Поэзия

Азаттық

Уа, Азаттық, нұрсың сен!

Күлтегіннің жазуында тұрсың сен,

Көкбөрінің азуында тұрсың сен!

 

Бәйтеректің бұтағындай  жайқалып,

Самұрықпен самғап көкті   қайталық!

Сені берген Тәңір неткен дәулетті,

Сені көрген халық неткен

бай халық!

 

…Сені көрдім, көрдім

көзімді аштым да,

Өр Алтайда – көк аспанның

астында!

Сарыарқада – сары белдің үстінде,

Көрдім сені!

Көрдім!

Көктен түстің де,

Ғайса құсап, өне-бойың нұрланып,

Айналаңа сәуле төктің бір қанық.

…Ұл да сенен көзін алмай қарады,

Құл да саған қарап тұрды

…ұрланып!

 

Қарап тұрды!

Көкірегі шерменде.

Көксей-көксей көктен түсіп

келген де,

Жаңғырамыз дедік Рухқа айналып,

Жаңғырамыз дедік сені көргенде!

 

Уа, Азаттық, киелім,

Алла өзі бере салған сый едің!

Енесіне ерген құлын секілді,

Еркіндікті елден ерек сүйемін.

Жарам десең, міне, менің жүрегім,

Алам десең, міне, менің сүйегім!

 

Рауан ҚАБИДОЛДИН.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button