Бәсі биік «Бектұров оқулары»
Қарағандыда, жалпы Қазақстанда Жайық БЕКТҰРОВ есімін көзі қарақтының бәрі білсе керек. Арқада өткен Алаш абызы ғана емес, арыстар ізімен жүрген ірі тұлға. Жазушы-журналистің есімімен аталатын облыстық жасөспірімдер кітапханасы сол кісінің құрметіне «Көкірегі көмбе тау тұлға» атты Жайық БЕКТҰРОВ оқуларын өткізді тұңғыш рет. Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығы мен Қарағанды облысының 80 жылдығы аясында ұйымдастырылған шараға мектеп оқушылары мен студенттер қатысты.
Биыл кітапхананың шаңырақ көтергеніне – 40 жыл. Жайық Бектұров бабамыз 104-ке толса, кітапханаға есімі берілгеніне 15 жыл және ондағы «БОТА» интеллектуалдық орталығының құрылғанына – 20 жыл. Аталған шара осы мерейтойлардың басын бір арнаға тоқайластырғандай. 15 жыл бұрын мұнда сирек кездесетін кітаптар, қолжазбалар және мұражай жәдігерлері бөлімі ұйымдастырылып, оның құрамына Жайық Бектұровтың кабинет-мұражайы мен жазушының бірегей жеке кітапханасы жиналған оқу залы ашылғанын айта кеткен жөн.
Облыс көлемінде тұңғыш рет ұйымдастырылған Бектұров оқуларына 90-нан астам талапкер қатысты. Мақсат – Ж.Бектұровтың шығармашылық мұрасын жастар арасында насихаттау арқылы олардың отаншылдық сезімін ояту және өз елінің тарихын ұғындырып қана қоймай, оны сыйлауға баулу.
Қатысушылар үш кезең бойынша сайысқа түсті. «Жырлары – өз дәуірінің айнасы» атты алғашқы кезеңде Ж.Бектұров өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу талап етілсе, «Мен дегенің жел ұшырған бір қурай» айдарында қатысушы қаламгерге арнап өлең жазуы керек. Соңғы «Ж.Бектұров және оның зерттеу еңбектері» кезеңінде Ж.Бектұров зерттеулеріне арнап эссе жазу.
Шығармашылық сайыстың бір ерекшелігі – әр кезеңнің қазылар алқасы бөлек-бөлек. «Жырлары – өз дәуірінің айнасы» кезеңіне Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, қоғам қайраткері Бақытқали Мұсабеков бастап, С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театрының актері Бекмұхамет Мұқатайұлы, кітапхананың ардагер қызметкері Жадыра Жұмай қазылық етті. Ж.Бектұров өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқу міндеттелген бұл бөлімде Қарағанды коммерциялық колледж студенті Юрий Михуля ерекше дипломмен марапатталды. ІІІ орын №65 мектеп оқушысы Жанерке Нұртазиноваға, ІІ орын ҚарМТУ студенті Әмірғазы Еламанға, І орын «Болашақ» колледжінің студенті Аққу Баяхметке бұйырды.
Сайыстың «Мен дегенің жел ұшырған бір қурай» аталымына Халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Руслан Нұрбай, Қазақстанның еңбек сіңірген артисі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Кеңес Жұмабеков қазылық етті. Бұл аталым бойынша ІІІ орынды ҚарМУ студенті Бауыржан Ерман иеленсе, ІІ орынды «Болашақ» колледжінің студенті Үміт Үребаева, І орынды Қарағанды техникалық құрылыс колледжінің студенті Роза Аманжолова қанжығалады.
Облыстық «Орталық Қазақстан» газеті редакторының орынбасары Төрехан Майбас, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Айтбай Жұмағұлов, филология ғылымдарының докторы, профессор Жандос Смағұлов қазылық еткен сайыстың эссе жазу кезеңінің ІІІ орнына №68 мектеп-интернат кешенінің оқушысы Илана Сағнаева мен №40 негізгі мектеп оқушысы Шұғыла Оңдасын лайық деп танылды. Ал, ІІ орынды ҚарМУ студенті Аида Қайырбекова мен №91 НОМ оқушысы Рүстем Оразтай, І орынды «Болашақ» колледжінің студенті Жансая Каменова иеленді.
Жазушы шығармашылығының құрметіне өткен сайыс жүлдегерлері Алғыс хаттар мен бағалы сыйлықтарға ие болды.
Жәнібек ӘЛИМАН