүгінде білім ошағы оқушылар арасындағы орын тапшылығын жойып, сапалы білім беруде. Алғаш 2 мың оқушыға арналған білім ордасы пайдалануға беріліп, осылайша қаланың Оңтүстік-Шығыс бөлігінде орналасқан төрт мектептегі жүктеме азайды.
Бүгінде мектеп ғимараты – облыс мектептері арасындағы ең үлкені. Мұнда бәрі сарапталып, ойластырылған. Үлкен аумаққа қоса балаларға ыңғайлы болу үшін қойылған периметрлік кіреберістер, бастауыш сыныптар мен аға буынға арналған жеке кіреберістер де бар. Мектеп ауласында ойын, воркаут, футбол және баскетбол алаңдары, хоккей корты, жүгіру алаңы да бар. Ал, көгалдандыруға арналған ағаштар қоңыржай белдеулік климатты ескере таңдалып алынған. Қазіргі таңда жаңа білім ошағында сол ауданға жақын «Трилистник», «Arena Park», «Жаңа орталық», «Атамекен», «Комфортный дом», «Сапфир», «Байсанат», «Zaman», «Амадина», «Onix» және «Мерей» тұрғынүй кешендерінде тұратын оқушылар білім алуда.
– «Жайлы мектептердің» жабдықтары мен құрылыс материалдары жоғары талаптарға сәйкес таңдалып алынған. Президенттің мега жобасын сапалы іске асыруда спортзалдардың саны басқа мектептерден әлдеқайда артық. Мектептердің дизайны да ерекше, тіпті, бастауыш пен ересек сыныптардың бөлек блоктарда оқуы секілді мәселелер де жіті қарастырылған. Шалғайдағы ауылдардың өзінде жайлы мектептердің бой көтеретіні балалар үшін үлкен олжа болғалы тұр, – деді №19 мектеп директоры Гүлдана Асамиданова.
Мектепте бір ауысымда таңертеңгі мезгілде 2000-ға жуық бала білім алатындықтан, олар түскі уақытын қосымша сабаққа жұмсайды. Көбісі сабақтан кейін мектеп ішінен ашылған үйірмелерге қатысады. Биыл 1500 бала жаңа оқулықпен қамтылғандықтан, қалған 400-ге жуық кітап салқын бөлме сөрелерінде сақталуда. Мектептің әр қабатында коворкинг алаңдары бар болғандықтан, оқушылар емін-еркін пікір алмасып, әңгіме құра алады. Бастауыш және жоғарғы сыныптар үшін бөлек блоктар бар. Қазіргі таңда мектепте 30 шақты бастауыш сыныбы бар. Мектепке конкурс бойынша 130-дан астам мұғалім жұмысқа қабылданды.
Елімізде 2025 жылға дейін заманауи талаптарға сай келетін 800 мың оқушы орнын құру жоспарланған. Бұл апатты және үш ауысымды мектептер мәселесін толығымен шешуге мүмкіндік береді. Жоба сонымен қатар, қалалар мен ауылдардағы білім беру инфрақұрылымындағы айырмашылықты айтарлықтай теңестірмек. Облыстық білім басқармасының мамандары 2025 жылдың соңына дейін Қарағанды облысында 18 жайлы мектеп салынып бітуі тиіс екенін айтқан болатын. Оларда 12 500 оқушы білім алады.
– Жалпы биыл облыс бойынша 10 жайлы мектеп құрылысын бастаған болатынбыз. Оның ішінде «Көгілдір тоғандар» мен «Гүлдер» шағынаудандарындағы және Балқаш қаласы, Ақсу-Аюлы мен Жарық ауылындағы мектептердің құрылысын аяқтау жоспарда бар. Жайлы мектептер болғандықтан барлығы сапалы болуы қажет. Сондықтан ұзақ салынып жатыр. Жұмыстар жүріп жатыр. Ендігі жылы облыс көлемінде тағы 4 мектеп салынады, – деді аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағандыға көрік берген «Кәусар»
Қарағандының Пришахтинск бөлігінде бой көтерген, робототехника, VR сәулет өнері секілді үйірмелердің түр-түрі бар шығармашылық бағытта шыңдайтын «Кәусар» да биыл жұмысын бастады. Салтанатты сараймен жаз айларында арнайы барып таныссақ та, Қарағандыға көрік беріп тұрған ғимараттың бүгінгі келбетіне тоқталуды жөн көрдік.
Қазіргі таңда ауданның кішкентай тұрғындары қала орталығына бармай-ақ ғимараттағы көптеген қызықты үйірмелерге қатысып жүр. Бірінші қабатта Hi-tech цех және шығармашылық шеберхана, хореография залы және Art студия орналасқан. Ал, екінші қабатта жазу және теледидар студиясы, фотостудия бар. Сондай-ақ, сарайдан VR-сәулет және Веб-дизайн студиясын, робототехника және техникалық шығармашылық зертханасын және Stem зертханасы мен музыкалық студияны, экологиялық орталықты көруге болады.
– Оқушылар сарайының жалпы ауданы 3 мың шаршы метр. Кең әрі әдемі ғимаратта өзіне ұнайтын үйірмені таңдауға мүмкіндік мол. Мүмкіндігі шектеулі балалардың да жағдайы жіті қарастырылған. Сенсорика және моториканы дамытуға арналған көптеген құрылғылар бар. Мысалы, ауа көпіршікті колба – көру мен естуді, тактильді сезімдерді жетілдіреді. Құрғақ душ баланың еркіндігін дамытуға, босаңсуға арналған. Оның көмегімен бала жаңа түстерді қызықты түрде есте сақтай алады. Инклюзивті білім беру үшін барлық жағдай жасалған, – деп атап өтті «Кәусар» сарайының директоры Әйгерім Исбекова.
Кәусардағы заманауи жабдықтар дамуға сеп. Ғимараттың бірінші қабатындағы Hi-tech цехында 3D принтерлер, CNC станоктары және басқа да заманауи жабдықтармен жоғары технологиялық прототиптеу зертханасындағы идеялардың басым бөлігі инженерлік өнімдерге, электронды компоненттер жасауға, металды, ағашты, пластмассаны CNC машиналарында өңдеуге, 3D басып шығаруға бағытталған.
Шығармашылық шеберханасы балалардың бастамасы мен шығармашылығына қолдау білдіреді. Олар тігін, кесте тігу және тоқу станогында жұмыс істеу дағдыларын үйреніп алыпты. Модельдердің эскиздерін жасау үшін крекер мольберттері қарастырылған. Шеберханада қыз балаларға арналған тігін машиналары, тоқу машинасы, оверлок, қол тоқу станогы, кесуге арналған үстел үтіктері бар. Сондай-ақ, манекендер, шкафтар, айналмалы бактериялық сәулелендіргіші бар мұғалімге арналған орынмен жабдықталған.
Хореография залы да музыканы мазмұнды беруге арналған жүйеге толы. Майлы акварель, қарындашпен сурет салуға бейімдейтін ART студияда акрил, гуашь, пастель бояулары да қолданылады. Сурет салу бағыты да қазірдің өзінде балалардың өнерін дамытуға әрі өзін көрсетуге үлкен мүмкіндік.
– Бұйымдар гипстен жасалады. Студияда компьютермен жабдықталған мұғалімнің орны, студенттік үстелдер мен орындықтар, интерактивті панель қойылған. Ою станогы әрі ашық хаттар жасауға арналған түрлі жиынтықтар, ринстон, зергерлік бұйымдар мен скрапбукингтен суреттер жасауға арналған, – дейді мұғалімдер.
Ал, жазу студиясы вокалды жазу, аранжировка, музыкалық материалды игеру, түпнұсқа мәтіндер мен музыканы жазуға арналған. Студияда фильмдер мен бейнелерді дауыстауға және қайта дыбыстауға кең мүмкіндік бар.
Сарайдағы телевидение және фотостудия жасөспірімдерге ұжымдық және ұйымдастырушылық жұмыс үшін қажет. Студия журналистика әлемінің қыр-сырына іс жүзінде үңілуге мүмкіндік береді.
– Бүгінде теледидар және фотостудияға арнайы маман тарту жұмыстары жалғасуда. Бұл салаға балалар қызығушылық танытып отырғандықтан, кәсіби шебер мамандарға сұраныс басым, – дейді Әйгерім Әуезқызы.
Сарайда, сондай-ақ, көпшілікке ұнайтын IТ кітапхана бар. Кітапхана маңызды жұмыс аймағы болғандықтан ерекше сұранысқа ие. Концерттер, конкурстар, жарыстар өткізуге болатын үлкен акт залы, коворкинг аймақ та бар. Ашық аулада түрлі шаралар өтпек.
«Кәусар» сарайының басшысы Әйгерім Исбекова облыстағы білім беру саласындағы барлық жұмыстардың білім сапасын арттыруға бағытталғанын айтады. Жаңа әрі сапалы ғимараттар өңірлік білім беру саласын одан әрі дамытуға септігін тигізуде. Жаңа ғимараттар білім беру жүйесінің барлық қатысушыларына қауіпсіз, жайлы қызмет етсін.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz