Жаңалықтар

БАҚ-тың төл баласы

Бақытжан Құдияров – облыстық полиция департаментінің ақпараттық саясат бөлімінің бастығы, полиция департаменті бастығының баспасөз хатшысы. Бірақ, Бақытжан БАҚ-тың өз баласы. Содан да болар, өзіне жүктелген міндетті мүдірмей атқарып, өңірдегі әр тілшінің сұрағын жерде қалдырмайды, кері байланысты жедел жасайды. Өңірдегі салалық баспасөз хатшылары арасында қызметтегі шапшаңдық әрі кәсіби шеберлігімен беделі биік.

Сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бақытжан Садықұлы өзінің жұмысындағы басты міндет, ол мемлекеттік орган мен масс-медиа қызметкерлері арасында «алтын көпір» болуға ұмтылу екендігін айтады. Одан бөлек, ол қоғам тыныштығы үшін тер төгіп жүрген тәртіп сақшыларының оң имиджі үшін көп дүниені қолға алған қызметкер.

Полицияның ел ішіндегі беделінің жақсаруына тек сақшылардың өзі ғана емес, қоғам да мүдделі болуы керек деп санайды баспасөз хатшы.

«Мына солтүстіктегі көршімізге қарасаңыз, полиция туралы небір сәтті сериалдар, деректі фильмдер түсірген. Осы тақырыпқа қатысты бағдарламаларының өзі өте көп. Яғни, бізге де бұл салада сақшылардың абырой-беделін көтеретін дүниелерге көңіл бөле бастағанымыз жөн шығар. Мәселен, біз қызмет кезінде ерлікпен қаза болған қарағандылық полицейлердің есімін ұрпақ жадында қайта жаңғыртып жатырмыз. Мемориалдық тақта, ескерткіш орнатып, тіпті, фильм де түсірдік. Осының бәрі сақшыларға деген құрметті арттыратыны анық», деп ой тұжырады Бақытжан Құдияров.

Соңғы кездері кейбір блогерлердің реті келсін-келмесін полиция қызметкерлерін келемеждейтін бейнежазбалары желіде желдей есіп жүр. Бақытжан осы мәселеге қынжылады. «Әлбетте, бұған тәртіп сақшылары өздерінің мінсіз қызметімен, кәсіби біліктілігімен тойтарыс беруі керек», дейді.

Бақытжан Садықұлы – Ақмола облысы, Бурабай ауданының Мәдениет ауылынан. Бақытжанның бала кезіндегі көгілдір экраннан күні бойы хабар тарататын жалғыз телеарна «Хабар» еді. Сол уақытта Зейін Әліпбектің әр хабарын қалт жібермей, еліктеп өсіпті. Осылайша орта мектепті бітіргеннен кейін журналист болсам деген арманы Арқа даласына алып келеді. Қарағанды қаласындағы академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды зерттеу университетінің журналистика бөліміне оқуға түсіп, Мартбек Тоқмырза сынды ұстазынан сүйіп түскен мамандығының қыр-сырын үйренеді. Айтқандай, ұлағатты ұстазының есімін ұлықтау іс-шараларының да бел ортасынан табылып жүреді.

Қолына дипломын алып, ол кезде «Қазақстан-Қарағанды» деп аталатын облыстық телеарнаға келгенінде, Жеңіс Сармұрзин мен Нұрлан Әбілдин сынды тәжірибелі мамандардан тәлім-тәрбие алып, телевизияға қатысты көп дүниені бойына сіңірген екен. Арқаның алтын сандығы атанған телеарна бірден жұмысқа алмаған. Әуелі өндірістік іс-тәжірибеден өткізіп, пісіреді.

Сөйтіп жүргенінде, бірде автокөліктерге қатысты қылмыстық топ құрықталып, Бақытжан қазақ редакциясының атынан баспасөз мәслихатына барады. Сонда спикерге қазақ тілінде сұрақ қойған жас жігітке полиция департаментінің көзі түсіп, кейін ішкі істер органына жұмысқа шақырады.

Осылайша, қазіргі Әлихан Бөкейхан, бұрынғы Октябрь аудандық ішкі істер бөліміндегі мемлекеттік тіл және ақпарат тобының инспекторы болып жұмысқа тұрады. Кейін бұл құрылым жабылып, Қарағанды қалалық ішкі істер басқармасы болып құрылды да, бұл осында жұмысқа ауысты.

Осы уақытта полицияның имиджін көтеру мақсатында облыстық телеарна «Заң және заман» бағдарламасын ашып жатқан еді. Редакторлардың таңдауы бірден танымал болып қалған Бақытжанға түседі. Содан ішкі істер органының қызметін ішінен біліп қалған ол 2012 жылы мемлекеттік тіл және ақпарат басқармасы басшысының орынбасары болып тағайындалады. Ал 2016 жылдан бері қазіргі құрылымына жетекшілік етіп келеді.

Осыдан үш жыл бұрын Ішкі істер саласындағы еңбегі жоғары бағаланып, министрдің бұйрығымен уақытынан бұрын подполковник шені берілген. Осының өзі оның кәсіби біліктілігін айқындаса керек-ті. Мұнымен қоса, ол Ішкі істер министрлігіне қарасты аумақтық Полиция департаменттері баспасөз хатшыларының Президенті. Және Ішкі істер органдарының үздігі төс белгісімен марапатталған. Журналистер одағының да мүшесі.

Подполковник Бақытжанның қазақ ақындарының өлеңдерінің жатқа оқитын өнері бар. Әсіресе, поэзияның бір-бір биігі болған Мұқағали Мақатаев, Төлеген Айбергенов, Мұхтар Шахановтың шығармаларын сүйіп оқиды.

Бақытжан отбасында өнегелі әке. Аяулы жары Гүлсім Өнербекқызы екеуі төрт бала тәрбиелеп отыр. Бақытты жан Бақытжанның әлі де биігі алда.

Қасымхан БҮРКІТҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button