«Бұйырса, күзге қарай үйде боламын» (Әскери әзілдер)
«Иди сюда»
Жауынгер әскерден келіпті. Досы одан сұрап жатыр дейді:
– Сен әскерге барып орысша үйреніп келдің бе?
– Иә
– Орысты шақыру үшін не деп айтам?
– Иди сюда.
– Ал, егер кет десем ше?
– Ар жағынан айналып барып «иди сюда» дейсің, – депті.
«Көппен көрген ұлы той»
Бір жігіт әскерге барғысы келмесе керек. Сонда анасы ұлының жігерін жанымақ болып, «Балам, ол да бір көппен көрген ұлы той. Жігіт емессің бе, не болса да барып кел» депті. Сөйтсе баласы «Апа, сол тойға өзіңіз неге бармайсыз?» деген екен.
«Шошаңдамай окопта жату керек»
Бір күні немересі атасынан «Соғыста қалай аман қалдыңыз?» деп сұрапты. Сөйтсе атасы «көп
шошаңдамай окопта жату керек» деген екен.
«Бір оқ құны бес сом»
Бір күні бір жігіт әскерге дейін саудагер болған сарбазбен окопта екеуара қалса керек. Жау жақындап келеді. Кенет, әлгі жігіттің оқ-дәрісі таусылып, оқ шығындамай отырған қаруласынан оқ сұрапты. Сөйтсе саудагер «бір оқ құны бес сом» десе керек. Аң-таң болған жігіт «бес сомы несі, қазір жер жастанамыз» десе, саудагер саспастан «жау жақындағанда он сом болады» депті.
«Бұйырса, күзге қарай үйде боламын»
Бір жігіт соғыста жүріп әйеліне хат жазып отыр дейді.
«Жаным, қалың қалай? Менің хәлім жақсы. Соғысып жатырмыз. Ақырындап шегініп келеміз. Осылай шегіне берсек, бұйырса күзге қарай үйде боламын» деген екен.