Руханият

Бұлбұлдар мен дүлдүлдер «беу» дегізіп…

Ұлы Даланың ұлағатты өнерін дүниеге жар қылып жүрген даңғайырлар мен дүлдүлдердің көші Арқаны арқа-жарқа қылды. Ертеде ауыл іргесінен сал-серілер көрінгенде, «құт келді» деп қуана-қуана қарсы алады екен жұрт. Сөйтсек, сол заманның театр, циркі екен олар. Өткен апта соңында дәл сондай болмаса да, Кеншілер мәдениет сарайында сал-сері, жыраулардан қалған көне сарын, мәңгілік мұраны насихаттап жүрген өнерпаздарды тыңдап, бір жасап қалдық.

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қырын» ұсынғанын білмейтін қазақ жоқ. Алаш байтағының төрт құбыласындағы ән-күйді бір жерге тоғыстырса, Ұлы Даланың барлық сыр-сипатын ашпайды деп кім айта алар? Көшін Қарағандыға тіреген «Ұлы Даланың көне сарындары» фестивалінен туып отыр бұл ой.

Бекболат Тілеуханның әнді тарихымен әңгімелеп отырып жеткізетіні бар. Әр өңір мақамын жекежеке салып, Алаш даласын әнмен шарлап шығатұғын. «Қазақта Арқадағы ән Атырауға, Атыраудың әні Жетісуға, Жетісу мақамы Қаратау сарынына ұқсай бермейді» деп бастар еді. Сол сияқты, «Ұлы Даланың жеті қыры» атты дәстүрлі музыка фестивалінде Жетісу, Сыр өңірі, Батыс, Шығыс әншілік, күйшілік өнері мектептерінің өкілдерін даланың даңғайыр ұлы Алмас жырау Алматов бастап келіпті. 20 жылдық мерейтойына байланысты «Нұр Отан» партиясы ел көлемінде ұйымдастырған өнер жәрмеңкесі бастауын Семейден алып, Павлодар, Шымкентті басып өтіп, Қарағандыға келгені осы екен. Сүйегіне сөз сіңіп, саз дарыған Алмас Алматов жүргізіп отырды кешті. Домбырамен жырдан үзінді сұңқылдатқан соң, кезегін Алатау алабы әндерін нақышына келтіре орындап жүрген Шолпан Әбжановаға ұсынды. Шолпан Кененнің «Игигайы» мен Жамбылдың «Сарыбайға» әнін әуелетті. Алатаудың ән байрағы Арқада желбіреді дегізді. Шыны даусы шекемізді шыңылдатты десе болғандай.

Атақты «Біздің елдің жігіттері» толғауының авторы Жәкен Омаровпен де осы кеште табысты халық. Қолындағы баянымен толғап салғанда, сарын буын-буынды босатып, сай-сүйекке барғандай, жарықтық. Жәкен аға «Ата-ананың қадірі» толғауын тебірене салды. Шапқан аттың арыны мен атқан оқтың жылдамдығы, бәлкім, одан да биік асқақ рухқа көмкерілген Құрманғазы күйлері кештің керемет тартуы болғандай. Оны домбырада төгілдірген – Батыржан Мықтыбаев. Дәулескердің дәулескері екен!

Біржан салдың «Сырғақтысын» орындап шыққан Сержан Мұсайынды халық жібермей төрт ән салғызды. «Қанатталды» мен «Ағаш аяққа» Ақан серінің «Балқадишасын» қосып шырқады. Концерт көрерменнің қалауынша солай өтуі керек қой. Жерлесіміз Дәуренбек Әркеновтен де қолқалап, салуы тиіс екі әніне бір ән қостырып айтқызды ел. Ерлан Рысқали, Гүлмира Сарина сынды әншілерге де сөйтті. «Халық қаласа, хан түйесін соймай ма?». Ешкімнің меселі қайтқан жоқ. Бұдан бөлек, Балқан Смағұлов, Еркежан Сәдуақасова, Ақжан Қали, Әлібек Бимендин, тағы басқа өнерпаздар қобыз, домбырамен ән салып, күй тартты. Бәрін тізе беру мүмкін емес. Екі сағат бойы ел ән құшағында тербеліп, рахатқа батты.

Сағынтай АҚҚОЖИН, көрермен:

«Концерт өте жоғары деңгейде өтті. Нағыз фестиваль осындай болса керек. Көңіл көтеріліп, жақсы демалып қалдық».

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button