Бұқара бұйымтайы ескеріледі
Парламент Сенатының депутаты Серік Өтешов Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Депутат өңірлердегі сайлаушылармен кездесіп, өндірістік және әлеуметтік маңызы бар нысандарды, сондай-ақ, білім беру мекемелерін аралайды. Кездесу барысында республикалық бюджеттен қаржыландыруды қажет ететін бастамалар мен ұсыныстарды тыңдамақ.
Сенатор жұмыс сапары барысында алдымен өз сайлаушыларымен кездесіп, мәслихат депутаттарымен және жұртшылықпен бірге өзекті мәселелерді талқылады.
– Сенат республикалық бюджетті қалыптастыру шеңберінде жемісті жұмыс істеді. Бәріміз бұған үлес қостық. Маусымда 30-дан астам маңызды құжаттар қабылданды. Қоғамда белсенді талқыланған мәселелер өз шешімін тапты. Жыл басында Бюджет кодексін және Салық, Су және Құрылыс кодексін қабылдаймыз, – деді Серік Өтешов.
Сенатордың айтуынша, әлі де шешімін таппаған мәселелер бар. Осы орайда сенатор халықтың дауысын білдіретін және жергілікті жерлердегі ахуал туралы жақсы білетін мәслихаттардан белсенділік күтетінін айтты.
Жиында облыстық мәслихат депутаты Серғазы Әдекенов Сенаттың «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заңды қабылдағаны үшін Серік Өтешовке алғыс білдірді.
– Осындай кездесулер көпшілікке барлық жағынан пайдалы. Қарағанды облысының қуатты ғылыми-зерттеу әлеуеті бар. Өңірде алты ірі университет және инновациялық ұсыныстардың қоры бар бірқатар ғылыми-зерттеу институттары мен орталықтар орналасқан. Біз Президенттің ғылыми әзірлемелерді өндіріске барынша жақындату жөніндегі тапсырмасы аясында жұмыс істеудеміз. Осы орайда Қарағанды ірі ғылыми-технологиялық орталыққа айналуы мүмкін екендігін баса айтпақпын. Бұл біздің өңірде көмір саласын, металлургияны, агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға қарқынды көңіл бөлінетінін білдіреді.
Орталық Қазақстан экономиканы әртараптандыру тұрғысынан өндіруші саладан инновациялық салаға дәйекті түрде ауысуы тиіс, – деп атап өтті Серғазы Әдекенов.
Депутаттар өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуын жақсарту, сондай-ақ, Сенат депутаттарының назарын талап ететін мәселелер бойынша ұсыныстарын білдірді. Қадиша Оспанова саламатты өмір салты орталықтарын облыстық денсаулық сақтау басқармасының қамқорлығына қайтару жайлы ұсынысын білдірді.
– Кадрлық қамтамасыз ету мәселесі ашық күйінде қалып отыр. Биыл аудандарға 38-ден астам дәрігер, 68 орта медициналық қызметкер келді. Әлі де 23 дәрігер мен 40-тан астам орта медициналық қызметкер жетіспейді.
Саламатты өмір салты орталықтары бәсекелестік ортаға ауысқаннан кейін алдын алу және сапалы ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізу күрделі болды. Алдағы уақытта бұл мәселені жалпы практика дәрігерлеріне жүктемені арттыру есебінен шешу керек, – деп атап өтті Қадиша Оспанова.
Серік Өтешов аталған сұрақ аясында Сенат депутаттарына ресми өтініш жазуды сұрады.
Парламент Сенаты депутатының кездесулері Жаңа жылдан кейін де жалғасын табады. Сенатор алдағы уақытта Қарағанды медициналық университетіне және Қазтұтынуодағы Қарағанды университетіне, сондай-ақ, Қарағанды, Теміртау және Шахтинск өнеркәсіптік және әлеуметтік мекемелеріне барады. Жұртшылықпен, депутаттармен кездесіп, күн тәртібіндегі мәселелерді талқылайды.
Аяулым СОВЕТ,
Ortalyq.kz