Жаңалықтар

Азаттық тағылымы: Абайдың көзімен

Тәуелсіздік күні – мерекелейтін күн. Бірақ бұл күні өз ісімізге есеп беретін де кез. Ұлы Абай өз халқына көбінесе сыни көзбен қарағаны белгілі. Біз де келер ұрпақ алдында еңсесі биік ел қалдыру үшін жетістігімізге мастанбай, ісімізге сыни көзбен қарай білгеніміз де жөн.

Ұлы Абай он бесінші қара сөзінде: «Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәртебе, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір, өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күнінде өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ, болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» дейді.

Сурет: автордікі

Біз өз алдымызға келесі сауалдарды қойғанымыз жөн шығар. Осы жылдарда біз қандай жетістіктерге жеттік? Қандай кемшіліктеріміз болды? Мемлекеттігімізді нығайта түсу үшін тағы не істейміз? Келер ұрпаққа қандай елді аманаттаймыз? Жауабы қиын, бірақ өте маңызды сұрақтар.

Біз енді ішкі және сыртқы саясатымызды дербес жүргізе алатын мемлекетке айналдық. Біздің ұрпақ егеменді елде тұрып жатыр. Тәуелсіздік қандай бақыт! Ол бақытқа қолы жетпей жүрген халықтар қаншама…

«Адам баласына адам баласының бәрі – дос» деп Абай айтқандай, біз достық ниетімізді бүкіл әлемге паш еттік. Сол ниеттің көрінісі ретінде әлемде алғашқылардың бірі болып, ядролық қарудан бас тарттық. Біздің елді қорғай алатын өз әскеріміз қалыптасты.

Дүниенің түпкір-түпкіріне тараған қандастарымыз елімізге орала бастады. 1992 жылы Дүниежүзі қазақтарының құрылтайын өткіздік. ­1 миллионнан астам бауырларымыз елге оралды.

Сондықтан, аса ауыр дағдарыс жағдайындағы басты міндет қаржы және кредит жүйелерін тұрақтандыруға, өндіріс деңгейінің төмендеу қарқынын бәсеңдетуге мүмкіндік беретін тиімді нарықтық тетіктерді біртіндеп құру болды. Экономикалық реформаның негізгі бағыты экономикалық қатынастарды ырықтандыру, жекешелендіру негізінде меншік нысандарын өзгерту, кәсіпкерлікті дамыту, шетелдік инвестицияларды кеңінен тарту еді.

Әрине, қазір жағдай түзелді. Еліміздегі өндірісімізді дамытуға шетелдерден 370 млрд. доллардан артық қаражат тарттық. Экономика еңсесін түзеді. Бұл – тынымсыз үлкен еңбектің нәтижесі. Тәуелсіздік жылдары мыңдаған жаңа кәсіп­орындар ашылды. Онда еңбек ететін өзіміздің бауырларымыз.

«Тегінде адам баласы адам баласынан ақыл, ғылым, ар, мінез деген нәрседен басқамен оздым ғой демектің бәрі бекер» деп Абай айтқан сөздер қазіргі заманда айнымай келді. Біздің жастардың қазіргі кезде білімге құштарлығы зор. Сіз армандаған білім балаларға қол жетімді болды. Еліміздегі 7 мыңнан астам мектепте 3,9 млн. астам оқушы білім алады. Колледж бен жоғары оқу орнында 1 млн. астам студент әртүрлі мамандықты игеруде. «Адамның адамгершілігі жақсы ұстаздан болады» деп, айтқаныңыз­дай ұстаздың мәртебесін көтеру үшін біраз жұмыс атқарылуда.

«Ғылым таппай мақтанба» деген ұстанымды берік ұстаған 20 мыңнан астам адам ғылым саласында қызмет етеді. Тәуелсіздіктің арқасында шетелдік беделді оқу орындарында жастарымыздың білім алуына жол ашылды. Оған «Болашақ» бағдарламасы мүмкіндік берген еді. 1993-2023 жылдар аралығында 13 мыңнан астам азамат шетелде білім алып елімізді дамытуға үлес қосуда.

Қол жеткізген мол жетістіктерімізді шексіз тізбектей беруге болады әрине. Бірақ Абай қазаққа сыни қатал көзбен қарағаны белгілі. Бұл кейде қаттылау болатын сыни ойдан ұлтыма болсын деген ішкі жанашырлықты айтпай ұғынамыз. Біздің қазіргі қоғам ғұлама айтқан ұнамсыз мінезден, істен арыла алды ма? Көп нәрседе ұлы бабамыздың алдында бет қызаратындай…

Тәуелсіздік деп атойлағанымызбен шын мағынасындағы тәуелсіздікке қол жеткіздік пе? Экономиканың әлі де оңай табылатын шикізатқа тәуелді болуы, отандық тауарға қарағанда шетелдік тауардың басым болуы әлі де көп жұмыс істеуімізді талап етеді.

Абайдың қара сөздеріне көз жүгірте отырып, бүгінгі қоғамды бағаласақ көп нәрсенің өзгере қоймағанын мойындауға тура келеді.

Не істеу керек бізге? Абайша айтатын болсақ, еңбек етіп, ғылым тауып, өнер үйрену. Басқа жол жоқ. Қазіргі заман өзімізге ғана сенетін заман.

Негізі әр нәрсенің реті, орны болады. Реттілік бұзылса ол бәрібір шығады. Дұрыс басқарылмаса тәртіпсіздік туындайды. Білім қумасақ, надан боламыз. Ғылым таппасақ, артта қаламыз. Еңбек етпесек, аштан қатамыз. Жалқау болсақ, кедей боламыз. Жемқорлық мемлекетті құлдырауға алып келеді. Денсаулықты күтпесек, сырқат боламыз. Әр нәрсенің сұрауы бар.

Той тойласақ орнымен болсын. Дарақылық пен ысырапшылдықтың емес, шын қуаныштың тойы болу керек. Мақтасақ жағыну үшін емес, бағалау үшін мақтайық. Шаруа істесек атақ үшін емес, нақты пайда үшін істейік. Білім алсақ сан емес, сапа үшін алайық.

Абай арманы – халық арманы. Халық арманы мен аманатын орындау жолында аянбағанымыз абзал». Бұл сөздерге қосып алары жоқ. Тәуелсіздігіміз баянды болсын.

ЕлдосЖҰМАҒҰЛОВ,
саясаттанушы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button