Біздің сұхбат

«Бағаны халық береді»

Қазақстан – жас, көп этносты, болашағына сенімді және қарқынды дамып келе жатқан мемлекет. Біз Тәуелсіздік жылдарында 25 жылдық даму жолынан өттік. Алдағы уақытта бұдан да биік белестер күтіп тұр.

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Ұлт жоспарын дамытудың бес негізгі басымдығын нақтылап, саралап берді. Институционалдық өзгерістерге, қауіпсіздікке және сыбайлас жемқорлықпен күреске бағытталған бесінші басымдықта Елбасы, әсіресе, сыбайлас жемқорлықтың салдарларымен күресу, сатып алу саласын жетілдіруде Үкіметке тиісті міндеттер жүктеді.

Енді, нәтиже қандай? Қазіргі күні мемлекеттік қызмет түрлерін, олардың сапалы көрсетілуін бақылау кімнің құзырында және оның заңдылығы қандай?

Жауабын Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Қарағанды облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары, Әдеп жөніндегі кеңес хатшылығының меңгерушісі Берік АХМЕТОВ тарқатады.

– Берік Мұхамеджанұлы, жалпы, мемлекеттік қызметтер дегеніміз не? Оларды кімдер көрсетеді?

– Мемлекеттік қызмет дегеніміз – халыққа мемлекет тарапынан берілетін түрлі жәрдемақылар, анықтамалар, рұқсат құжаттары, сертификаттар, лицензиялар және тағы басқалары. Қазіргі таңда мемлекеттік қызметтердің 723 түрі бар. Олардың 389-ы біздің облыстың аумағында көрсетіледі. Аймақ бойынша 2 мыңнан астам мекеме халыққа қызмет көрсетіп келеді.

– Облыс тұрғындарының мемлекеттік қызметтерге жүгіну барысындағы құқықтық сауаттылығы қандай деңгейде? Мемлекет тарапынан көрсетілетін қызметтерге қаншалықты көңіл бөлінуде?

– Шынын айту керек, бүгінгі қоғамда халықтың сауаттылығы жоғары деңгейде. Өздерінің құқықтарын жақсы біледі, әрі оны қорғай алады. Бұған қоса, департамент және мемлекеттік қызмет берушілер тарапынан халық арасында түсіндірме шаралары үнемі жүргізіліп отырады. Облыстағы барлық интернет-ресурстарда мемлекеттік қызметті алудың тәртібі туралы қолжетімді ақпараттар орналастырылған. Бұл жұмыс үнемі назарда әрі мониторинг жүргізіліп отырады.

Мемлекет тарапынан мемлекеттік қызметтерге үлкен көңіл бөлініп отыр. Мысалға, Елбасының барлық стратегиялық құжаттарында, оның ішінде, кейінгі Жолдауында мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне бағытталған нақты тапсырмалар қойылды. Басты мақсат – мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа ауыстыру арқылы халықтың уақытын үнемдей отырып, мемлекеттік аппаратты ашықтыққа, қолжетімділікке жеткізу. Мысалы, сіз жеке бас куәлігін алатын немесе айырбастайтын болсаңыз, сол мезетте сізге электронды цифрлық қолтаңба қоса беріледі.

– Мемлекеттік қызметтердің сапалы көрсетілуіне нақты кім бақылау жүргізеді?

– Көрсетілетін қызметтерді бақылау шараларын департамент жүргізеді. Халықтан түскен әр шағым біз үшін төтенше жағдаймен тең. Себебі, сол шағымның артында құқығы шектелген немесе бұзылған мемлекеттік қызмет алушы тұр. Тиісінше, бұзылған құқықты қалпына келтіру – біздің міндет. Мысалы, өткен жылы 400 мыңға жуық құқықбұзушылықты анықтасақ, 2017 жылдың 8 айында осындай 120 мыңнан астам жағдай тіркелді. Сол секілді, өткен жылы 122 қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, осы уақытта мұндай 85 көрініс анықталып отыр. Ал, былтыр 2 әкімшілік іс қозғалса, биыл 5 іс қозғалды.

– Осы салада заң бұзушылықтар қаншалықты жиі кездеседі? Ал, мемлекеттік қызметтер заңнамасын бұзушы лауазым иелеріне қандай шара қолданылады және қызмет алушылардың құқығы бұзылса, кімге шағымдануы қажет? 

– Былтырғы жылмен салыстырғанда, заң бұзушылықтар біршама азайды деп айтуға болады. Дегенмен, кемшіліктер де бар. Мемлекеттік қызмет беруші кадрлардың жиі ауысуы немесе жоғары деңгейдегі кәсіпқой кадрлардың тапшылығы себеп болар. Жалпы, мемлекеттік қызметті бұзғандарға жауапкершіліктің 3 түрі бар. Олар – тәртіптік, әкімшілік, қылмыстық. Мемлекеттік қызмет туралы заңнама талаптарын бұзғандарға бір мезетте жауапкершіліктің осы 3 түрін де қолдануға болады. Бұл заң бұзушылықтың деңгейіне байланысты.

Ал, мемлекеттік қызметті алушы бірінші кезекте, мемлекеттік қызмет берушінің өзіне, бізге немесе сотқа шағымдануына болады.

– Бүгінде көрсетілетін мемлекеттік қызметтердің сапасы қандай? Және олардың сапасын арттыру үшін қандай шаралар ұйымдастырылуда?

– Мемлекеттік қызметтің сапасына баға беретін – халық. Бұл орайда, әр жылдың соңында қоғамдық ұйымдармен мониторинг жүргізіліп отырады. 2016 жылдың қорытындысы бойынша, мемлекеттік қызметтің сапасына қанағаттанушылық 84 пайызды құрап отыр.

Бірінші кезекте тексеріс шаралары жүргізіледі. Себебі, департамент – мемлекеттік қызметтердің сапасына мемлекеттік бақылау шараларын жүргізетін бірден бір уәкілетті орган. Екіншіден, тексеріс шараларымен қоса, түсіндірме шараларын қоса атқарып отырмыз. Үшіншіден, мемлекеттік қызмет көрсетуге бағытталған құқықтық актілердегі қарама-қайшылықтарды, өзектілігін анықтау және оларды жою жөнінде мардымды ұсыныстар үнемі беріліп отырады. Ең бастысы, сол ұсыныстар назарға алынып, тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

– Мемлекеттік қызмет көрсету кезінде сыбайлас жемқорлыққа әкеліп соғатын жағдайлар туындауы мүмкін бе?

– Әрине, мемлекеттік қызмет алушы мен қызмет берушінің арасында тікелей байланыс болған жағдайда, сыбайлас жемқорлық көрініс табуы әбден мүмкін. Себебі, адами фактор негіз болуы ықтимал. Халқымыз «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» демей ме? Негізінде, көп жағдайда мемлекеттік қызмет алушы өзі сондай әрекеттерге мемлекеттік қызмет берушілерді итермелейді. Мысалы, біз бір жерге өтініш жазып, қызмет алатын болсақ, сол мезетте таныс-тамыр іздеп, қоңырау шала бастаймыз. Бұл – біздің қанға сіңіп кеткен әдет. Сондықтан, сананы түбегейлі түрде өзгерту қажет. Біз осыған қол жеткізуіміз керек.

– Берік Мұхамеджанұлы, сөз соңында мемлекеттік қызметтердің электронды түрі қаншалықты қолжетімді екендігін айтсаңыз…

– Біз қазір электронды технологиялардың дамыған заманында өмір сүреміз. Әрине, мемлекеттік қызметтерді алу барысында электронды нұсқасына жүгінген абзал. Ең әуелі қағазбастылықтан арылғанымыз жөн.

Осы «Орталық Қазақстан» газеті арқылы айтарым – мемлекеттік қызметтерді электронды үкімет порталы арқылы немесе халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы алуға болады.

Сұхбаттасқан

Қуаныш АМАНҚҰЛОВ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button