Жаңалықтар

Баға жетпес құндылық

Жеңіс күні – барлық адамзат үшін және ұрпақ үшін, ұлы баға жетпес тарихи мереке. Бұл күн – бейбітшілік пен қайырымдылықтың мәңгі жасампаздығын, Отан үшін от кешкен боздақтардың ерен ерліктері мәңгі өшпейтіндігін дәлелдейтін белгі. Жауынгердің қиған жаны мен Жеңісті еңбегімен соққан еңбекшінің төккен тері жадыда жаңғырып тұрары хақ.

Сурет nur.kz

Менің әкем Смағұл Байшағыров – Ұлы Отан соғысының ардагері. Әкем марқұм майданға 19 жасында аттаныпты. Бұл туралы мұрағаттық құжаттарда көрсетілген. Онда Шет ауданының әскери комиссариатынан 1939 жылы қазанның он жетісінде шақыр­тылғаны жазылған. Майдан даласында сол кездегі замандастарымен бірге кеудесін оққа төсеп, жаудан жасқанбай жан пидаға барғандар қатарынан.
Ұрыс даласындағы ерлігі үшін де бірнеше марапаттары да бар. «Қызыл Жұлдыз» және «Қызыл Ту» ордені әкемнің төсінде жарқырайтын. Өзі сұрапыл соғыс даласында 32-ші тауатқыштар бригадасында қызмет еткен.
«Үздік артиллерист» кеуде белгісімен марапатталған. Отан қорғау жолында Жапония, Чехословакия, Польша, Карелия, Балт флотындағы ұрыстарға қатысып, соғыс­ты Дюссельдорф қаласында аяқтады. Жеңіс мерейтойларына арналған медальдары да бар. Сонымен қатар, Жоғары қолбасшы И.Сталиннің «Мақтау қағазы» айбыны мен ерлігі үшін табысталыпты.
Соғыстан оралғаннан кейін ел басқару ісіне араласты. Бұрма совхозының 1957 жылдары алғашқы парторгы және кадр бөлімін басқарғаны тарих болып жазылды.
Сол елі үшін еткен еңбегін елеген жұрты Шет ауданы аудандық мәслихатының шешімі бойынша 2001 жылы Бұрма ауылының бір көшесіне «Смағұл Байшағыров» есімін берген болатын. Бұрма ауылында мемориалдық тақтасына ардагер ретінде есімі жазылды. Ал, Қарағанды облыстық тарихи-өлкетану және Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражайларында өмірбаяны орналастырылған. Бұл көңілге зор мақтаныш сыйлайды.
Мұз жастанып, қар төсенген ардагерлердің ерлігі ешқашан ұмытылмақ емес.

Сәбира МАЙҚАНОВА,
Шет ауданы

Басқа материалдар

Back to top button