АймақБас тақырыпБұқар жырау

Бұқар жырау ауданында жұмыссыздықпен күрес жүйелі түрде жүргізілуде

Бұқар жырау ауданында ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту және кәсіби тұрғыдан қалыптастыру бағытында жүйелі шаралар қолға алынған. Жыл басынан бері аудандық Мансап орталығының қолдауымен 1200-ден астам адам жұмыспен қамту бағдарламаларына қатысып, олардың 500-ге жуығы тұрақты жұмысқа орналасты. Еңбекке тартылғандардың басым бөлігі – жастар. Ал қалғандары сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру үшін қайта оқуға жіберілді.

Бүгінгі таңда ауданда аспаз, тракторист, дәнекерлеуші, тігінші секілді жұмысшы мамандықтарына сұраныс жоғары. Осыған орай, тілек білдірген азаматтар үшін қысқамерзімді тегін курстар ұйымдастырылып, оқуды аяқтаған соң бірден жұмысқа орналасуға мүмкіндік берілуде.

Өзін-өзі жұмыспен қамтығысы келетін тұрғындар үшін «Бастау Бизнес» бағдарламасы шеңберінде онлайн оқыту және қайтарымсыз гранттар ұсынылуда. Бұл қолдау тетігі арқылы алғашқы нәтижелер де байқалуда: бірнеше ауыл тұрғыны грант жеңіп алып, жеке кәсібін бастады. Бағдарлама аясында мүмкіндігі шектеулі жандарға да айрықша қолдау көрсетілуде.

Жыл басынан бері Мансап орталығына жүгінген 61 адамның ішінде 10 адам тұрақты жұмысқа орналастырылса, тағы 24-і жұмыспен қамту бағдарламаларына тартылған.

Сонымен қатар, ауданда субсидияланатын жұмыс орындары бағытында да ауқымды жұмыс жүргізіліп жатыр. Мәселен, бастапқыда 433 адамды еңбекке орналастыру көзделсе, бұл көрсеткіш артығымен орындалып, 439 адам жұмыспен қамтылды. Бұл – жұмыс берушілердің әлеуметтік жауапкершілігінің артқанын және тұрғындардың еңбекке деген белсенділігін көрсетеді.

– Мұндай қолдау ұзақ уақыт жұмыссыз жүрген немесе еңбек нарығына қайта оралғысы келетін азаматтар үшін нақты мүмкіндік, – дейді Бұқар жырау аудандық Мансап орталығы директорының міндетін атқарушы Төлеген Іргебаев.

Аудандағы экономикалық белсенділікті арттыру мақсатында 2025 жылға арналған өңірлік даму картасы бекітілген. Құжат аясында 44 жобаны жүзеге асырып, 416 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

– Бұл жобалардың орындалуы тұрақты бақылауда. Жыл соңына дейін қойылған міндеттердің толық орындалуын қамтамасыз етуіміз қажет. Ол үшін жұмыстарды жандандырып, ведомствоаралық өзара іс-қимылды күшейту маңызды, – деп түйіндеді Төлеген Іргебаев.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Back to top button