Азаматтық қоғам – Алаш мұраты
Жуырда Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығында дәстүрлі Назарбаев оқулары аясында «Қоғамға есеп беретін ашық мемлекет құру – Қазақстанда азаматтық қоғам орнатудың негізі» тақырыбында семинар ұйымдастырылды.
Шараның басты мақсаты – Елбасының «5 институционалды реформаларды жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын және мемлекет басшысының «Ұлт жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласындағы тапсырмаларды орындау бойынша жергілікті мемлекеттік органдарының жұмыстарын көпшілікке жеткізу.
Семинарға Теміртау қаласының қоғамдық Кеңесі, халыққа қызмет көрсету орталығы, қалалық прокуратура мен сот өкілдері, №55524 әскери бөлімінің қызметкерлері, колледж директорларының орынбасарлары, тарих пәні оқытушылары мен студенттер қатысты.
Шара барысында мемлекет басшысының «5 институционалды реформаларды жүзеге асыру бойынша «100 нақты қадам» Ұлт жоспары туралы бейнебаян көрсетілді. Теміртау қаласы қоғамдық Кеңесі төрағасының орынбасары Валерий Карлаш «Ашық мемлекет құрудағы қоғамдық Кеңестердің рөлі», «Халыққа қызмет көрсету орталығы» департаментінің Теміртау қаласындағы №1 бөлімінің басшысы Светлана Ақтөреева «Халыққа қызмет көрсетуді жетілдіру – азаматтарға арналған үкіметтің негізгі мақсаты», Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының ғылыми қызметкері Андрей Каваев «Бұқаралық ақпарат құралдарын дамыту – азаматтық қоғам орнатудың кепілі» тақырыбында баяндамалар жасады.
Шараға қатысушылар баяндамашыларға өздерін толғандырған сауалдарын жолдап, пікірлерімен бөлісті. Семинар соңында «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын насихаттауға өз үлесін қосып, келелі кеңеске белсене қатысқандарға Тұңғыш Президенттің тарихи-мәдени орталығының Алғыс хаттары тапсырылды.
Өз тілшімізден.
ТЕМІРТАУ қаласы.