Руханият

Бүгін ақын Абзал Бөкеннің туған күні

Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, «Құрмет» орденінің иегері, белгілі ақын Абзал Бөкен 75 жасқа толды. Өлең өлкесіне өткен ғасырдың жетпісінші жылдары өзіндік үнімен келген ақын ормандай оқырмандарына оншақты жыр жинағын ұсынып, жырсүйер қауымның ыстық ықыласына бөленді. Абзал Бөкен жайында қаламдастарының соқталы дүниелерін газетіміздің сенбілік санынан оқи аласыздар. Мерейтой иесіне ұзақ ғұмыр, шалқар шабыт тілей отырып, ақынның сиясы кеппеген жаңа өлеңін оқырман назарына ұсынуды жөн көрдік.

Сурет: ақынның жеке мұрағатынан

ТАМШЫ-ҒҰМЫР

Жетпіс бес жыл, апыр-ай, жер басыппын,
Жетемін, – деп несіне төрге асықтым.
Аялы жоқ жасымды –
Аяңы жоқ аяғына жем түскен жорғаша ұқтым.

Келген іздің орынын кеткен із ап,
Кемігенін қу көңіл кекпен ызад.
Неткен қысқа ғұмыр ед бұл жетпіс бес,
Бұл жетпіс бес ғұмыр ед неткен ұзақ?!

Жайлауында жұмысқа жегінді елдің
енді қанша көк қуып тебіндермін.
Момын белдің боп жүріп момақаны,
Нені ілгердім, білмеймін, нені үлгердім.

Жазғандарын жауһардай талап алған
жақсылардан сарқылмас саба қалған.
Мен жылдардың кеткенін білмей қалдым,
Жылдарды емес, жырларды санағаннан.

Сары алтынның сандалтпай түсі мені,
Санағаным жыл емес, ісім еді.
Сыртым сырық болғанмен,
Сыздап тұрған ішім сынық… оны кім түсінеді.

Жерден емес, жеті қат көктен із ап,
Желіп кетер өмір де өтпелі зат.
«Төрге өткендей есіктен» неткен қысқа,
Өрге өткендей бесіктен неткен ұзақ?!

Әйткенмен, иіріп алшыны бір,
Әсем күнге айтарым – салшы дүбір.
Масайрап қал.
Мәңгілік мұхитына мөлт ететін бір күні, тамшы-ғұмыр!

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button