Бүгін Сырымбетов жұдырықтасады
Бокстан Өзбекстан астанасы Ташкент қаласында ерлер арасында өтіп жатқан әлем чемпионатының үшінші күні басталды. Бүгін 60 келі салмақта Талғат Сырымбетов шаршы алаңға шығады.
Бүгін әзірге қазақстандықтар сапынан Талғат Сырымбетов қана өнер көрсетеді. Оның қарсыласы – иорданиялық Мохамед Абу-Джаджех.
Естеріңізге сала кетейік, кеше 86 келі салмақа өнер көрсеткен Сағындық Тоғамбай қарсыласы конголық Мбели Нландуды жеңген болатын. Енді отандасымыздың 1/8 финалдағы қарсыласы – өзбекстандық Шохжахон Абдуллаев. Қос боксшы бұған дейін қаңтарда Таиландтың Бангок қаласындағы 22 жасқа дейін Азия чемпионатында өзара кездескен. Өкінішке қарай, сол уақытта Сағындық Тоғамбай бірінші раундта нокаутпен жеңіліп қалған еді. Бұл жолы отандасымызға реванш алуға үлкен мүмкіндік туып тұр.
Ал, 63,5 келіге дейінгі салмақта жұдырықтасқан Санатәлі Төлтаев кәсіпқой бокста 8 айқас өткізген Израиль өкілі Ахмат Штавимен жұдырықтасып, төрешілердің шешімімен жеңіске жетті. Енді отандасымыз 1/16 финалда маврикалық былғары қолғап шебері Ришарно Коленмен кездеседі.
Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz