Бағаланған еңбектен асқан бақыт жоқ
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қоғам өміріне өзіндік өрнек салған жандарды ешқашан елеусіз қалдырған емес. Ұлттық мереке Республика күні қарсаңында қоғам тынысына сүбелі салым қосқан алуан түрлі кәсіп иелерінің мерейі артып, мейманасы тасыды. Жиынтықтайық.
Мұғалім мәртебесі
Президент мұғалімдердің мәртебесін дәйекті негізде күшейтуде. Мәселен, биыл Республика күні қарсаңында Тәуелсіз Қазақстан тарихында тұңғыш рет бірден қос мұғалім ең жоғары мемлекеттік наградаға ие болды. «Қазақстанның Еңбек ері» атағын Гүлжанар Нұрпейісова (62 жаста, Алматы қаласындағы Н.Островский атындағы зағиптар мен нашар көретін балаларға арналған №4 арнайы мектеп-интернатының математика мұғалімі) және Эльмара Траисова (57 жаста, Батыс Қазақстан облысы, Орал қаласындағы А.Тайманов атындағы №34 мектеп-гимназиясының орыс тілі мен әдебиеті мұғалімі) еншіледі. Жалпы еліміз бойынша 137 педагог мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Қасым-Жомарт Тоқаев мұғалімдер мәртебесін көтеру мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Бұл бағыттағы реформалар мен шаралар білім сапасын жақсартуды, педагогтардың еңбегін лайықты бағалауды, оларға қолайлы еңбек жағдайларын жасауды көздейді. 2019 жылы қабылданған «Педагог мәртебесі туралы» заң осыған дәлел. Бұл заң мұғалімдердің құқықтарын кеңейтіп, әлеуметтік кепілдіктерін нығайтты, жалақыны арттыруға септігін тигізді.
Осылайша Мемлекет басшысының пәрменімен мұғалім еңбекақысы бірнеше рет көтеріліп, жүктемесі жеңілдеді. Қ.Тоқаев білім беру саласында педагогтардың біліктілігін арттыру, олардың қоғамдағы рөлін нығайту мақсатында тиісті жұмыстарды жалғастыруды тапсырды. Сонымен қатар, ауылдық жерлердегі мұғалімдерді қолдау және білім беру инфрақұрылымын жақсарту мәселелері де күн тәртібінен тыс қалмақ емес.
Еңбегімен еңселі
Мемлекет басшысы соңғы жылдары еңбек құндылықтарын ілгерілетуге әрі жұмысшы кәсіптерінің, оның ішінде, өндірушілердің мәртебесін арттыруға ерекше назар аударып отырғанын байқауға болады. «Қазақстанның Еңбек ері» атағына Георгий Прокоп (74 жаста, Қарағанды облысы) ие болды. Айта кету керек, жыл сайын мемлекеттік наградалармен марапатталған жұмысшы мамандықтардың саны артып келеді. Еліміз бойынша 450-ден астам адам. Бұл атамекенімізде сөзбен емес, іс жүзінде еңбек пен кәсібиліктің құндылықтары алға жылжып келе жатқандығының тағы бір айқын айғағы.
Президент келесі жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялады.
– Кәсіптік білім беру саласына реформа жасау – айрықша өзекті мәселе. Бұл – экономиканың өсімін қамтамасыз ету және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін аса қажет қадам. Мен 2025 жылды Жұмысшы мамандықтары жылы деп жариялаймын. Осы уақыт ішінде техникалық және кәсіби білім беру жүйесін реформалау қажет. Сондай-ақ біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз. Адал әрі табанды еңбегімен табысқа жеткен адамдар қашанда құрметті, сыйлы болуы керек. Бұл біз ұсынып отырған «Адал азамат – Адал еңбек – Адал табыс» қағидатына толық сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, біздің қоғамда еңбекқорлық, кәсібилік сияқты қасиеттер өте жоғары бағалануға тиіс. Өз кәсібін жетік меңгерген мамандар ұлт сапасын арттырады. Сондықтан біз еңбек адамының мәртебесін көтеріп жатырмыз. Бұл бағыттағы жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді, – деп қадап айтты Мемлекет басшысы.
Ғалымдар – қоғамның шамшырағы
Мемлекет басшысы ғалымдар мәртебесін көтеру және елдегі ғылым мен білім беруді дамыту бойынша дәйекті шараларға бастамашылық жасап келеді. Ғылыми зерттеулерге қосымша қаржы бөлінеді, жас ғалымдарға арнайы гранттар тағайындалды, әлемнің жетекші университеттері мен өндірістік орталықтарында ғылыми тағылымдамалар саны артты. Биыл мемлекеттік наградалармен марапатталғандардың арасында көптеген педагогтар мен ғалымдар бар. Мысалы, «Қазақстанның Еңбек ері» атағына Асқар Жұмаділдаев (ғалым), екі мұғалім: Гүлжанар Нұрпейісова және Эльмара Траисова, «Құрмет» орденімен Жақсылық Сәбитов (тарихшы) ие болды. 80-нен астам ғалым марапатталды.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ғалымдарға қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөліп келеді. Ол ғылым мен технологияларды дамыту елдің ұзақ мерзімді дамуы үшін маңызды екенін бірнеше рет атап өтті. Президент Тоқаев өз Жолдауларында және басқа да ресми мәлімдемелерінде ғылыми зерттеулерге инвестициялар тартуды, ғалымдардың жалақысын көтеруді, олардың еңбек жағдайларын жақсартуды және жас ғалымдарға қолдау көрсетуді тапсырған болатын.
Мысалы, 2022 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында ол ғылыми зерттеулерді қаржыландыруды арттыру қажеттігін және ғылымды басқарудың жаңа жүйесін енгізу керек екенін айтты. Сонымен қатар, жас ғалымдарға арналған арнайы гранттар мен зерттеу бағдарламаларын дамыту да ұсынылған болатын.
Президент ғалымдарға халықаралық ғылыми қауымдастықтармен байланыс орнатуды және инновацияларға, озық технологияларға негізделген жаңа идеяларды дамытуға ынталандыруды қолдайды.
Тұлға тұғыры
Марапатталғандардың арасында ерекше болмысымен дараланған белгілі тұлғалар бар. Олардың ішінде шығармашылық зиялы қауымның көрнекті өкілдерін атап өтуге болады. Мысалы, І дәрежелі «Барыс» орденімен Сержан Шәкірат (күйші), Нұрлан Өнербаев (әнші), «Құрмет» орденімен Самал Еслямова (актриса), Саят Медеуов (әнші), Досымжан Таңатаров (әнші) марапатталды. Биыл Әлібай мен Сәуле Бапановтар, Жанұзақ Мүсәпір Абай атындағы әдебиет және өнер саласындағы мемлекеттік сыйлықтың иегерлері атанды.
Қазақ мәдениетінде тұлға ұғымы ерекше қастерлі. Әуел баста тұлға деп халықтың рухани өмірінде, тарихында, әдебиеті мен мәдениетінде өшпес із қалдырған адамдарды атайды. Халқымызда тұлғаға құрмет көрсету терең тамырланған дәстүр, ол халықтың өз елінің тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін қастерлеуімен етене байланысты. Тұлғаларды құрметтеу арқылы қазақ халқы өзінің ұлттық рухын, тарихи жадысын және құндылықтарын сақтап, кейінгі ұрпаққа аманат етіп жеткізеді. Қазақтар үшін тұлға дегеніміз – тек батырлар мен билер, ақындар мен ойшылдар ғана емес, сонымен қатар, елге еңбегі сіңген ұстаздар, ғалымдар, өнер қайраткерлері де бар.
Байырғы дәстүр жолымен
Биыл еңбек әулеттерін мемлекеттік наградалармен атап өту дәстүрі жалғасуда. Бұл жолы теміржолшылар, өндірушілер әулетінің өкілдері марапатталды. Сондай-ақ, біз соңғы жылдары кәсіби мерекелер анағұрлым белсенді әрі кеңірек атап өтілетінін аңғарамыз. Мұның бәрі – қоғамда еңбек адамының беделі артып келе жатқанының жарқын көрінісі. Осы жылы мемлекеттік наградалар Біржан Қапышевқа (43 жаста, Пойыздар қозғалысы қауіпсіздігі қызметінің бас маманы, темір жол саласы әулетінің жалпы өтілі 826 жыл, Алматы қаласы), Марат Баймулдинге (62 жаста, Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқыту цехы пешінің бригадирі, өндірістік сала әулетінің жалпы өтілі 300 жылдан астам), Кенжеғазы Бекмағанбетовке (76 жаста, еңбек ардагері, Жаңаарқа станциясы бойынша Қарағанды жол бөлімшесінің Вторчермет пунктінің бастығы, темір жол саласы әулетінің жалпы еңбек өтілі 149 жыл), Александр Богданға (61 жаста, «Соколов-Сарыбай тау-кен байыту өндірістік бірлестігі» АҚ балқыту цехының дозалаушысы, өндірістік сала әулетінің жалпы өтілі 128 жыл) және басқаларына берілді.
Еңбек әулеттері – бірнеше буын бойы бір кәсіппен айналысқан, отбасылық еңбек дәстүрін сақтап келе жатқан отбасылар. Қазақ дүниетанымында еңбек әулеттері ерекше құрметке ие, себебі олар еңбекке деген құрметті, кәсіби шеберлікті және ұрпақтар сабақтастығын бейнелейді. Мұндай әулеттер көбінесе ауыл шаруашылығы, ұстаздық, дәрігерлік, инженерия, өнеркәсіп, әскери қызмет және басқа да салаларда еңбек етеді. Бірнеше буыннан бері бір кәсіпті жалғастырған әулет өкілдері өз істеріне адалдық танытып, кәсіби тәжірибелерін балаларына, немерелеріне аманат етіп қалдырып отырады.
Еңбек әулеттері – еңбек мәдениетіміздің мызғымас бөлшегі. Олардың тәжірибесі мен құндылықтары тек отбасы ішінде ғана емес, жалпы қоғамда да жоғары бағаланады. Қазақстанда мұндай еңбек әулеттерін қолдау және насихаттау мақсатында арнайы конкурстар, марапаттар ұйымдастырылады. Мысалы, «Еңбек жолы» байқауы еңбек әулеттерін анықтап, олардың жетістіктерін елге таныту үшін өткізіледі.
Ел тұтастығы үшін
Мемлекет басшысы этносаралық келісімді нығайту мәселелеріне ерекше назар аударады. Президент бастамасымен өткен жылдан бастап «Ел бірлігі» орденімен ұлт бірлігін нығайту, қоғамдық келісімді қамтамасыз ету жолындағы жемісті еңбек сіңірген азаматтар марапатталады. Биыл Мемлекет басшысы Азиз Әлиевті, Сергей Вешнякті, Салман Героевты, Александр Баронды аталған орденмен марапаттады.
Иә, Қазақстандағы этносаралық ынтымақ – еліміздің қоғамының маңызды негіздерінің бірі. Қазақстан халқы түрлі этностар мен мәдениеттердің өкілдерінен тұрады, бұл елдің мәдени алуандылығын, байлығын және тарихын көрсетеді. Этносаралық ынтымақтың негізі ретінде Қазақстанда бірнеше маңызды аспектілерді атап өтуге болады. Тарихи контекст тұрғысында Қазақстан аумағы көп ғасырлар бойы түрлі халықтардың, ұлттардың ұйысқан жерұйығы. Бұл тарихи жағдай елде этносаралық ынтымақтың қалыптасуына ықпал етті. Қазақстан Республикасының Конституциясы барлық азаматтардың құқықтарын, соның ішінде этникалық және мәдени құқықтарын қорғауға бағытталған. Бұл әрбір этностың өз мәдениетін, тілін және дәстүрлерін дамытуға мүмкіндік береді.
Қазақстанда «Халықтар достығы» тұжырымдамасы маңызды рөл атқарады. Бұл тұжырымдама елдегі әртүрлі этностар арасындағы келісімді, өзара түсіністікті және ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған. Қазақстан халқы Ассамблеясы – еліміздегі этносаралық қатынастарды реттеуге, мәдениетаралық диалогты дамытуға және этникалық топтардың құқықтарын қорғауға бағытталған ұйым. Ассамблея түрлі этникалық топтардың мүдделерін бірлесіп қорғауға мүмкіндік береді. Түрлі этностардың мәдениетін таныту, тілдерін оқыту, ұлттық мерекелерін атап өту бойынша көптеген шаралар ұйымдастырылады. Бұл этностардың мәдени байлығын сақтап, жастар арасында бірлік пен ынтымақты нығайтады. Этносаралық ынтымақ экономикалық салада да байқалады. Әр этникалық топ өз кәсібін жүргізіп, бір-бірімен ынтымақтастық орната алады, бұл экономикалық дамуға оң әсер етеді.
Қазақстандағы этносаралық ынтымақ – елдің тұрақтылығы мен дамуының негізі. Ол халықтың бірлігін, әлеуметтік тұрақтылықты және мәдени алуандықты қолдайды.
Деннің саулығы – Отанның байлығы
Денсаулық сақтау жүйесін дамыту, ұлт денсаулығына қамқорлық әрқашан президенттік саясаттың басымдығы болып келді. Елде дәрігерлер мәртебесі біртіндеп артып келеді. Биыл алғаш рет «Қазақстанның еңбек сіңірген дәрігері» құрметті атағы берілді. Бұл атаққа Абай Байгенжин («Ұлттық ғылыми медициналық орталық» АҚ Бас директоры), Вадим Кемайкин («Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық» ЖШС гематология орталығының басшысы), Борис Цхай (Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Облыстық клиникалық аурухана» КМК хирург-дәрігері) ие болды.
Қазақстанда денсаулық сақтау саласында соңғы жылдары көптеген оң өзгерістер орын алды. Бұл өзгерістердің мақсаты – халықтың денсаулығын жақсарту, медициналық қызметтердің сапасын арттыру және медициналық инфрақұрылымды дамыту. 2020 жылы «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасы қабылданды, ол халықтың денсаулығын нығайту, аурулардың алдын алу және медициналық қызмет көрсету сапасын арттыруға бағытталған.
Электрондық денсаулық сақтау жүйесі енгізілді. Бұл пациенттердің медициналық мәліметтерін цифрландыру, дәрігерлердің электрондық жазбалары, онлайн кеңес беру және қызметтерге қолжетімділікті жеңілдетуге мүмкіндік берді. Денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджет көлемі ұлғайып, медициналық ұйымдардың материалдық-техникалық базасы жақсартылды. Медициналық қызметтерді қаржыландыру жүйесі жетілдірілді.
Халық арасында аурулардың алдын алу, әсіресе созылмалы ауруларға қатысты, профилактикалық шаралар қолға алынды. Салауатты өмір салтын насихаттау, вакцинация науқандары жүргізілуде. Бұл өзгерістер халықтың денсаулығын нығайтуға, медициналық қызметтерге қолжетімділікті қамтамасыз етуге, сондай-ақ денсаулық сақтау саласын дамытуға бағытталған.
Ұлт рухы
Мемлекет басшысы Ұлттық Құрылтай отырыстарында және өз Жолдауларында ұлттың рухани дамуы, прогрессивті қоғам мен жоғары мәдениеттің дамуы тақырыбына үнемі назар аударады. Сондықтан, өткен жылы Президент «Қазақстанның Халық әртісі» атағын қалпына келтіру туралы шешім қабылдады. «Қазақстанның Халық әртісі» құрметті атағы Секен Тұрысбеков, Абзал Мұхитдинов, Ирина Лебсак, Майра Мұхамедқызы, Лидия Каден, Рихан Махпирова, Кеңес Жұмабеков, Жәмила Баспақова, Ольга Коржева және т.б. азаматтарға берілді.
Қазақстандағы еріктілер қозғалысы соңғы жылдары белсенді дамып, қоғамда маңызды рөл атқаруда. Еріктілер елдегі әлеуметтік, мәдени, экологиялық және гуманитарлық жобаларға қатыса отырып, азаматтық белсенділікті арттыруға және қоғамның әлеуметтік мәселелерін шешуге көмектеседі. Еріктілер әлеуметтік осал топтарға, зейнеткерлерге, балалар үйіне, мүгедектерге көмек көрсету, гуманитарлық көмек ұйымдастыру сияқты жобаларға қатысады. Табиғат қорғау, экологиялық тазалық акциялары мен табиғат қорғау жобаларына қатысу арқылы еріктілер экологиялық сауаттылықты арттыруға ықпал етеді. Еріктілер медициналық акцияларға, вакцинация науқандарына, донорлық жобаларға қатысады, халықты денсаулық сақтау мәселелері бойынша ақпараттандырады.
Жанқияр жандар назарда
Еріктілер мен құтқарушылар су тасқыны кезінде азаматтық жауапкершілік пен ынтымақтастықтың, жанқиярлықтың өзгеше үлгісін көрсетті. Олардың қатарында әкімдік қызметкерлері, қоғам қайраткерлері, азаматтық көзқарасы жоғары жандар бар. Олардың барлығы жаппай су тасқынының салдарын жоюға және қалпына келтіру жұмыстарына қатысты. Жалпы еліміз бойынша 100-ге жуық құтқарушы мен еріктілер марапатталды.
Жанқияр жандар мен құтқарушылар – қоғамның нағыз батырлары, олар өз өмірлерін қатерге тіге отырып, басқалардың өмірін құтқару үшін қызмет етеді. Бұл адамдардың еңбегі мен жанқиярлығы ерекше құрметке ие, өйткені олар төтенше жағдайларда, табиғи апаттарда және басқа да қиын жағдайларда көмек көрсету үшін бірінші болып алға шығады. Жанқияр жандар мен құтқарушылардың жұмысы қоғамның бірлігін, ынтымақтастығын нығайтуға ықпал етеді. Олар адамдардың бір-біріне көмектесуге дайын екендігін көрсетеді. Жанқияр жандар мен құтқарушылар – адамгершілік, жауапкершілік, адалдық, кәсібилік үлгісі. Олар қоғамға пайда әкелу, адамдардың өмірін қорғау мақсатында бар күш-жігерін салады.
Қаһармандарға құрмет
Сондай-ақ, бірқатар азаматтар ерліктері үшін марапатталды. Батып бара жатқан адамдарды құтқарғаны үшін Р.Қошқарбаев атындағы ІІІ дәрежелі «Айбын» орденімен Ұлттық ұланның «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының аға сарбазы Жанасбек Пермабек, Павлодар облысының аға учаскелік полиция инспекторы Елдос Қойкен, Ақтөбе қаласының полиция инспекторы Фархат Нұрманов, Талдықорған қалалық полиция инспекторы Санат Серікқалиұлы, жасөспірімді өрттен құтқарғаны үшін Атырау қаласының учаскелік полиция инспекторы Дамир Қорғанбаев «Ерлігі үшін» медалімен марапатталды.
Қаһармандарға құрмет – қоғамның адамгершілік құндылықтарының бірі. Қаһармандық тарихымызда, мәдениетімізде және күнделікті өмірімізде ерекше орын алады. Қаһармандар – өз елінің, халқының мүддесі үшін, қиын-қыстау сәттерде өз өмірін тәуекел еткен жандар. Оларға құрмет көрсету еліміздің тарихи жадысын сақтау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту, ұлттық патриотизмді арттыру үшін маңызды.
Азаттықтың алтын қазығы
Қасым-Жомарт Тоқаев салтанатты жиында қазақстандықтарды ұлтымыздың ең ұлық мерекесімен құттықтап, бұл азаттықтың алтын қазығын қаққан күн екенін атап өтті.
– Бір-бірімізге тілектес болайық, өзара құрметпен қарайық, қадірлейік. Кез келген қиындыққа қарсы тұрып, ел үшін, жер үшін бірге еңбек етейік. Халқы – біртұтас, болашағы – жарқын Әділетті Қазақстанды бірге құрайық. Азаматтарымыз барлық салада әрдайым әділдік болғанын қалайды. Ол үшін әркім әділдікті, ең алдымен, өзінен бастауы керек. Сонда қоғам да, бүкіл мемлекеттік жүйе де әділ болмақ, – деді құттықтау сөзінде Мемлекет басшысы.
Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
Ortalyq.kz