Бас тақырыпМәселе

Бұқпаның бойы – былғаныш

Бұқпантайлақ Бұқпа өзені Қарағанды қаласының оңтүстікшығысындағы жазық даланы көлбей ағады. Ақпан айының басынан Федоров ауданының саяжайшылары өзеннен жағымсыз иісі бар лас судың құйылып жатқанын хабарлаған еді. Экологтар өзеннің экожүйесіне қаншалықты зиян келгенін анықтау үшін арнайы сынамалар алған. «Ластанған су көктемде арнасынан асып, Федоров суқоймасына құйылуы мүмкін», – дейді тұрғындар. Ал Федоров суқоймасы – қарағандылықтар үшін жазда суға шомылып, жақыннан балық аулайтын жалғыз демалыс орны.

– Өзенге тазартылмаған кәріз суларының құйылуы өте үлкен қауіп төндірмек. Құзырлы кәсіпорын осындай апатты жағдайдың алдын алуға дайын болмай шықты. Кәріз сулары арқылы неше түрлі химиялық қоспалар өзен суына түсуде, оның ішінде нитрит, әртүрлі жууға арналған сұйықтық қалдықтары да бар. Мұндай зиянды қоспа қалдықтары көктемгі су тасқыны мен жазда тұрғындарға зиян келтіруі мүмкін. Су толық тазарып, апатты жағдай тоқтамаса, тұрғындар арасында вирустық инфекция тарауы ықтимал, – деп мәлімдеді Қарағанды экологиялық музейінің директоры Айгүл Мәлікова.

Анықталғандай, Қарағанды қаласының кәріз суларын жинап, суды тазарту станциясына ағызып жіберіп отыратын оныншы кәріз коллекторынан Бұқпа өзеніне қарай қалдық сулар ағып жатқан көрінеді. Өкінішке қарай тез арада қоршаған ортаға залал келтіріп жатқан апатты жағдайды тоқтату әлі мүмкін болмай тұр.

«Қарағанды Су» компаниясының апаттық бригадасы коллекторға жиналған суды сыртқа жібермеу үшін тиісті амалдарды жасауда. Мамандардың айтуынша, 16 шақырымға созылатын коллектордың іші бітеліп қалған. Ақаулы тұстың қай жерден шығып жатқанын анықтау үшін кәріздік жүйе коллекторының ішкі құбырларын тексеру қажет. Бұл жұмыстарды жасау үшін қарқыны күшті екі насосты құбырлар желісін уақытша орнатып, су сорып алып отыруға мүмкіндік жасалған.

– Коллектор ішінде жұмыс жасау үшін жабық күйде жұмыс жасауға лицензиясы бар, уланып қалмау үшін арнайы құрылғылармен жабдықталған мердігер ұйым мамандарына жүгіндік. Өйткені, мекемеміздің мамандары аса қауіпті нысандарда жұмыс жасай алмайды, оған ресми рұқсаты да жоқ. 13 ақпаннан уақытша жасақталған желіге суды сорып алып, жіберу жұмыстары басталды. 14 ақпанда түн ішінде коллекторға келіп құйылатын қалдық суларды азайтудың нәтижесінде коллектордың бітеліп қалған жері анықталды, енді соны жөндеу жұмыстары бірнеше күннен бері жүргізіліп жатыр, – деп мәлімдеді «Қарағанды Су» ЖШС баспасөз хатшысы Марина Богдан.

Облыстың санэпидбақылау департаменті тексеруді аяқтап, кәріз суы ағындарының Бұқпа өзеніне төгілу фактісін растады. «Қарағанды Су» ЖШС-іне қатысты лас су қалдықтарын ағызғаны және апатты жою жоспарының жоқтығы үшін әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама жасалды. Жалпы сомасы 5,5 миллион теңгеден астам айыппұл салынды. Қабылданған шаралар туралы мәліметтер Қарағанды қаласының әкімдігіне әрі экология департаментіне әкімшілік шаралар қабылдау үшін жолданды.

Айыппұл арқалаған «Қарағанды Су» апатты жою амалдарын іске асыруда. Алайда жаңа коллекторға жұмсалатын 50 млрд. теңге қайдан алынатыны сұрақ күйінде қалып тұр…

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button