Рухани жаңғыруТұлға

Қажыбай қажы

Адамның бойындағы өз сенім-нанымына деген рух қайнарының түпсіз терең құпиясы ашылып болған емес. Болмас та. Кешегі кеңестік солақай саясаттың дін мен ділден, тіл мен тіннен айырған шағы да олай ете алмады. Жүрегіндегі ең ыстық сезім – Ұлы Жаратушының бар екеніне сенуден, танудан тайынбау қаншалықты қиын соққанмен, сағы сынбаған жандар болмай қалмаған. Алла Тағала алдында ой дүниесі тазалығын аялап, ғұмырын шариғат жолына ғибадат жасауға бағыштап, имандылыққа ілтипатты жамағат кеудесіне шынайы мұсылмандық ақидасын сеуіп өтуші Қажыбай қажы Мәндібайұлы – осындай киелі кісі еді.

Қасиетті Құран Кәрім Кітабы 4-сүренің 36-аятында «Алла Тағалаға құлшылық қылыңдар. Оған еш нәрсені артық қоспаңдар және әке-шешеге, жақындарға, жетімдерге, мүскіндерге, жақын көршіге, бөгде көршіге, жан жолдасқа, жолда қалғандарға және қол астындағыларға жақсылық қылыңдар! Негізінен, Алла тәкәппар, мақтаншақты жақсы көрмейді» деп көрсеткен, талап еткен қағидатты берік ұстанып, терең мағынасын уағыздап өткен бұл адамның мақсатқа табандылығы мен қайсарлығы қайран қалдырады. Әміршіл-әкімшіл өктемдік кезінде дінге тосқауылға иісі мұсылман қауымы қабырғасын қайыстырмаған жан тұрғысында есте сақталады.

Пайғамбар хадисінде «Мінез Жаратқан Иеден, тағдыр – пенденің өзінен» деген тәмсіл бар. Алла қаласа пендесінің тағдырын өзгертуі мүмкін екені айтылады да. Жаратылысынан ақ жолға беріктігі арқасында Ұлы Жаратушының шапағаты тиіп, пайғамбар жасында Қарағанды облысының бас имамы болуы маңдайына жазуын соның нышаны деуге болады.

Қажыбай қажы 1896 жылы Шерубай-Нұра мен Есен өзендері аралығындағы бабасы Жолболдының ата-қонысында дүниеге келген. С.Сейфуллиннің 1916 жылы қазақтардың патша өкіметіне қарсы көтерілісінде Ақмоладан шығып, Нұраның бойындағы ел жағдайын білуінде «Тар жол, тайғақ кешу» кітабында «Ең шеткі поселкеден шеткі қазақ аулына мені орыс Жәмшігі әрең апарды. Апарып, тез түсіріп қайтты. Бұл ауыл – біздің Тоқа деген елдің Жолболды деген аулы. Маған жақын ауыл еді… Мен Көпбай отағасының үйіне кіріп отырдым. Ағайын болған соң және алыс жерден келе жатқан соң, мені күтті. Қаланың хал-жайын сұрады» деп жазып өтетін жері осы жақ.

Мұсылманшылдыққа, діни ағартушылыққа, рухани біліктілікке деген құштарлық әкесі Мәндібай мен шешесі Гүлсімнен дарығанын айтып отыратынын төрт баласының кенжесі, медицина ғылымдарының кандидаты, доцент Малина Қажыбайқызы былайша еске алады. «Әжеміз оңтүстік аймаққа танымал дін уағыздаушы Кенже қалпенің қызы екен. Ескіше оқып, тәрбиесін санасына сіңіріп өскен, араб, парсы тілдеріне жетік анасы баласына да үйретіпті. Жарымен бірге хақ дін жолын ұстанған атамыз Меккеге қажылыққа барған адам. Әкемді 7 жасынан-ақ Ақмоладағы татар медресесіне оқуға беріпті» дейді.

Оны бітіріп, ауылда шешесі ашқан мектепте дәріс берген, орысшаға да жүйрік жас жігіт одан соң ауылдық кеңестің, колхоздың төрағасы, азық-түлік комбинатының директоры, Нұра аудандық атқару комитеті кадрлар бөлімінің меңгерушісі, Мемлекеттік банк қызметкері болады. Кеңестік жүйенің дүрілдеп тұрған, дінге қабағы қырыс кезіне қарамастан мұсылмандық парызға беріктігін, діни білімдарлығын білетін мүдделес адамдар Балақажы дүниеден өткенде имам болуға өтініш қылады. Алла Тағаланың қалауымен жасалған тілеулес жандар тілегі қабыл алынады. Өмірінің соңына, сексен жасқа дейін 20 жыл Қарағанды мешітінің аймақтың бас имамы болды. Абыз қажы әулиедей қадыр тұтылып өтті.

Мұхамед /с.ғ.с/ пайғамбардың «дінді жеңіл жеткізіңдер, қиындатпаңдар» деген хадисіне орай дін-ислам жөніндегі негізгі таным-түсініктерді жамағат көңіліне қонымды қондыру үшін діни ережелерді, ораза, айт кестелерін жер-жердегі діндарларға «Мүбәрак қолдарыңызбен таратыңыздар, халықты дін жолына шақырыңыздар» деп хаттар жазып, жіберіп отырған.

Қажыбай қажы өміріндегі ең қасиетті оқиға, әр мұсылманның асыл арманы – 1961 жылы Меккеге қажылыққа барады. Ойға жиған-тергенін өлең сөзбен бірге қара сөзбен де өрнектей білген қаламгерлік қабілетін сол сапардан жазған естелігі анық аңғартады. Соған төмендегі үзінділер айғақ.

«…Барлық адам баласының түпкі атасы Адам ғалейһи-с-саламнан бастап, Алла Тағала қанша пайғамбар жіберсе, сол пайғамбарлардың өмір сүріп, халықты Ислам дініне шақырған, тарихи орындап, Аллаға намаз оқып, құлшылық істеудің тарихи орыны болғандықтан және мүмкіндік те болып, шамасы келген адамға Қағбатоллаға бір қабат барып, оны қажы күнінде тауаф етіп, жеті қабат айналу фарыз болғандықтан, бірнеше жылдан бері қарай баруға құмар болып жүруші едім. Сол талаппенен үстіміздегі жылы, 1961-ші жылы, януар айында Мүфти хазіретке – Қазақстан қазиына арыз бердім. Сол берген арызым қабылданып, 11 май күні Қази Ғылманұлынан «14 майда Мәскеуде болыңыз, қажыға барасыз» деген телеграмма келді.

…Бізді автобуспен Меккеге алып жүрді. Қажылардың «ләббайка-ләббайка» деген әдеттегі айтуға тиіс болған дауыстап айтатын дұғалардың дауыстары көкке шығады. Көздерінен жастары ағып, Қағбатолаға шын жүректен, махаббатпен келе жатқан адамдар.

… Майдың 22-сі. Зулхижжа айының 8-і тәрдие, яғни шек күні таңертең тұрған соң, күн көтерілген соң Қағботалланы тауаф етіп, айналуға келдік… Аллаға сыйынып, тауаф етіп жүре бастадық. Екі сағат шамасында жеті қабат айналып та болдық. Мақам Ибраһим да екі рәкаат намаз оқып, Алладан тілек тіледік. Дүниеден қайтыс болған адамдарға, тірілерге Алла үшін достары, барлық арғы аталарымыздан тараған адамдарға дұға жасадық…» (қолжазбаларды қадымша жазудан аударған – Шабанбай би ауылының имамы Айдаржан Қасенов). Бұдан соң пайғамбарлар мен әулие-әмбиелердің зиратына зиярат ету, қажылық рәсімдерді орындау, тұрғылықты халық әдет-ғұрпын таныстыру баяндалады.

Мекке мен Мәдинада болуы кезінде Мәскеу қаласы, Орта Азия, Қазақстан, Татарстан муфтилері құрамында Сауд Арабиясының королі Сауд бин Абдулазиз қабылдауында болады. Екі жақты арадағы әңгімені араб тілінен орысшаға, орысшадан араб тіліне қолма-қол тәржімелеп, кездесуге қатысушыларды риза қылады.

Ал Қажыбай Мәндібайұлының ғұламалық қыры, ғылым жолындағы ізденістері арнаулы зерттеуді қажет ететін тақырып. Данышпан ғалым әл-Фараби еңбектерін оқып, зерделеп қана қоймай қазақшаға аударуға ынта-ықыласының өзінен білімдарлығы дараланып көрінеді. Құран Кәрімде «Алла Тағала хикметті қалаған құлына береді. Ал, кімге білім берілсе, оған көптеген игілік берілген болады. Бұны иелері ғана түсіне алады» /2 –с.269 а./ деп айтылған аят Қажыбай қажыға тура келеді.

Әбу Насыр әл-Фараби қазақ топырағынан өнген дана екенін әлемге әйгілеп танытқан атақты ғалым, академик Ақжан Машанидің Қарағандыға арнайы іздеп келіп, үйінде айлап жатып, араб, парсы, түрік тілдеріндегі шығармаларын бірге талдап, ана тіліне аудару жолдарын ақылдасып-кеңесуі жайдан-жай еместігі анық. Ғұламаның дін-исламға қатысты еңбектерін түпнұсқа тілде оқып, іліміне терең бойлауы баурағаны хақ. Тұлғаларды тұлғалар таниды, бір-бірінің қадірін біледі деген осы. Екеуі хат жазысып тұрған. «Ақыжан інім, хатыңды алдым. Фарабидың қандай тақырыптағы еңбегін аударайын. Қанша уақытта бітірейін» деген хаттары сыйлас, сырлас адамдар болғанын танытады.

Ғұламаның екінің бірі зерделей бермейтін еңбектерін ұғыну, тоқуы – «Жүректің көзі ашылса, хақтықтың түсер сәулесі. Іштегі кірді қашырса, Адамның хикмет кеудесі» дейтін Абай сөзін еске түсіреді. Алладан жіберілген қасиетті Кітап аяттарын жүрек тазалығымен қабылдап, ғылымдардың шырағын жағу құдіретіне ғибадат етіп, ардақтаған ұлы данышпанды қадір тұтуы да осыдан болса керек.

Қабілеті сан қырлы қажы өзінің салиқалы ғұмырында артында біршама әдеби мұра қалдырған қарымды қалам иесі де. Жыр жолдары өмірден көріп түйгендерін кейінгі ұрпаққа өсиет-өнеге еткен ақыл-кеңестен, Алла алдындағы парыз, ғибадат, тәфсар қақындағы қағидаларды қадір етуден тұрады.

Мысалы, мына адамдарды бірінен-бірі айырмай бірдей көрсе, Алла ол адамдарды ахиретте қор қылатындығын ойға салады: Ғалым мен наданды, ақыл иесі мен мен ақылсызды, әулие мен жай адамды, Аллаға берілгендер мен дүниеге берілгендерді, ғалымдарды сөгушілерді, әміріне қарсыларды мәңгілік тозаққа жібереді деп айту арқылы түсіне білген жанға жақсы мен жаманның арасын ажырата білуді еске салады. Бұл Аллаға жағатын қылық еместігін айтады, кесірі түбінде маңдайға тимей қоймайтындығын аңдатады.

Өмірдің аты өмір, бір қалыпта тұрмайды. Бұл дүниеде «абул хаятты» яғни, мәңгілік суын ішкен ешкім жоқ дейді бір сөзінде. Сондықтан, осыны еске ұстап, уақыт, ғалымдар қадірін бағалай білуге үндейді.

«Өмірде жалғыз-ақ бар арманым,

Үгітіне ғалымдардың зер салмадым.

Денсаулық нашар болып жас шағымда,

Жоғарылап сатысына ғылым шыға алмадым» деп өкініш білдіруі жастар жадында сақтарлық ой («Өсиет» атты өлеңінен).

Алладан пенделері атынан әрбір істің қайырлысын тілек етіп өтуін аруағы риза, қабыл қылды. Заман түзелді. Жоғарыда аталған естелікті «…Қазақ халқы бұрынғы заманда қараңғы қалып, ғылым-білімге шөлдеген халық екенін еске алып, келешектен қазақ халқы ғылым-білімде мүмкін дүние жүзінде алдыңғы қатарда болар деп сеніп тоқтаймын» деп түйіндеген көрегендігіне бүгінгі өмір куә.

Айқын НЕСІПБАЙ.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button