АймақАқтоғайБұқар жырауҚарқаралы

«Ауыл аманаты» бағдарламасында Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандары алдыңғы қатардан көрінген

Облыста ауыл кәсіпкерлігін қолдауға бағытталған «Ауыл аманаты» бағдарламасын 2026 жылы іске асырудың негізгі басымдықтары талқыланды. Агроөнеркәсіптік кешенді жеңілдетілген несиелеу мәселелері қаралған семинар өңірлік кәсіпкерлер палатасының алаңында өтті.

Сурет облыс әкімдігінің сайтынан

Аталған шараға «Сарыарқа» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының, облыстың ауыл шаруашылығы басқармасының өкілдері және бизнес-қоғамдастық мүшелері қатысты.

Жылдық мөлшерлемесі 2,5 пайызды құрайтын «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытудың тиімді қаржы құралдарының бірі ретінде өз маңызын сақтап отыр. Бағдарлама ауыл тұрғындарына өз ісін бастауға немесе кеңейтуге қолжетімді несие алуға мүмкіндік береді.

«Сарыарқа» ӘКК» АҚ тәуекел-менеджері Әсет Ертісбаевтың айтуынша, 2023 жылы бағдарлама аясында 3,4 млрд теңге көлемінде қаржы бөлініп, 464 несие берілген. Ал, 2025 жылы ауыл кәсіпкерлерін қолдауға қосымша 2 млрд теңге бағытталды. Бағдарламаға қатысу белсенділігі бойынша Қарқаралы, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандары алдыңғы қатардан көрінген. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы кооперативтеріне салынған инвестиция көлемінің артқаны да байқалады.

2026 жылға арналған негізгі қаржыландыру кезеңі сәуір айына жоспарланып отыр. Қазіргі таңда бірқатар жобалар ұсынылған.

Облыстың ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Берік Тоқмырзиннің айтуынша, алдағы кезеңде қаржыландырудың басым бағыттары ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, ауылдық сервистік қызметтер және туризм салалары белгіленген. Сондай-ақ, моноқалалардағы кәсіпкерлікті дамытуға ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ретте сауда-саттық қызметіне, жеңіл автокөліктер сатып алуға немесе жақын туыстардан мал алуға несие қарастырылмайды. Қаржыландырылатын техника мен жабдықтардың барлығы жаңа болуы тиіс.

Бағдарлама шеңберінде жобалардың экономикалық тиімділігіне, тұрақты жұмыс орындарын құру әлеуетіне және жергілікті нарықты сапалы өніммен қамту мүмкіндігіне баса мән берілетіні атап өтілді. Бұл талаптар ауылдық жерлердегі бизнестің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз етуге бағытталған.

Кездесу барысында кәсіпкерлер кепіл мүлкінің жеткіліксіздігі мәселесін көтерді. Осыған байланысты қатысушыларға «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы кепілдендіру мүмкіндігі бар екені түсіндірілді. Аталған қор несие сомасының 85 пайызына дейін кепілдік бере алады.

Семинар қорытындысы бойынша қосымша практикалық оқыту шарасын өткізу жөнінде шешім қабылданды. Онда ауыл шаруашылығы тауар өндірушілеріне несие алуға қажетті құжаттарды әзірлеу бойынша нақты көмек көрсетілмек. Кеңес беру қызметтері Қарағанды облысы кәсіпкерлер палатасының барлық аудандық филиалдарында қолжетімді екенін айта кеткен жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button