Бұрынғы бас редактор Батырхан Жанатов өмірден өтті
Бұл туралы 1991-1995 жылдары Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бөлім меңгерушісі, жауапты хатшысы, бас редакторы болып еңбек еткен Төлеубай Ермекбаев өзінің фейсбук парақшасына хабарлады.
«Бүгін таңға қарай ұялы телефоныма суыт та суық хабарлама түсе қалды. «Батырхан Жанатов ағамыз өмірден өтті», депті жақын қарындасы», деп жазды қаламгер.
Сонымен қатар ол: «Батырхан Жанатов 1996 жылы «Орталық Қазақстан» газетіне бас редактор болып тағайындалды. Ол бір газеттің «тар жол, тайғақ кешу» кезеңі болатын. Шығармашылық ұжымның қордаланып қалған мәселелерін шешуге бар күш-жігерін жұмсады», деген жазба қалдырды.
Батырхан Жанатов 1953 жылы Жаңаарқа ауданында дүниеге келген. Қарағанды кооператив институтын, кейін Қазақ ауыл шаруашылығы институтын тәмамдады. Мәскеудегі Жоғары комсомол мектебін бітірген.
Жаңаарқа аудандық комсомол ұйымында бірінші хатшы, аудандық партия комитетінде үшінші хатшы, Мемлекеттік мүлік жөніндегі Жезқазған облыстық комитеті төрағасының бірінші орынбасары қызметтерін абыроймен атқарған.
1996-1997 жылдар аралығында облыстық «Орталық Қазақстан» газетінде бас редактор болып, қиын-қыстау кезеңде басылымның тығырықтан шығуына хал-қадерінше үлес қосты.
Марқұмның қонақ асы 9 мамыр күні сағат 18:00-де Қарағанды қаласындағы «Ақ сарай»мейрамханасының «Күміс залында» беріледі. Жаназа намазы 10 мамыр күні сағат 10:00-де «Әнет баба» атындағы орталық мешітте оқылады. Асы сол күні сағат 12:00-де «Ақ сарай» мейрамханасының «Алтын залында»беріледі.
«Saryarqa Аqparat» медиахолдингінің құрамындағы облыстық «Ortalyq Qazaqstan»газетінің ұжымы марқұмның отбасына, туған-туыстарына қайғыларына ортақтаса отырып, көңіл айтады.