Шет

Бағдарлама бірегей мүмкіндіктерге жол ашады

   Ауылдағы жұмыс тапшылығы қашан да өзекті мәселе болып келгені жасырын емес. Қала тұрғындары ауылдағы жұмыстың жоқтығына таңғала қарауы мүмкін. Әр ауыл тұрғыны шаруасын дөңгелетіп, жеке шаруа қожалығына иелік етіп отыр деген қоғамдық жаңсақ пікір қалыптасқан. Расымен солай ма? Әлбетте, олай емес.

Сонымен қатар, ауқатты ауыл тұрғындары мектеп, емхана, жол мен коммуналдық желілерді жөндеуге қол ұшын беруге дайын емес.

Қазіргі ауылдық округтардың өмірі көбіне мемлекеттік «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы арқылы жақсарып келеді. Оның бағыттары жұмысқа орналасу мәселесі мен түрлі мамандықтарды иегерудің шешімін ғана қарастырмай, кенттер мен алшақ орналасқан ауылдық округтардың қалпына келуіне де септігін тигізді.

Төлеген Нұрзат Шет ауданындағы өзінің туған жері – Ағадыр кентінен аяқ аттап баспайды. Ол төл топырағынан неше мәрте ұзап шыққанын саусақпен санап бере алады. Ең ұзағы Қарағанды қаласына оқуға барған кезі ғана. Соның өзінде үнемі демалыс және мереке күндері қатынап тұратын.

Сондықтан, мұғалімдік дипломы қолына тиісімен, ойланбастан ауылға қайтып келді. Алайда, ауыл балаларына білім нұрын төгем деген асқақ арманы бір-ақ күнде аяқасты болды. Себебі, Ағадыр кентінің байырғы тұрғыны еш жерге керексіз болып шықты.

Дегенмен, Төлеген Нұрзат салын суға кетіретін жандардың қатарынан емес еді. Бірден жұмыспен қамту орталығына барды. Орталықта оның өтініші қабылданып, есепке тұрғызылды. Бірнеше ай бойы ол жұмыссыздыққа байланысты жәрдемақы алып келді. Ал, қыркүйек айында жұмыспен қамту орталығы жас маманды кенттегі мектеп-лицейге жіберді. Міне, екі ай бойы ол балаларды технологияға баулып келеді.

Біраз уақыт жұмыссыз жүргеніне қарамастан, Төлеген Нұрзат тұрақты жұмыс тапты. Жұмыспен қамту орталығы мамандарының айтуынша, туған жеріне оралған жоғары оқу орындары мен колледж түлектері өз білімдерін жастар тәжірибесінде пайдалана алатын көрінеді. Сөйтіп, бұл жобаның арқасында биыл 35 қыз-жігіт жұмысқа орналастырылды.

Шет ауданында жоғары білім ала алмаған жастар да аз емес. Оларға арнап «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы кәсіби білім алудың үш айлық курсын ойластырған. Сөйтіп, оқыту және қайта даярлау курсы 30 адамды қамтып отыр. Тағы 447 ауыл тұрғыны қоғамдық және әлеуметтік жұмыстарға жіберілді.

«Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасының несиелендіру бағытын да Шет ауданы тұрғындары белсенді пайдалануда.

Жұмыспен қамту орталығының басшысы Жанат Сағадиевтің айтуынша, 53 ауыл тұрғынын несиелендіруге бюджеттен 159 млн. теңге бөлінген. Бүгінгі таңда 44 ауыл тұрғыны 120 400 млн. теңге көлеміндегі несиеге қол жеткізді.

Солай бола тұра, Шет ауданы үшін басым бағыттардың бірі – көптеген ауылдық округтардың қайта қалпына келуі болды.

Сөйтіп, 37 млн. теңгеге агротехникалық колледж ғимараты күрделі жөндеуден өткізілді. Оған жұмыскерлерді де жұмыспен қамту орталығы жіберді.

Шет ауданындағы 12 нысанның жөнделуіне барлығы 333 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Соның шамамен 70 млн. теңгесі білім беру нысандарына жұмсалды. Сөйтіп, Нұра, Красная поляна ауылдық округтарында мектептер жөнделіп, Талды, Ақой, Бұрма ауылдары мен Ақжал кентінде мәдениет үйлері қалпына қелтірілді, – деді Жанат Сағадиев.

Сонымен қатар, коммуналдық шаруашылық және автомобиль жолдары саласына 100 млн. теңгеден астам қаражат бөлінді. Мысалы, Бұрма, Жұмыскер ауылдық округтары мен Ағадыр кентінде жол, су құбыры, кәріз желілері жөнделді.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, «Жұмыспен қамтудың Жол картасы – 2020» бағдарламасы олардың маңызды мәселелерін шешуге көмектесті. Соның арқасында, Шет ауданындағы өмір сүру деңгейі айтарлықтай жақсарды.

Самал АХМЕТОВА.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button