Бас тақырып

Баға, қайда барасың?

Ақпан келгелі бұқара халықтан «коммуналдық қызметтің бағамы көтеріледі», «Электр энергиясы қымбаттайтын көрінеді», деген рәуішті тосын пікірлерді ес­тіп, әрі әлеуметтік желіден көзіміз шалып қалып жүр. Бірақ, бұқара жұртшылыққа қарапайым түрде жеткізе аларлық жан кемде-кем. Қайтпек керек? Нарықтың нарқы, қызметтің парқы жалынан неге сипатпай тұр?! Жыл басындағы тариф теке­тіресі нені аңғартады?

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Мәселенің мәнісі

Бұл сұраққа жауап іздер болсақ, ең алдымен, нарықтық экономиканың негізгі заңдылықтарына көз жүгіртуіміз керек болар. Бағаның өсуі – сұраныс пен ұсыныс­тың арақатынасына, өндірістік шығындардың артуына, инфляция деңгейіне, тіпті, сыртқы экономикалық факторларға да тікелей байланысты. Алайда, жергілікті халық үшін бұл түсініктердің бәрі теориялық шеңберде қалып қояды. Олар үшін ең бастысы – күнделікті өмірдегі әсері. Яғни, «коммуналдық төлемдер көбейді ме, азықтүлік бағасы шарықтады ма, жалақы сол күйі қалды ма?» деген өзекті сауалға мардымды жауап қажет.
Ендеше, мәселенің түп-төркініне үңілейік. Біріншіден, тариф атаулысының өсуі кейде қызмет көрсетуші компания­лардың шығындарын өтеуге, инфрақұрылымды жаңартуға бағытталуы бек мүмкін. Мысалы, электр энергиясының бағасы қымбаттаса, бұл желілерді жаңғырту, жаңа технологияларды енгізу қажеттілігімен түсіндіріледі. Мәселен, мемлекет тарапынан коммуналдық шаруашылық бағытында «Тарифті инвестицияға айырбастау» жүйесі һақында басылымның өткен сандарында ұғынықты жазылған еді. Дегенмен, дәл мұндай сәттерде ашықтық алғышартының мүлтіксіз орындалуы қажет-ақ. Халыққа бағаның неге өскенін нақты әрі түсінікті тілде түсіндірудің орнына, «экономикалық қажеттілік» деген жалпылама жауаптармен шектеле салу – ұтымсыз стратегия.
Екіншіден, тариф саясаты әлеуметтік әділеттілік қағидаттарына сай болуы маңызды. Нарық заңы барлығына ортақ болғанымен, әрбір азаматтың табыс деңгейі бірдей емес. Сондықтан, мемлекет тарифтің өсуін тежеу немесе халықтың әлсіз топтарын қолдау мақсатында субсидиялау, жеңілдік беру секілді әлеуметтік тетіктерді іске асырып келеді.
Үшіншіден, бағаның жосықсыз көтерілуі қоғамда «сенім дағдарысын» туындатады. Әсіресе, монополиялық құрылымдардың әредіктегі әрекеттері жиі сын садағына ілігеді. Бұл жерде мемлекеттік реттеуші органдардың рөлі маңыз­ды. Олар тариф белгілеу үдерісін қатаң бақылап, ашықтықты қамтамасыз етуі тиіс. Түптеп келгенде, тариф текетіресі – жай ғана экономикалық құбылыс емес. Бұл – халықтың әл-ауқаты, әлеуметтік әділеттілік және мемлекеттік саясаттың тиімділігі арасындағы күрделі байланыс. Ендеше, тариф мәселесін шешудің ең дұрыс жолы – ашықтық, әділдік және халықпен диалог орнату. Баға қымбаттауы мүмкін, бірақ сенім арзандамауы тиіс!

Түбіртекке үңілгенде…

Енді нақты жыл басындағы бекітілген тариф бағанына көз жүгіртіп өтелік. «Қарағанды Жарық» ЖШС баспасөз қызметінің өкілі Марина Галяс Табиғи монополияларды реттеу комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің өткен жылғы №48-ОД бұйрықпен 2024-2029 жылдар кезеңіне «Қарағанды Жарық» ЖШС үшін электр энергиясын беру жөніндегі қызметтерге тариф бекіткендігін мәлім етті. Құжатқа сәйкес, былтыр 1 шілдеден бастап 1 кВт.сағ үшін құн салығынсыз 10 теңге тарифі қолданылады.

Былтырғы шілдеде баға көтерілгендіктен, биыл электр энергиясының құны өспей, қалыпты бағамын сақтап қалған. Ал, «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС мәліметінше, жылу энергиясын беру және тарату қызметінің осы жылға арналған тарифі белгіленді (қосымша құн салығынсыз). Бұл 10 пайыз­дық өсім инфрақұрылымды жаңғыртуға бағытталған инвестициялық бағдарлама аясында, сондай-ақ, электр және жылу энергиясының өзіндік құнының өзгеруіне байланысты жүзеге асырылып отыр.
Бұдан бөлек, жылу энергиясын жеткізу қызметінің дифференциалды тарифтері де бекітілді. Компания өкілінің мәлімдеуінше, осы жылы қаладағы жылу жүйесін жаңарту жалғасады. Архитектурная көшесі, 13 үй мекенжайындағы тораптан тарайтын жылу желілері жаңартылып, 493 метр құбыр ауыстырылады. Жоба құны – 137,82 млн теңге. Сонымен қатар, орамішілік жылу желілерін және 28/1 орталық жылу пунктінің сорғы станциясын реконструкциялау жоспарланған. «Тарифтің өсуі не береді?» деген сауалға компания өкілі былай деді.

– Жаңғырту шаралары жылыту жүйесінің сенімділігін арттырып, жылу шығынын азайтуға және инфрақұрылымның тозуын төмендетуге бағытталған. Бұл өзгерістер тұрғындардың сапалы әрі тұрақты жылу жүйесімен қамтамасыз етілуіне ықпал етеді, – дейді «Теплотранзит Қарағанды» ЖШС қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Аян Шәкен.

«Қарағанды Су» ЖШС бас директоры Ербол Төлеуов ақпаннан тұрғындар судың бір текше метріне бұрын 150 теңге төлем, ендігіде аталған қызмет 20%-ға, кәріз қызметі 10%-ға қымбаттағанын хабарлады.

– Біз тозығы жеткен су құбырларын кезең-кезеңімен ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бұл амалдар сумен қамту жүйесінің тұрақтылығын арттыруға септес­пек. Кәріз жүйесі де жаңарады. Нәтижесінде, қызмет көрсету сапасының деңгейі жоғарылайды, – дейді спикер.

Осылайша, Сіз бен біз тек нақты қыз­мет құнын ғана емес, түптеп келгенде желілерді оңдау жұмысына да төлейміз деген сөз. Яғни, ертеңіміз күмәнсіз болсын десек, әмиянымызға бүгін қараймыз. Су тарифінің көтерілуіне Сәтбаев каналынан тасымал да әсер еткен.

Коллажды жасаған Айбек Рахымжан

Жанармай: баға – сұранысқа тәуелді

Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев 29 қаңтарда ведомствода өткен брифинг барысында Қазақстанда жанар-жағармай бағасы өссе, оның бір литрінің құны қанша болатынын шамалап айтты. Спикердің айтуынша, жағдайды нарықтың өзі реттейді деп болжанады.

– Мемлекет мұнай өнімдері бағасының қатты өсуіне жол бермеу мақсатында шектеу шараларын қолданатын болады. Бұл ырықтандыру процесін білдіреді. Мемлекеттің барлық қажетті тетіктері бар. Өздеріңіз білетіндей, монополияға қарсы агенттік белгілі бір сауда желісі жоғары монополиялық кіріс ала бастаса, тергеуді бастауы мүмкін, – деп сөзін толықтырды ол.

Министр өз болжамдары бойынша алғашқы өсім 5 теңгеден аспауы керек екенін айтты. Бұл нені аңғартады? Жанар-жағармай бағасының өзгеруі тікелей нарықтағы сұраныс пен ұсыныс­тың арақатынасына байланысты қалыптасады. Дегенмен, мемлекет әлеуметтік тұрақтылықты сақтау үшін баға өсімін бақылауда ұстайды. Әлбетте, жанар-жағармай бағасының көтерілуі бірнеше факторларға тәуелді. Бұл – мұнай өндіру мен өңдеу шығындарының артуы, инфрақұрылымдық мәселелер, логистика, сондай-ақ, сыртқы нарықтағы өзгеріс­тер. Жанар-жағармай бағасы нарық заңдылықтарына сәйкес түзетіледі. Алайда, мемлекет әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру үшін арнайы тетіктерді іске қосады. Мұндай шаралар халықтың тұрмысына ауыртпалық түсірмеу мақсатында қабылданады. Есесіне министр алдағы уақытта жанар-жағармай нарығындағы жағдайды тұрақтандыру үшін бірнеше стратегиялық қадамдар жасалатынын атап өтті. Оның ішінде өндіріс көлемін ұлғайтып, отандық мұнай өңдеу зауыттарының қуаттылығын арттыру көзделуде. Логистиканы жетілдіру жолымен тасымалдау шығындарын азайту үшін инфрақұрылымдық жобаларды дамыту мақсаты тұр. Әділ бәсекелестікті қамтамасыз етіп, Монополияға қарсы арнаулы агенттіктің қатаң бақылауы арқылы қисынсыз шарықтаған баға саясатына тосқауыл қою.

Бұл шаралар жанар-жағармай нарығындағы тұрақтылықты қамтамасыз етіп, бағаның күрт өсуіне жол бермейді. Дегенмен, баға саясатының өзгеруі халық арасында түрлі пікірлер тудырып отыр. Көпшілік елдегі инфляциялық үдерістер мен өмір сүру деңгейіне әсерін алаңдау­шылықпен қабылдауда. Ал, сарапшылар жанар-жағармай бағасының өсуі көлік тасымалы, ауыл шаруашылығы өнімдері мен күнделікті тұтыну тауарларының бағасына да ықпал ететінін айтуда. Сондықтан, мұндай өзгерістерді тек экономикалық тұрғыдан ғана емес, әлеуметтік факторларды да ескере отырып қарастыру қажет.

Монополиядан нарықтық бәсекеге дейін

Монополия демекші, аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев монополистерге тұтынушылар алдында есеп беру қажеттігін еске салды. Тұрғындар «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасының іске асырылуы туралы хабардар болуы тиіс.

– Уәкілетті органдармен желілерді жаңғырту, оған «ұзақ ақша» деп аталатын жеке қаражатты тарту бойынша нақты ұсыныстарды қарастыруды және беруді сұраймын. Сондай-ақ, «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасына қатаң бақылау жүргізіңіздер. Монополистер тұрғындарға қаражатты қайда бағыттайтынын түсіндіруі тиіс. Табиғи монополия­ларды реттеу комитетінің департаменті мұны бақылауы қажет. Тарифтер көтерілуде, бірақ, біз барлығымыз оң өзгерістерді көруіміз керек, – деді Ермағанбет Бөлекпаев Мемлекет басшысының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларын іске асыруды талқылау жөніндегі өңір активінің кеңесінде.

Ал, экономист Айдос Жұмағұлов тарифтік өзгерістер мен жанар-жағармай бағасының өсуіне байланысты жағдайға қатысты өз пікірін білдірді.

– Қазақстандағы тарифтік саясат пен баға белгілеу – бұл мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық тұрақтылықты сақтау мақсатындағы кешенді шараларының нәтижесі. Тарифті қайта қарау әрдайым халық арасында алаңдаушылық тудырады. Алайда, оның артында белгілі бір экономикалық қажеттіліктер жатыр. Мәселен, мемлекеттік саясаттың басты мақсаты – халықтың әл-ауқатына әсерін барынша азайтып, инфляциялық қысымды бақылау, – дейді сарапшы.

Баршаға белгілі тарифтердің өсуі көбінесе тозған инфрақұрылымды жаңарту қажеттілігімен б айланысты. Қарағанды облысында соңғы жылдары коммуналдық желілерді жаңарту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл ұзақ мерзімді басымдықта энергия тиімділігін арттырады.

– Жанар-жағармай бағасын ырықтандыру арқылы нарықтағы бәсекелестікті арттыру жоспарланған. Бұл импортқа тәуелділікті азайтуға және отандық өндірісті қолдауға мүмкіндік береді, – деп толықтырды сөзін спикер.

Сарапшының ойынша, баға өсімін тежеу үшін Үкімет әлеуметтік әлсіз топтарға арналған субсидиялар мен жеңілдіктерді кеңейтуде. Әрі кейбір секторларда әлі де болса монополиялық құрылымдардың әсері сезіледі. Бұл бағаның негізсіз өсуіне алып келуі мүмкін. Сондықтан, монополияға қарсы саясатты күшейту қажет деп санайды ол.

Қазық

Баға өседі, тариф өзгереді. Нарық заңдылықтары уақытпен бірге жаңғырады. Бұл – экономикалық өмірдің табиғи үрдісі. Алайда, сандар мен көрсеткіштердің артында диаграммалар мен формулалар емес, қарапайым халықтың үміті, алаңдаушылығы, күнделікті тіршілігі тұр. Баға – тек ақшаның ғана емес, сенімнің де өлшемі. Экономикалық саясаттың ең басты құндылығы – халықтың әл-ауқатын арттыру ғана емес, олардың болашаққа деген сенімін сақтау. Ашықтық пен әділеттілік – сол сенімді нығайтатын басты тіректер. Қымбатшылық қыспағы қажеттілік пе, әлде басқару шеберлігінің көрінісі ме? Бұл сұрақ тек экономистер мен шенеуніктердің емес, әрбір азаматтың жүрегінде қаттаулы. Өйткені, тариф уақытша құбылыс болса, сенім – мәңгілік құндылық. Ал сол сенімді сақтау – экономикалық өсімнен де қымбат!

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button