Жаңалықтар

«Бүгін менің туған күнім…»

          Аққан жұлдызға арман сабақтаған адамзаттың бәрі ақымақ. Аққан емес, Тәңірінің әлгі аспан денесін жаққан күні ай қарап қалдық па? Білетініміз – алқаракөк аспанды айғыздап өткен жұлдыз ғана. Білетініміз – аңызға айналып барып ақынның өлген күні ғана. Ақынның өлген күні… Кім шығарған осыны?! Қай Дантестің сөзі бұл? Әсілі, нағыз ақын өлмесе керек-ті! Өлсе – ақын болмағаны. Өлмеді екен – туған күні ғана болғаны!

Ақынның туған күні!

Мұнтаздай мұңның туған күні!

Мұқағалидың туған күні…

 «Сұлулардай соңынан сөз бораған» (Ж.Ерман) қайран да қара өлеңнің қара нары… Заманы тезге, замандасы сұғанақ сөзге қимаса күн ертең-ақ сексеннің жетеуіне жетіп, «ақынмын» деп қомпаңдап жүргендердің» апшысын әлі де қуырар ма еді? Кім білсін?! Мағжанның маңғаз жырын Қасымнан әрі қамшылап әкеткен мұзарт Мұқағали.

Қасымнан әрі… Аманжолдың Қасымынан әрі. Өткен ғасыр өкіметі Мағжанды мансұқ етпегінімен, дауылпаз ақынға дау айта алмады. Сөйтті де, Мағжанмен бірге Магаданнан қайтпай қалған мінезді өлең дауылпаздың қанатына қайта ілесіп келгендей болды.  Өкініштісі, өлмес жыр­ға өшіккен өкімет емес, өз замандастары екен. Бақталасы – баспанасыз, баспаханасы – басылымсыз сандалтты. Өкіметке жақпаған өңгеге жақсын ба? Жақпады! Партияның пәрменін білсе де, сойылын соқпады. Сонысымен де ерек, сонысымен де бөлек. «Қасым солай болмаса несі Қасым?» Сөйтсе, жақпаған жалғыз бұл емес екен. Қарасаздан қалықтап, «толқыны, тасқындаса, тау қопарып» (Ф.Оңғарсы­нова) Мұқағали ерді. Ал, Қасым болса, осы Мағжан мен Мұқағали арасындағы алтын көпірге айналып кете барды. Мұзарт ақынның Арқа топырағына деген алапат сағынышы осы Қасымға деген іңкәрлікпен қатар өрілсе керек. Әйтпегенде, «Армысың, аты әйгілі Қарағандым! Жылуым, қара алтыным, қара наным. Кімдердің пальмасынан артық маған, Бозарған көде, жусан, қарағаның» дейтін бе еді? Қасымның келуімен қазақ поэзиясы қайта түледі! Сірә да, қазақта «жыр бәйгеге аттанған адам болса» алдымен Қасымды, одан барып Мұқағалиды қаузар еді.

Мұқағалидың тууы – бүтін бір Алаш ғазалының қайта өрлеу дәуірін бастан өткерген шағы десек, артық айтқандық болмас. Өмірін өлеңге айналдырып, «ар-ұят деп аталар нәрестені, қызылшақа күйінде алып келді». Расында, ақын жүрегін тіліп кеп жіберсе, қан орнына қайнап тұрған өлең төгілеріне сеніңіз. Кең пішілген кеудеге де сыймай кеткені содан болар. «Дариға-жүрек шөлдеді, Шөлдеді, бірақ өлмеді». Әр қазақтың жүрегінде Мұқағали маржаны лүп-лүп етеді. Шынтуайтына келгенде, Мұқағали музасы лүпілдейді. Музасы – Дариға, Дариғасы – Муза! Олай болмаса «О, Муза! Маған алыс сөреңді бер! Ғайыптан кел де, мені демеп жібер» деуден басын аулақ салғаны қане? «Мұқағали өлді деп кім айтып жүр? Ол – Музасына еріп, аспанға ұшып кетпеді ме?» дейтіндер де табылар еді. «Өлдіге» қимастық, ақын рухына сыйластық осындай болса керек-ті. Ұшса – Музасына еріп ұшып та кеткен болар. Соған имандай сенгің келеді. Әйтеуір, «Мен – ХХІ ғасыр ұрпақтарының құрдасымын. Бәлкім, одан әрідегі ұрпақтардың туысымын да …» деуі бекер емес. Бірақ, мұзарт ақын құрдас һәм туыс болғаны өз алдына, кейінгі толқынның Музасына айналып кетерін білді ме екен? Иә-иә, өзі де Музаға айналып шыға келді! Мұқағалиға мұң шағып, өлең арнамаған – некенсаяқ.

«Көшеді өлең немесе өшеді өлең!». Өлеңі өшкен де, көшкен де жоқ. Ақынның тәні жерге, рухы өлең деп соққан жүректерге көшіп алды. «Әкетті ажал… Жыр емес, адамды алды». Қараша елі балталаса бұзылмайтын қара өлеңін бауырына басып қала берді. Өлген жоқ! Бар болғаны, қазағына қара өлеңін қияметке дейін аманаттап, өзі «Мұхаммедтің үмбеті – мұсылманмын» деген қалпы Алласының алдына аттанды. Аттанды демейік, қайта жаралды, қайта туды дейік. «Туады, туады әлі нағыз ақын!». Өлгені де – қайта туғаны! Ақынның туған күні!

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

 

Арыз жазып кетейін

 Мұқағали МАҚАТАЕВ

Бүгін менің туған күнім.

Ой, бәле-ай!

Мына адамдар неге жатыр     тойламай?!

Банкет жасап берер едім өзім-ақ,

Тәңірдің бір жарытпай-ақ

қойғаны-ай.

 

Мына дүние неге жатыр үндемей?!

Алаулатып тойдың шоғын үрлемей.

Құшақ-құшақ гүл шоқтарын лақтырып,

«Мынау – шапан,

Мынау – атың, мін» демей.

 

Мына жұртқа жақпады ма әлденем?!

Бекер өмір сүргенмін бе, әлде мен?

Халқым,

Сенің қасиетіңді білем деп,

Босқа өмірім өтті ме екен әуремен?!

 

Айтамын деп қуанышың, мұңыңды,

Басқа арнаға бұрдым ба әлде   жырымды?!

Мен, бәрібір, өзіңменен бір болам,

Өзегіне тепсең-дағы ұлыңды.

 

…Тойланбаса тойланбасын,

He етейін.

Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ    өтейін.

Қаламымды берші маған, бәйбіше,

Болашаққа арыз жазып кетейін…

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button