Басты тақырып

Бәсекелестік баспалдағына нық қадам

    Елбасының әр жылғы дәстүрлі Жолдауы – еліміздің даму бағыт-бағдарындағы тың серпін. Қай-қайсы да өзінің кезеңге тән өзектілігі мен нақты басымдықтарды алға тартатындығымен ерекшеленеді.

Н.Назарбаев биылғы «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Жолдауында Қазақстанның Бірінші жаңғыруы осыдан 25 жыл бұрын Тәуелсіз жас мемлекеттің іргетасы қаланған, экономикалық тұрғыдан ауыр кезеңді теңселмей еңсергеніміз екендігін, әлем картасында бұрын-соңды болмаған жаңа мемлекет пайда болған кезең екенін атады. Ал Екінші жаңғыру «Қазақстан – 2030» Стратегиясының қабылдануы мен жаңа елорда – Астананың салынуымен басталғандығын, ендігі біз аяқ басқалы тұрған Үшінші жаңғыру – елдің барлық азаматынан жаһандық жанталас бәсекеге қауқарлы қабілеттілікті талап ететіні сөзсіз.

«Бұл жаңғыру – қазіргі жаһандық сын-қатерлермен күрес жоспары емес, болашаққа, «Қазақстан – 2050» Стратегиясы мақсаттарына бастайтын сенімді көпір болмақ. Ол Ұлт жоспары – «100 нақты қадам» базасында өткізіледі,» – деп атап көрсетті Президент.

Жолдау бес негізгі басымдықты қамтиды. Алғашқы басымдықтар – экономиканың жеделдетілген технологиялық жаңғыртылуы цифрлық технологияларды қолдану арқылы құрылатын перспективалы салаларды дамыту қажеттігін алдыңғы кезекке қоюда. Бизнес-ортаны түбегейлі жақсарту мен кеңейту, макроэкономикалық тұрақтылық басымдықтары ұлттық экономиканың әлеуетін одан әрі арттыру мен әлемдік бәсекелестік баспалдағымен бұдан да жоғары сатыға өрлеуіне сеп болмақ.

Елбасының «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» Жолдауының төртінші басымдығы – «Адами капитал сапасын жақсарту» деп аталады. Бағыттың бірінші бөлігі білім беру жүйесінің рөлінің өзгеруіне арналған. Яғни ендігі тарапта оқу бағдарламары тек қана академиялық білім беріп қана қоймай, баланың сыни ойлау қабілетін дамыту мен қазіргі заманғы өмірде ең керекті ІТ-білім, қаржылық сауаттылық сияқты білім мен біліктерді қалыптастыруға бет бұратындығы белгілі болды. Ұстаз және ата-ана ретінде бұл жаңалықтардан зор үміт күтемін.

Мұндағы екінші мәселе – үш тілді оқытуға кезең-кезеңмен көшу. «Қазақ тілінің басымдығы сақталады. Оның әрі қарай дамуына зор көңіл бөлінеді. Сонымен қатар, бүгінде ағылшын тілі – жаңа технология, жаңа индустрия, жаңа экономика тілі. Қазіргі кезде 90% ақпарат ағылшын тілінде жарияланады. Әрбір екі жыл сайын олардың көлемі 2 есе ұлғайып отырады. Ағылшын тілін меңгермей, Қазақстан жалпы ұлттық прогреске жете алмайды,» – деп айтып өтті Мемлекет басшысы. Бұл дегеніміз, әрбір қазақстандықтың бүгінгі жаһандық ахуалдың күрделілігі мен көп қатпарлығын сезіне отырып, осынау сан алуандылықты даму мен ілгерілеуге ашылған орасан мүмкіндік деп тануы. Әлбетте, әлемдегі ең көп тараған тіл – ағылшын тілін меңгере отырып, Қазақстанның мемлекеттік тілі қазақ тілі – халықты ұйыстырушы басты фактор екенін ұмытпау керек.

Жансая ЖАРЫЛҒАПОВ,

филология ғылымдарының

докторы, Е.Бөкетов атындағы

ҚарМУ профессоры.

Басқа материалдар

2 пікір

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button