Руханият

Қази ақын – халық ақыны

Қази Сәулебайұлы (1894-1985 жылдары аралығында өмір сүріп, 90 жастан асып қайтыс болған). Руы Арғын-Қаракесек-Бошан-Кәрсөн-Аралбай-Көшекбай-Жайық-Сауытбай-Сәулебай-Қази.  

Біздің ата қонысымыз – Тасарал ауылы, Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында, Балқаш қаласының оңтүстік-шығыс бағытында 113 шақырым, ал, Сарышаған станциясының шығыс бағытында 41 шақырым жерде, қасиетті Балқаш көлінің солтүстік жағалауында орналасқан құтты елдімекен. Сондықтан, Тасаралдың аласапыран мен ашаршылық  кездерінде, елін аман сақтаудағы орны ерекше. Сол қиын-қыстау кезде, дәлірек айтсақ 1929 жылы ұйымдастырылған балық артелінен, кейіннен елдегі азаматтардың ортаға соңғы мал-мүліктерін салып, ұжым (колхоз) құрғаннан бастап, Қызыл (Кеңес) империяның қылышынан қаны тамып тұрған уақытының өзінде де, өзінің дербестігін сақтап қалған, еліміздегі бірден-бір ірі шаруашылық болатын. Қази ақын да осы жерде, 1946 жылы Мойынты-Шу теміржолы ашылғанша өмір сүрген. Ал, өмірінің соңына дейін Мойынты ауылында тұрған.

Ал, енді Аралбай бабамыздың үшінші баласы Көшекбай атамыздың ұрпақтарының өсіп-өну тарихы туралы шолып өтейін.  Көшекбай атамыз, шамамен XVIII ғасырда өмір сүрген және атамыздың өзі де, артына ерген ұрпақтары да, қазақ еліне белгілі, жаужүрек батыры болған тұлғалар.

Қази ақын, 

Көрнекті қазақ қаламгері, айтулы сөз зергері Софы Сматаев ағамыз өзінің «Елім-ай» тарихи трилогиясында, бабамыз Көшекбайдың қазақтың һас батыры ретіндегі беделін былай суреттейді «… Бұл – ең жауапты кез. Осы жауапты сәтті Бөгенбай сардар Қаракесек жітіттеріне сенім артып, жүктеп: «Бөгет жасамаңдар. Өзгелерің араласпаңдар да, килікпеңдер.  Жолды ашыңдар! Жолды!», – деп, зор дауысымен, басқа сарбаздарға бұйрық беріп тұр.

Енді міне, Қарашор Сеңкібай, Сарым Құлық ақсақалдың баласы Жалаңтөс, Әлтеке Жидебай, Аралбай ақкесінің үшінші  ұлы  – Көшекбай, ағалары Қанды қарақша, Орынбайлармен тізе қағысып, сонау көз ұшынан құйындатып жақындап келе жатқан қалың шоғырды көргенде  жүрегі аттай тулап қоя берді…».

Аңыз-әңгімелерде, мұрағат құжаттарында да Татан атамыз  би, ал, Жайық батыр болған. Қаракесек-Кәрсөн елінің атышулы тұлғалары. Кезінде қазақ еліндегі атақты байлардың бірі. Ұрпақтары да ел басқарып, айтулы би-батырлар, әрі жауырыны жерге тимеген балуандар болған.

Карағанды облысы, Шет ауданы Киік станциясынан 10-15 шақырым жерде, «Татанның Ақбұлағы», «Татанның күзегі», «Татанның  қыстағы» деген жерлер бар. Ағайынды екі бабамыздың  зираты да, сол Үлкен Бұлақ (Киік ауылы) деген  жерде. 2010 жылы екі бабамның көктасын орнаттым. Халықтың арасында, бұл қорым киелі болып саналады. Бабаларымыз XVIII ғасырдың басында туып, XIX ғасырдың ортасында қайтыс болған.

Еліміздің Орталық  Мемлекеттік Мұрағатынан табылған асыл қазына – тарихи деректеріне көз салайық. (ЦКА РК. Фонд 338. опись 1, дело 539). Онда Қарқаралы дуанында 1831 жылдары кандай болыстар болғандығы, оларды кімдердің басқарғаны, сол замандағы қыстаулары мен жайлауларының  аты-жөні келтірілген. Атап айтқанда, сол заманда  «Кәрсөн-Керней елі бір болыс болған» және «Кәрсөн-Керней болысы», деп аталған. Патша өкілдері, Қарқаралы  қаласында бірінші рет өткен 1824 жылгы 14 шілдедегі халық сайлауында, Кәрсөн-Керней болысында болыс болып сайланған (волостной управитель) Ғазин Құдайменде төре.

Архив деректерінде, халық арасында зор беделге ие болған, өңірдің белгілі шынжыр балақ, шұбар төс, басшы  би-манаптары: Жайық Көшекбаев,  Қара Бәйтіков,  Торғауыт Маркин,  Төлебай Байсарин, Байсейіт Қырбасов, Аққошқар Ақеділов, Арпабай Иребаев, Арыслан Кенжеғарин, Сағымбек Бошанов, Саурбай Шағатаев, Байарыстан Абенев, Қожас Елшібековтер деп көрсетілген.

Жас кезімізде ауылдың көнекөз, небір шежіреші аксақалдары жиналып, әңгіме-дүкен құрғанда,  өткен тарихымызды   жыр   қылып   айтып   отыратын. Сонда ақсақалдардың айтып отыратын, аңыз-әңгімелері, бізге құдды бір ертегідей көрінетін. Енді қазір, мұрағат құжаттарына қарасақ, сол ақсақалдардың айтып кеткен сөздерінде  бірде-бір  қателігі, өтірігі  жоқ.  

Қази атамыз елімізге белгілі ақын, жыршы, әрі шежіреші. Медреседе білім алған, жан-жақты, терең ілімді, діндар адам болған. Бес атаға жастайынан «Ақын бала» деген белгілі атақтың иесі, әрі жауырыны жерге тимеген балуан. Қази ақын қонақжай адам болған. Қысы-жазы ағылып, айлап-апталап жататын ақын-жазушыларға ақ дастарханын жайып, қойын сойып, қымызын құйып жақсылап күтеді екен.

Өзі шығарған бірнеше өлеңдері, жырлары және жоқтаулары бар. Сарыарқаның саңлақтары мен белгілі адамдары туралы жазылған бірнеше тарихи романдар мен еңбектер осы Қази атамыздың деректері бойынша жазылған. Одан басқа, елімізге белгілі, ауыз әдебиетінің бірнеше ақын-жыршыларының еңбектері де Қази атамыздан жазылып алынып, қазір бізге дейін жетіп отыр. Атап айтқанда, классик жазушылар: Ілияс Есенберлин, Сапарғали Бегалин, Балтабай Адамбаев, Жүсіп Алтайбаевтар. Сарыарқаның жазушылары: Кәмел Жүністегі, Төрехан Майбас, Есенаман Орынбековтер айлап-апталап жатып, Қази атамыздан құнды тарихи мағлұматтар жазып әкеткен.  

Тіпті, дәулескер күйші Дәулетбек ағамыз, Қази әкеміздің баласы Тілештің айтулары бойынша, жазушы Кәмел Жүністегі Қази атамызға 7-8 жыл бойы үздіксіз келіп, атамыздан бірнеше жыр-дастан, елімізден шыққан тарихи тұлғалардың бастарынан өткен әңгімелерін жазып әкеткен.

1987 жылы М.Әуезов атындағы әдебиет және өнер институтының жарыққа шығарған «Шешендік сөздер» деген кітабында, елімізге белгілі өнер зерттеушісі профессор, жазушы Балтабай Адамбаевтың дайындаған 1-11 томында Қази әкеміздің 3 өлеңі және бірнеше  әңгімелері берілген.

Біздің жас кезімізде, Қази әкеміз жақын туыс ретінде біздің үйге жиі қонақ болатын. Келген бойда, ауылдың атқамінерлерін шақырып алып, күндіз-түні жыр-шежіре айтатын. Ол кісінің әңгіме айтуда өзіндік мәнері бар еді. Әңгіме айтып отырып: «Е, ее деп қойсаңдаршы!» – деп сөзін қостатып, отырысты қыздырып отыратын. Қасындағылары: «Е, ее, ой Қазеке!» – дегенде, арнасы ағытылған бұлақтай тасып жөнелуші еді, жарықтық. Осыдан кейін, ауыл атқамінерлері, бірінен кейін бірі, үйлеріне шақырып, әңгіме-жыр айтқызатын. Осылай ауылда апталап, айлап жыр-шежіре төгетін. 

Иә, Қази атамыз бұрынғы сал-серілердің жалғасы, өмірінде қара жұмыс істемеген, несібесі халықтың үстінде болып, халқымыз өмір бойы еркелетіп, алақанына ұстап өткен ерекше адам. Өзі әңгімешіл, отырған жері ойын-күлкі, кішігірім театр болатын. Тіпті, 1926 жылы сол кездегі астанамыз – Қызылордаға театрға да шақырған.  Бірақ отбасы жағдайымен бара алмаған екен.

Қази ақынды Кеңес Одағының 50 жылдық мерекесіне байланысты  Балқаш қаласында өткен мерейтойға шақырғанда шығарған шумақтары:

Иә, көпшілік, Сіздерге айтар мына сөзім,
Ұлғайған, 76 менің өзім.
Ардақты 50 жылды көргеннен соң,
Сөйлейтін 1-2 ауыз келді кезім.

Иә, көпшілік, құтты болсын мына тойың,
Балқаштың қаласында болды-ау ойын.
Ардақты 50 жылды көргеннен соң,
Азырақ ән салайын бұрып мойын.

Қарағым, айналайын Үкіметім,
Болмады-ау елге бөлек ниетің.
Астында қызыл тудың қызғалдақтай,
Қарсы алды қуанышпен әлеуметің…

Қази ақынның тағы бір қасиеті, бет-жүзің бар, бай-бағлан, басшы-қосшы демей шындықты қаймықпай айтатыны. Әсіресе, басшы қызметкерлер, ақынның қаһарына ілігіп қалмайық деп қаймығып жүреді екен.

Бір үлкен жиында Балқаштың игі жақсылары Қази ақынға жыр-дастан айт деп қолқа салып, біздің елдің бір батыры туралы жыр бастағанда, Смахан төре: «Барымташыны батыр деп несіне мақтап отырсың»  – деп айтып қалыпты. Осы кезде Қази ақын орнынан атып тұрған бойда, анау арғы жағы Шыңғысханнан бастап, бергісі Кенесары ханға дейін ұзақ жырлап келіп: «Әй, Смахан төре, сендердің төрге отырғандарың қазақтың арқасында, сендердің араларыңда болған тақ таластарыңда қазақ не көрмеді, қазақтан не жамандық көрдің? Елім үшін жан пида деп, еңіреп өткен ерен ерімізді, сен төре не бетіңмен ғайбаттап отырсың?!» – деп ұзақ жырлап, дауыс салып, өкіріп жылап жібергенде, қалың ел дүрлігіп, өре түрегеліпті. Мұндайды күтпеген Смахан төре сасып қалып: «Ой, Қазеке, кешір, менен ағаттық кетті, кешір, менен ағаттық кетті!»  – деп қайталай беріпті. Осы дауға игі жақсылар араласып, Қазекең мен жұртқа басу айтып, Смахан төре Қазекеңе ат-шапан айыбын төлеп, бітісіпті. «Аңдамай сөйлеген, ауырмай өледі» деген осылай болады.

Қазекең ауылға келе жатқанда барлық үйлер, әсіресе, әйелдер жағы  аласапыранға түсіп, үй айнала тазалыққа кірісіп, үсті-бастарын жөндей бастайды. Себебі ол кісі үй-үйді аралап, көргендерін өлеңге қосып, сынап, жақсы-жаманын ашық айтып, аяқ астынан өлең шығарып жібереді екен. Енді бұған ақылмен қарасақ, керемет тәрбиелік мәні бар өнегелі іс-шара екен-ау!

Қиса Қоқымбаевтың колхоз басшысы болып тұрғанда заңдастырылған Балқаш көлінің оңтүстік жағалауында орналасқан Алматы облысына қарасты: Ахмет суаты, Қосағаш, Бозарал, Наурызбай, Сарытұмсық, Майтан балық аулау учаскелері  және Наурызбай балық қабылдау пункті болды. Негізінде ол жер Жалайыр елінің ата-қонысы. 1956-1986 жылдары Ахмет суатында балықшыларға арналған 4 үй және монша салынды, Тасаралмен байланыс жасайтын рация және радиоқабылдағыш жұмыс істеп тұрды. Өкінішке орай, ұжымның кейінгі басшылары ол жерден айырылып қалды.

Ақынның ұрпақтары

Бір жылы колхоз басшылары Қази атамызға қолқа салып, сол жерде орналасқан Тасаралдың балықшылар бригадасының  тілектері бойынша:  «Жыр-дастан айтып, көңілдерін көтеріп келіңіз», – деп жібереді. Ол кезде балықшылар қосында не телевизор, не радио жоқ заман. Балықшылар Қази атамыз келгенде, жыр-дастан, тарихи әңгімелерді ризашылықпен тыңдап, бір көңілденіп қалады екен.

Қыстың күні Балқаш көлінің арғы қабағына мұздың үстімен өтеді. Жолда боран болып адасып, түнге қарай, судың жағасында жалғыз тұрған бейтаныс үйге келіп түседі. Үй иелері, жолдан шаршап келген құдайы қонақтарға жылы қабақ танытпай, қонақасын да бермей, олар аштан-аш жата кетеді.

Таңертең де аман-саулық сұрамай, шай да қайнатпай: «Айран ішіңдер», – деп  бір-бір кесе шалап құйып береді. Қазекең кесені қолына ұстап тұрып: «Бізбен ешкім амандасатын түрі жоқ. Ең құрымаса мына келіп тұрған ақпен амандасайық!» – деп, бар дауысымен:  

Ассалаумағалейкум, Айран,
Келіп тұрсың қайдан?
Таң атпай әйелдермен ұрысып,
Айырылыпсың бір алақан майдан.
Болса да қайнаған шай да жоқ,
Ішемін ғой, ас боламысың,
Болмаймысың қайдам?! – деп жырлап жіберіпті.

Осы кезде үйдің екінші бөлмесінде жатқан үйдің иесі, апыл-ғұпыл орнынан атып тұрып: «Айналайын аға, бізден бір ағаттық кетті, ат-шапан айыбы бізден, енді басқа ел бұны естімесін», – деп, бір қойын сойып, жақсылап күтіп, шығарып салыпты. «Отыз екі тістен шыққан сөз, отыз рулы елге тарайды» дегендей, сөз жата ма, бұл  ел арасына тез тарап кетіпті.

1958 жылы біздің елден шыққан белгілі күйші Әбікен Хасенов қайтыс болғанда, Алматыға  Қази әкеміз барып жоқтау айтады. Алматының сол кездегі зиялы қауымы  – Шәкен Айманов, Қалибек Қуанышбаев, Серке Қожамқұлов, Жүсіпбек Елебеков, Сыдық Мұхамеджанов сияқты белгілі адамдары Қази әкеміздің жыр-шежіре өнеріне тәнті болып: «Нағыз тума талант, өнер адамы ауылды жүр екен ғой!»  – деп  бір ай бойы қонақ  етіп, әбден мәпелеген екен.

1963-1964 жылдары «Социалистік Қарағанды» газетінде «Халық ақыны  – Қази» деген суреті басылған үлкен мақала  жарияланған. Сол мақаладағы ақынның бір шумақ үзіндісі:

Әуеде бұлт бар,
Ауруда үміт бар.
Алыспенен-қысқаны,
Жақсы білер әр нұсқаны.
Иттің бәрі тазы болмас,
Еттің бәрі қазы болмас.
Жаман пиғыл пасық адам,
Халық билеп, қазы болмас…

1929 жылдары НКВД-нің адамдары ашық соғысқа күштері жетпей, «Даланың көкжалы», «Сарыарқаның Робин Гуды» атанған Боранқұл батырды у беріп өлтірген дейді және Боранқұл қайтыс болғанда, Әлтеке Тәшен ақын қазақтың сол кездегі игі жақсыларының тілегімен ағасы Райымқұл болысқа көңіл білдірген жоқтауын да бізге жеткізген Қази ақын.

Өкініштісі, ол кісінің мол мұрасынан, ұрпақтарының қолында ешқандай да еңбектері сақталмапты. Бірақ, бір ақиқат – Қази ақынның есімі елінің жадында мәңгі сақталмақ. Міне, ата-бабаларымыздың аруағы қолдап, 2024 жылғы 1 қыркүйегінде  Перу  мемлекетінің Лима қаласында өткен 48 мемлекеттен 400 спортшысы қатысқан дзюдодан жасөспірімдер (16-17 жас) арасындағы Әлем чемпионатында Қази ақынның қызы Тілеужан апамыздың немересі – Санжар  жеңімпаз атанды.

Жаңа Қазақстан, Әділетті ел құру мақсатында, заман талабына сай,  облыс орталығы Қарағанды қаласының көшелерінің аттарына тарихи тұлғалардың аттарын беру үрдісі басталған екен.

Осыған орай Қази акынның құрметіне, Шет ауданының немесе Қарағанды қаласының бір орталық көшесінің атын беру лайықты деп санаймыз және бұл бастаманы облыс, қала-аудан басшылары, облыстың зиялы қауымы қолдайтынына сенім білдіремін!

Жұмағұл ШӨЖЕНОВ,
Қазақстан Республикасының Құрметті азаматы,
өлкетанушы.

Суреттер автордан.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button