Бағдарлама байыбында бақыт бар
Обалы нешік, Үкімет үкі тағып, үміттеніп дайындаған бағдарламалар аз емес. Әр саланы қамтыған әрқайсысының атанға артқандай жүгі бар. «Мемлекеттік бағдарлама» деген арнайы айдары мәні мен маңызын асыра түседі. Бағдарламалардың табысты болуы келешекке кепіл ғана емес, бүтін елге абырой. Бірақ, кейде сол ел болашағы үшін қымбат бағдарламаларды атқа қонған атқарушылар арзандатып алады. Арзандатты дегенде, базарға шығарып саудаға салған ешкім жоқ. Қадір-қасиетін кемітетіндігін айтамыз да. Ірі бағдарламалар сөйтіп, ұсақталып кетеді. Анығы, ұсақтап жібереді. Сонда «әжептәуір әнді пұшық шіркіннің қор қылатыны» еске түседі. Әңгіменің әлқиссасын бүгінде ел арасында түрлі-түсті құс суретімен ғана есте қалатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасынан басталық…
Жаңғыру ма, жаңғырық па?
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей тапсырмасымен дүниеге келген «Рухани жаңғыру» бағдарламасы – сананы жаңғырта отырып, ілгері дамуды көздейді біздің ұғуымызша. «Жаңа жағдайда жаңғыруға деген ішкі ұмтылыс – біздің дамуымыздың ең басты қағидасы. Өмір сүру үшін өзгере білу керек. Оған көнбегендер тарихтың шаңына көміліп қала береді» деді Нұрсұлтан Назарбаев. Санасы ояу адам түсінсе, мықты бағдарлама. Ұлттық болмыс-бітімнен ажырамай, әлемдік көште тезек теріп қалмауды діттейді. Ал, біздің қоғам, ондағы атқарушы билік өкілдері, жалпы жұртшылық қалай түсінді? «Рухани жаңғыру» дегенде, бұқараның ойына келетін бірінші не? Қандай ассоциация?
Шындығын айтайық, әуелі – түрлі-түсті құстың, дұрысы, бүркіттің суреті. Яғни, эмблемасы. Сосын? Одан соң әр жерде өткен кәкір-шүкір шаралар. Біреу бір қазық қақса – «Рухани жаңғыру», екінші бірі көрме өткізсе – «Рухани жаңғыру», үшіншісі атасына ас берсе – «Рухани жаңғыру», енді тағы бірі қорым жағалап кетсе – «Рухани жаңғыру», жекелеген адамдар кітаптарын шығарса – «Рухани жаңғыру»… Жалпысы, түшкірсе де, пысқырса да «Рухани жаңғыру» бағдарламасының аясына тыққыштай берумен кімді-кім алдайды? Бізге сол түсініксіз. Ұлттық маңызы бар бағдарламаны мұнша тар һәм таяз ойлау кімге тиімді?
Елбасы көзге шұқып берген алты бағыт қай қағаздың астында қалды екен? Ол бағыттар қандай еді? Бәсекеге қабілеттілік, прагматизм, ұлттық бірегейлікті сақтау, білімнің салтанат құруы, Қазақстанның революциялық емес, эволюциялық дамуы, сананың ашықтығы. Бұл орайда таяу жылдарға міндеттерді де межеледі. Латын әліпбиіне көшу, 100 жаңа оқулық, Туған жер, Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы, 100 жаңа есім.
«Жаңғыру атаулы бұрынғыдай тарихи тәжірибе мен ұлттық дәстүрлерге шекеден қарамауға тиіс. Керісінше, замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдыра білу қажет. Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды. Сонымен бірге, рухани жаңғыру ұлттық сананың түрлі полюстерін қиыннан қиыстырып, жарастыра алатын құдіретімен маңызды. Бұл – тарлан тарихтың, жасампаз бүгінгі күн мен жарқын болашақтың көкжиектерін үйлесімді сабақтастыратын ұлт жадының тұғырнамасы. Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ерте заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» дей келе, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жаңғырудың нақты бағыттары мен міндеттерін айқындады. Біз дәл осы күні кедергілерге тап болған алғашқы үш бағыт туралы сөз етпекпіз.
Бәсекеге қабілеттілік: қарымымыз қарынымызды аштырады
Баршаға мәлім, Елбасы аталған бағдарламалық мақаласында әлемде жеке адамдар ғана емес, ұлттың да бәсекеге қабілетті болуы маңыздылығын атады. «Бәсекелік қабілет дегеніміз – ұлттың аймақтық немесе жаһандық нарықта бағасы, я болмаса сапасы жөнінен өзгелерден ұтымды дүние ұсына алуы… Сондықтан, әрбір қазақстандық, сол арқылы тұтас ұлт ХХІ ғасырға лайықты қасиеттерге ие болуы керек. Мысалы, компьютерлік сауаттылық, шет тілдерін білу, мәдени ашықтық сияқты факторлар әркімнің алға басуына сөзсіз қажетті алғышарттардың санатында». Бұл – факторлар бағдарлама аясында қаншалықты назарда? Әлбетте, қазір компьютерді меңгермеген адам кемде-кем. Алайда, ол бәсекеге қабілеттіліктің өлшемі емес. Есесіне, бұдан басқа қатар аталған факторлар тұрғысынан ақсап тұрмыз. Оны бағдарлама аясында дамыту дәл қазіргі уақытта жемісті екеніне күмәніміз бар. Өйткені, біз жаңғыруды концерт, көрме өткізумен шектеп отырмыз.
Прагматизм: кежегесін кері тартқан не?
Прагматик – ақыл-біліміне, тәжірибесіне, кәсіби дамуына басымдық бере отырып, мақсатына жетуді көздейді десек, бағдарламаның бұл бағыты, тіпті, естен шығып қалғанын көреміз. Прагматизмнің заманауи әлемдегі бірден-бір табысты үлгі екенін Елбасы ерекшеледі.
Ғылым прагматикке эмоция және сезім арқылы әсер ету мүмкін еместігін атайды. Прагматик – ынтымақтастыққа бейім, маңызды мәселелерді аса белсенділікпен талқылап, ұжымдық шешім шығаруда қалыс қалмайтын тұлға. Туындаған проблемалар оның мақсатына жетуіне кедергі емес. Жалпақ тілмен айтқанда, өз дегені болмаса көнбейтін оптимист. Өткенін ойлап, қайғырып, қан жұтатын олар емес. Ал, біздің қазіргі кейпіміз прагматикке қаншалықты жақын? Күмәндік қалың. Өйткені, біз әлі өткенімізді айналшықтап, қандай ұлы болғанымызды айтып, жылап-сықтаудан әрі аса алмай келеміз. Міне, біздің басты – кедергіміз де осында. Сондықтан да, Елбасы прагматизмді ұсынды. Сол орайда, әрекет етуді нұсқады. Дегенмен, қоғам бұған селк етер емес.
Қазіргі таңда, басқасын айтпағанда, «Қазақстанның киелі жерлері» деген бағытты дамытқан түріміз ежелден белгілі тарихи мекендерге көлікке мініп, жұртты жиып алып, барып-қайтумен ғана шектеліп тұр.
Ұлттық бірегейлікті сақтау: керітартпалықтан бас тарту
Ұлттық кодты сақтай отырып, керітартпалықтан бас тартпайынша, өсіп-өнбейтініміз мәлім-ді. Десек те, шыны керек, қазір біз өткенімізді айтып жылаудан арылмадық. Өткенімізге өкси бергеннен өркеніміз өссе, соңғы отыз жылда сол өркен таудай болар еді. Өткенді мансұқтау емес бұл. Елбасы айтқан «реализим мен прагматизм» осындай нақты көзқарасты һәм әрекетті талап етеді. Прагматизм жүрген тұста драматизмге орын жоқ.
Түйін
Жаңғыру – түлеу, түрлену, жаңару. Мынау әлемнің сын-қатері мен талап-тілегіне ұлттық калоритті сақтай отырып, жауап беруді сұрайды уақыт. Жүріп өткен жолға қайта-қайта бұрылып, тоқтап қарайлай беру алға адым аштырмайтынын барша жұрт жақсы біледі. Бұл – «Өткеніңе өкінбе, өмірің зая кетеді» деген дала пәлсапасына тап келеді. Қазақтан асырып біз басқа не айта аламыз?! Ұлттық бағдарлама ұпайымызды түгендеуді меңзейді. Әйткенмен, әркім ұлттың емес, өзінің ұпайын түгендеп жатқан секілді.
Қызғалдақ АЙТЖАН