Ресми

Бағаны негізсіз өсіргендер жазаланады

Азық-түлік қауіпсіздігіне байланыcты мәселелер – экономикалық қауіпсіздіктің құрамдас бөлігі. Сондықтан, халық көп тұтынатын әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасы тұрақты талданып, әрдайым назарда болады. Осы қатарға жататын азық-түлік тауарларының бағасын реттеу жайында Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің мамандары өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте сөз қозғады.

Сурет: inbusiness.kz сайтынан

Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік – күнделікті ең қажетті деген өнімдер. Заң бойынша ондай 19 түрлі өнім бар.

– «Сауда қызметін реттеу туралы» Заңның 9 бабына сәйкес, ішкі сауда субъектісі сатқан әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарына қосатын үстемесі 15%-дан аспауы керек. Азық-түлік құнын көрсетілген межеден асырған саудагерлерді анықтап, жиналған материалдарды сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жібереміз. Олар заң бұзған саудагерлерді әкімшілік жауапкершілікке тартады. Жыл басынан бері 30-дан астам кәсіпкер жауапқа тартылды, – деді Қарағанды облысы бойынша экономикалық тергеп-тексеру департаментінің талдау әзірлемелері бөлімінің басшысы Владислав Ли.

Ол «Еститін мемлекет» тұжырымдамасына сәйкес ведомствоның қызметі әлеу­меттік мәселелерді шешуге бағытталғанын айтып, аталған азық-түліктер бағасын негізсіз көтеру фактісі мұқият тексерілетінін жеткізді.

– Бүгінде жұмысымыз ұсақ-түйек емес, үлкен көлемдегі бұзушылықтары анықтауға бағытталған. Мәселен, мектеп, арнайы мекемелерді азық-түлікпен қамтамасыз ету саласындағы заң бұзушылықтарды анықтаймыз. Заңда сауда үстемесінің мөлшері 15%-дан аспасын делінсе де үстемені 100% қосқандар бар. Бұл фактілер биыл анықталды, – деді экономикалық тергеп-тексеру қызметінің капитаны Владислав Ли.

– Аталған заң бұзушылықтарға жол бермеу үшін әкімшілік заңды күшейтетін кез келді, – дейді департаменттің талдау әзірлемелері бөлімінің аға жедел уәкілі Қонысбек Ахметов. – Себебі, Әкімшілік кодекстің 204-ші бабына сәйкес бірінші рет орын алған заң бұзушылық үшін саудагерлерге айыппұлдың орнына ескерту беріледі. Өткен жылы қолданылған әкімшілік шаралардың 70%-ы ескерту берумен шектелген. Болашақта мемлекет баға құру процесіне араласпайтын жағдайда, тек әкімшілік шаралармен заңдылық пен профилактиканы қамтамасыз ете алмаймыз. Сондықтан, әлеуметтік маңызы бар тауарлар нарығында саудагерлердің жауапкершілігін арттыру керек. Бұл ұсыныстар қарастырылуда.

Халықаралық тәжірибені алсақ, бірқатар елдерде жалпы азық-түлік қауіпсіздігі туралы заң кеңінен қолданылады. Біздің елімізде де болашақта мұндай барлық сау­да ерекшеліктерді реттейтін заңның қабылдануы – маңызды.

Президентің Жолдауында айтылған тапсырмаларын орындау мақсатында мемлекет бүгінгі таңда азық-түлік бағасын қалыптастыру процесіне араласу тәжірибесінен біртіндеп бас тартуда. Сауда және интеграция министрлігінің мәліметі бойынша биыл тоғыз түрлі әлеуметтік маңызы бар азық-түлікке жергілікті атқарушы органдардың шекті баға белгілеу мүмкіндігі алынды. Қалған он түрлі азық-түлік бойынша мұндай шара келесі жылы қолға алынады.

Департамент мамандарының айтуынша, баға белгілеудегі теріс тенденция туралы ақпарат шара қолдану үшін сауда және тұтынушылардың құқығын қорғау департаментіне жіберіледі де, облыс әкім орынбасарының төрағалығымен ведомствоаралық комиссияда қаралады.

– Өткен жылы облыс әкімдігі мен біздің департамент арасында экономикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің бағасы тиісті ведомство тарапынан да, жергілікті атқарушы билік тарапынан да қадағаланады, – деді Владислав Ли.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button