«Қазпошта» мемлекеттік саясатқа қарсы ма?
Не десек те, Кеңес үкіметінің идеологиясының мықтылығы сол – оразамызды газетпен ашатын едік. Тіпті, үлкен мекеме басшылары, қазіргіше айтқанда әкімдердің үстелінде сағат тоғыздан газеттің жаңа номері жататын.
Бүгінгі жағдай қандай? Газетті халыққа жеткізетін «Қазпошта» дұрыс жұмыс істемейді. Мәселен, мен соңғы рет газетті өткен айдың 10 күні алдым. содан бері бүгінге дейін әлі ала алмай отырмын. Оның алдында Баспасөз күнінде алған едім.
Пошта – Үкіметтің халық үшін атқарып отырған қызметін көрсететін бірден-бір ұйым. Ал, менің ойымша «Қазпошта» байланыс мекемесі Үкіметтің көзқарасына, Үкіметтің ұстанымын, саясатын насихаттауға қарсы. Тіпті, Үкіметке қарсы.
«Орталық Қазақстан» газеті – Президент саясатын насихаттаудан бастап, облыста атқарылып жатқан істерді, жағымды-жағымсыз жаңалықты жедел жеткізетін бірден-бір басылым. Ал, байланыс қызметінің жұмысының салғырттығынан қарапайым халық облыста атқарылып жатқан жұмыстарды, әкімнің жасап жатқан шаруаларын біле алмай отыр.
Біз «Облыста ештеңе жасалмайды. Жасалған күнде де байланыс мекемесі облыстағы игі істерге қарсы» деген ойдамыз.
30 жыл Шет ауданының байланыс мекемесін басқарған Мейрамбек Балтин деген азаматты танимын. Өзі байланыс қызметінің ардагері. Газет жетпей қалғанда соның өзі: «Қаске, баяғыда бір үйге газеттің бір номері жетпей қалса, аудандық партия комитеті тұрғызып қойып, жауап алатын еді. Байланыс мекемесінен жауапкершілікті сұрайтын құзырлы орган бар ма?» деп қынжылады.
Ақшаны алудай алғанымен, қоғамға қарсы жұмыс істеп, халықтың жаңалықпен танысуына мүмкіндік жасағысы келмей отырған мекемеге сөзі өтетін кім бар?! Сонау сұрапыл соғыс жылдарының өзінде халыққа хат-хабар келіп тұрды.
Қарағандының басында отырып, газет ала алмай отырғанда, ауылдың жағдайын жылы жауып қойса да болады. Барса айына бір рет барар, бармаса ол да жоқ.
Өзім газет оқығанды жақсы көремін. Осы байланыс қызметінің жұмысы салдарынан журналистердің көтерген проблемасын әбден ескіріп кеткенде оқимыз.
«Қазпоштаның» жұмысын тексеру керек немесе қозғау салу керек. Оқырман ретінде құзырлы органдар осы мәселемен шұғылданса деген ойым бар. Баспасөз – ағартушы, халықты жаңалыққа кенелтуші сала.
Баспасөз билік пен бұқара арасындағы алтын көпір, байланыс емес пе?! Біз осы байланысқа зәруміз.
Газеттің 8 бетінде бүкіл облыстың жаңалығы тұр. Оқимыз, түсінеміз, ой қорытамыз. Жақсылығына қосыламыз, жаман болса, қоса дабыл көтереміз. Осыған зәру болып қалдық. Халық жазылудай жазылады, бірақ газет алмайды. Газет тиражының төмендеп кетуінің бірден бір себебі – осы.
Оқырман ретінде осы жанайқайымыз облыс әкіміне жетсе деген тілегіміз бар!
Қасым ОРЫНБЕТОВ,
ардагер журналист