«Қазыбек қонған» қалай аталды?
Ұлытаудың шығыс жағында, Қаракеңгір ауылымен екі ортада бауырынан мөлдір бұлақ ағып жатқан биік адыр бар. Оның төбесіне шықпай-ақ бауырында жүріп Ұлытаудың қасиетті төбесін анық көруге болады. Бұл адыр «Қазыбек қонған» деп аталады. Мұның тарихы тым әріде жатыр. 1721 жылы қара бұлттай қаптаған жоңғар қалмақтарының тосын шабуылынан Қазақ халқы «Ақтабан шұбырынды, алқакөл сұламаға» ұшырап, қынадай қырылды. Қаратаудан жан-жақтан жаяулап шұбырған халық Көктөбеге беттеді. Жетпегендер жолда өліп, жеткендері Сарысуға құлап, Ұлытауға келіп паналады. Сол кезде «Елім-ай» деген зарлы өлең пайда болды.
«Қаратаудың басынан көш келеді,
Көшкен сайын бір тайлақ бос келеді
Бауыр мен жерден айырылған
жаман екен
Екі көзге мөлтілдеп жас келеді.
Елім-ай, жерім-ай.
Мына заман қай заман қысқан заман,
Ел басынан бақ-дәулет ұшқан заман.
Шұбырғанда ізінен «қар борайды»,
Қаңтардағы қақаған қыстан жаман».
«Елім-ай, жерім-айлап» зарлап, еңселері түсіп, егілген елдің зары бертінге дейін айтылып жүрді де кейін ұмытылып бара жатқан сияқты. Бұл тарихи өлең үлкен сахналарда айтылса ешқандай да ерсі болмас еді. Мұның жас ұрпақ тәрбиесінде маңызы зор.
Қалмақтардың осы сойқанында 4 млн. қазақ қырылып кетті. Бұл бөлек-бөлек көшіп-қонып жүрген көшпелі елдің игі жақсыларының ойын оятып, санасын сапырды. Үш Жүздің билері Ұлы жүзден Төле би, Орта жүзден Қаздауысты Қазыбек би, Кіші жүзден Әйтеке билер жер ортасы Көктөбенің бауырында ұлттың ұлы жиынын өткізіп, Үш Жүзді бір тудың астында топтастырып, қазақ халқының бірлігін қалыптастырып, үлкен күшке айналдырып, жаудан кек алу керек деген шешімге келді. Сөйтіп, Көктөбенің бауырына Арғанаты тауының бөктеріндегі «Балбұлақта» ұлттың ұлы жиыны өтетін болып, ел жинала бастады. Қаздауысты Қазыбек бидің қалың көші осы өңірге алғашқы болып маңдай тіреген. Осы адырға келгеннен кейін көшті «Балбұлаққа» жіберіп, өзі осы адырдың бауырына үй тіктіріп, Ұлы Жүздің биі Төле биді, Кіші жүздің биі Әйтеке билерді күтіп алуға қалады. Төле би ол кезде ауырып жүр екен. Елінің игі жақсылары жиналып: «Сіз ауырып жүрсіз ғой. Жер алыс, жолда қиналып қалсаңыз қиын болады ғой», депті. – Сонда, «Сіз бармай-ақ қойыңыз, жолда өліп кетсеңіз қиын болады ғой, дегілерің келіп отыр ғой. Ол жерде ұлт тағдыры шешіледі. Менің жаным елдің тағдырынан қымбат емес, жолда өліп кетсем артымда Төле би ауруына қарамай жолға шыққан екен, жете алмай қайтыс болып кетіпті, ал бармай қалсам ел тағдыры шешілер жиынға ауруынан қорқып келмей қалыпты» деген ат қалмай ма? Жолда өлсем сол жерге жерлей салыңдар. Қазақтың жерінің бәрі қасиетті. Егер Көктөбеге жетіп өлсем биігіне шығарып қойыңдар. Бірақ, мен аман барып сау қайтамын. Ол үшін қам жемеңіздер, – депті. Сөйтіп, ақ түйеге қом жасатып жолға шығады. Сапарға шыққан соң екі-үш күн өткенде бидің денсаулығы жақсара бастапты. Сонымен Ұлы Жүздің биі Төле бірнеше күн жүріп, Қазыбектің күтіп жатқан жеріне де жетіпті. –Уа, Қазыбек би, көрмей кетсем ішімде арман кетер еді, бірақ өлмей жеттім саған. Осы жерге дейін «жаумен» соғысып келдім, – депті. – Ажал адамзаттың жауы ғой, Сіз оны жеңіп келген екенсіз. Жеңісіңіз құтты болсын, – дейді Қазыбек би. – Мынау күткен жерің жақсы екен. Бұл жер «сөйлейтін» шығар – депті Төле би. – Ағамыз келгенде құрметтемейтін ел, сөйлемейтін жер бола ма? Анау көрініп тұрған Көктөбе Сарыарқаның жүрегі ғой. Мынау адыр сол Көктөбенің сілемі ғой. Бауырында ағып жатқан бұлағы елдің бірлікке деген мөлдір тілегі ғой. Ал бірлік ұлттың тірегі ғой – депті Қаздауысты Қазыбек би. – Жақсы айттың, Қазыбек. Ал бұл жерді қалай атайды? – дейді Төле би. – Біз келіп тоқтағанда бір табын киік су ішіп өріп барады екен. Соған қарап мен «киіктің бұлағы» деп атап тұрмын – дейді Қазыбек би. – Жоқ, олай болмайды. Мынау адырды елге қадірлі «Қазыбек қонған» деп атау керек. Бұл жердің аты осылай аталсын! – депті дуалы ауыз Ұлы Жүздің биі. Содан бұл жер «Қазыбек қонған» аталып, үш ғасырдан бері бабамыздың атын ататып келеді. Кейде Қазыбек қонғандағы «киіктің бұлағы» деп те аталады. Мұны бастан аяқ «Көктөбе» деп атағанымыз Ұлытауға деген ат. Үш Жүздің ұлттың ұлы жиыны сәтті аяқталғаннан кейін «сенде ұлы іс тындырылды ғой, Көктөбе, сенің атың «Ұлытау» болсын деп бабаларымыз беріпті. Содан бері сан ғасырлар бойы «Ұлытау» деп аталып келеді. Бұл тау бізге беймәлім заманда «Ертағы», «Кертағы» («Елтұрағы»), «Кәрітау» деп те аталыпты. Бұл жерден «Кіші Жібек жолы» өтеді. Осы жолмен жүрген керуендер бұл жердің апталап соғатын, ат құлағы көрінбейтін ақтүтек боранынан көп қиындық көреді екен. Соған байланысты керуендер «Мұзбел» деп те атаған дейді.
Ұлытау қалай аталса да ұлтымыздың ұлы тарихы жатқан қасиетті жер. ҚР Тұңғыш Президенті Н.Назарбаев 2014 жылғы Ұлытау төріндегі сұхбатында: «Мына өзіміз келіп отырған Ұлытау – өте қасиетті жер. «Ұлытау» деп аталуының өзінің тарихи мәні бар. Қазақтың ен даласының қай шетіне барсаң да, осындай қасиетті жерлер табылады. Шығысына барсаң – Берел қорғаны бар, Орталыққа келсең – Қалмақтармен соғысқан Аңырақай шайқасы өткен жер бар, Батысқа барсаң – Алтын Орданың хандары тұрған Сарайшық сияқты қасиетті мекені бар, Оңтүстікке барсаң – Түркістан тұр. Қазақстанда осындай жерлер көп. Дегенмен, Ұлытаудың орны бір бөлек» – деп атап көрсетті.
Мағзұмбек МАШАЙЫҚҰЛЫ.